Намазда қанша рәкәғат оқығанын шатасқан адам не істейді?

Бұл мәселені үш жағдайда қарастыруға болады:

1. Намаз оқығанда сирек шатасатын кісі намазда қанша рәкәғат оқығандығын білмесе, намазын қайта оқығаны жақсы.  Сахаба Абдулла ибн Омар: «Егер мен қанша рәкәғат оқығанымды білмейтін болсам, намазымды қайта оқимын»,[1] - деген.

2. Намазда қанша рәкәғат оқығаны жайында жиі шатасатын кісі:  егер намаз оқып тұрып «мынанша рәкәғат оқыдым» деген ойы басым болса, өзі іштей тоқтамға келген рәкәғаты бойынша намазын тәмәмдайды да, артынан сәһу сәждесін орындайды. Мысалы, таң намазын оқу барысында «екі рәкәғат оқыдым ба, әлде бір рәкәғат оқыдым ба» деп күмәнданып,  артынша   бір рәкәғат оқығаны басым түсіп, іштей сол тоқтамға келсе, екінші рәкәғатын оқып, соңында сәһу сәждесін жасайды. Ардақты Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің бір хадисінде:«...Кімде-кім, намазында күмәнға түссе,  ең дұрыс дегеніне тоқтасын (фәл-ятахарра әс-сауабә), сосын соны негізге ала отырып, намазын тәмәмдасын. Артынан сәлем беріп, екі сәжде жасасын»[2]- деген.

3. Намазда қанша рәкәғат оқығаны жайында жиі шатасатын кісі: нешінші рәкәғат екенін таңдай алмай қиналса, ол кісі - азын таңдайды. Бірақ бұл кісі әр рәкәғатына тәшәһһуд отырысына отыруы керек[3]. Себебі, бірінші деп отырған рәкәғаты екінші, ал үшінші рәкәғат деп санағаны төртінші болуы мүмкін.   Мысалы, төрт рәкәғат намаздың бірінші мен екінші рәкәғат арасында күмәнға түскен кісі, бірінші рәкәғатын таңдайды. Төрт рәкәғаттың төртеуінде де тәшәһһуд дұғасына отырады. Намаз соңында сәһу сәждесін жасайды.

Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  өзінің бір хадисінде: «Кімде-кім, намазында бір рәкәғат немесе  екі рәкәғат оқығандығын білмесе, онда - бір рәкәғат оқыдым деп алсын. Егер екі рәкәғат немесе үш рәкәғат оқығандығын білмесе, екі рәкәғат оқыдым деп алсын. Егер де үш рәкәғат немесе төрт рәкәғат оқығандығын білмесе, үш рәкәғат оқыдым деп алсын. Және сәлем бермей тұрып екі сәжде жасасын»[4], - деп бұйырған.


 

[1] Ибн Әби Шәйбә: әл-Мусаннаф
[2] Сахих Бухари – мә жә филь қыблә - №401 хадис.
[3] Әл-Бинәя – 2/630-634 бет.; Бәдәиъ – 1/695-697 бет.; Әл-Ихтияр – 1/252 бет.; Омер Насухи Білмен – Ғылымхал.
[4] Тирмизи: әбуәбус сәһуи– №398 хадис.

Абдусамат Қасым

0 пікір