НАМАЗ ТУРАЛЫ СҰРАҚТЫ ӨЗІҢЕ ҚОЮ – АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ

Біздің уақытымызда көптеген адамдар намазға немқұрайлы қарай бастады, тіпті намаздың не екенін, не үшін оқылатынын білмейтіндер де бар. Кейбіреулер оны мойынға артылған ауыр жүктей көреді. Намаздың маңыздылығы мен артықшылығын ескерте бастасаң, қолының тимейтіндігін, әлі жас екендігін, зейнетке шыққанда оқитындығын айтып сансыз сылтауларды алға тартады. Енді кейбіреулері: «сендердікі дұрыс», «дұрыс айтасың», «оқу керек» деп келісе кетеді. Алайда жанынан кетісімен, насихат сөздеріңді ұмыт қалдырады. Енді бір топ өзінің мұсылман екендігін ескермей, намаз оқушыларды да мазаққа айналдырып, келеке қылады. Келші бауырым, сол жұртты намаздан алыстатқан осындай себеп – сылтауларға шамамыз жеткенше жауап іздеп көрелік.

 Саған қиын көрінген намаз зұлымдықпен өтелінетін салықтың бір түрі ме? Немесе ол, адамның алтын уақытын алатын ауыр жұмыс па еді? Әлде адам өз өмірінде намазға уақыт табуы мүмкін емес іс пе?

 Әлде қандай да бір диктаторлық өкіметтің зорлықпен мойындатар саяси негіздерінің бірі ме? Әлде, адам бостандығы мен еркіндігіне тұсау боларлық кедергі ме еді?

 Бәлкім намаз қаласа орындайтын, қаламаса тастайтын, сауап пен күнәға қатысы жоқ іс шығар? Алла Тағала біздің намазымызға мұқтаж ба? Адам намаздан не пайда табады? Оқымаса қандай зиян шегеді?

Кімде-кім бұл сұрақтардың жауабын иман шарттары мен ислам талабынан іздесе, онда тура жолға түседі. Сөйтіп ол Құдайына құлай құлшылық ету қамына кіріседі. Ал жауабын басқа жақтан іздеген адамға оның нәпсісі, шаһуаты, шайтаны билік жасайтын болады. Ондай адам нәпсісінің қалауын ғана жасайтын пендеге айналады. Шаһуатының алдында шарасыздық танытып, құлқынының құлы болып шыға келеді. Ал шайтан ондай  жанның күнәлі ісін – көркем, бұрыс ойын – дұрыс етіп көрсетіп қояды. Әйтеуір, құлшылыққа жақындатпай, «асығып не қыласың!», «ертең үлгересің!» деген бітпес үміттердің соңынан салпақтатып, ұзақ сергелдеңге салып қояды. Сөйтіп жүріп пенде өмірден қалай өтіп, тозақ отына топ ете түскенін байқамай да қалады.

Айдын Бақыттыжан

 

0 пікір