НАМАЗ –САУАПТЫ САУДА

Сенің намазың – атқарар қызметің мен жүргізер саудаң секілді. Жұмысыңа уақытында келіп, уақытында қайтсаң, оны талапқа сай атқарар болсаң, еңбекақыңды ай соңында толығымен аласың. Ал, жұмысыңнан көп қалып, міндетіңе немқұрайлы қарар болсаң, айлығың кесіліп жұмыссыз қалуың мүмкін ғой?! Саудаң да, қалта қампайтар табысқа қол жеткізу үшін тынымсыз еңбек пен үздіксіз әрекетті талап етеді. Кімде-кім Раббысының алдына намазсыз барып жәннәтқа кіремін десе нағыз ақымақтардан болар еді.

Бауырым, намаз – аурудың температурасын оқтын-оқтын тексеріп тұратын дәрігердің ісі секілді, адам баласы намаз бен намаз арасында өз амалдарын таразылап отырады. Атқарған амалдары ізгі болса, намаз оған: «Осы бетіңнен айныма!», - десе, жаман іс жасаған болса: «Қайт та, өзіңді-өзің қолға ал!», - дейді. Намазын үзбей оқушы адамнан, тіпті кейде одан жаман іс-әрекет жасап жүрген жан болса да, әрқашан жақсылық күтуге болатындығына еш күмәнсіз сен. Себебі, оның намазы міндетті түрде күндердің бір күнінде оны бұл істерінен тыяды. Себебі ол намазында Алланың сөзі – Құран аяттарын оқиды. Қанша жерден сөз ұқпас ғапылдардан болса да, міндетті түрде сол аяттардың мағынасына ой жүгірткізіп, жүрегіне қозғау салып, бойынан жақсылықтың нышандарын оятатын сәттің өтері хақ. Сол себептен Алла Тағала өзінің кітабы Құранда:«Ақиқатында намаз арсыздық пен жамандықтан тыяды» Әнкабут» сүресі, 45-аят) деген. Ал, кім намаз оқымаса ол Құран да, аят та оқымайды, Құраннан еш пайда да ала алмайды. Ол өз күнәлі істерінің кіріне былғанып, балшығына белшесінен батып қала бермек.

Айдын Бақыттыжан

 

0 пікір