НАМАЗ – ҚЫМБАТ АСЫЛ ТАС

Намаз жеке адам баласына түсетін салық та емес, төлейтін айыппұл да емес. Ол тек қана егесі саған сақтауға, аманатқа қойған, күніне бес рет келіп көріп тұратын асыл да қымбат зат секілді. Қиянат қылмасаң саған шыншыл, аманатшыл, адал, сенімді деген асыл қасиеттердің егесі ретінде қарап, еңбегіңді бағалап, ақысын еселеп қайтарады.

Достым! Егер де біреу саған дәмді тағам ұсынса немесе жүгіңді көтерісіп жіберсе, адасқанда дұрыс бағытты нұсқаса, оған алғыс айтпаймысың? Бұзылған көлігіңді жөндесіп жіберген немесе жерге түсіп кеткен затыңды алып берген жанға «рақмет» демеймісің? Сондай жақсылық жасаған адамдарды  іштей құрмет тұтып, реті келген тұста оның жасаған қайырлы ісінің қарымтасын қайтаруға дайын тұрмаймысың? Иә! Мен де сен сияқты жақсылықты жадымда ұстап, қайырлы істі қадір тұтатын адам баласымын. Сыйға – сый ұсынып, құрметке – алғысымды білдіремін. Маған берілген игілік үстемеленген сайын разылығым мен алғысым арта түседі. Ал енді мен үшін, маған ақыл, сезім мүшелерін сыйлаған, алуан түрлі дәмді тағамдар мен сусындармен қоректендірген, мықты денсаулық беріп тура дінге түсірген, жанұя мен ұрпақ нәсіп етіп, сыйлы дос-жаран мен тату көрші-қолаң арасында әсем өлкенің тұрғыны қылған Алла Тағаладан артық алғысқа лайық нығмет және жақсылық Иесі жоқ. Иә, бұл ғаламда Алла Тағаланың берген нығметтерінен артық жақсылық болмақ емес. Адам баласының маған жасаған болмашы жақсылығына разылығымды білдіргенде, Алла Тағаланың үйіп-төккен сансыз нығметтері мен есепсіз игіліктеріне алғысымды көрсетпеймін бе?! Еш күмәнсіз сен менің Оған алғыс көрсетуімді құптайсың. Олай болмаған күнде айыптап, кіналар едің. Себебі, жақсылықты түсінбес надандардан болғанымды қаламайсың. Алғыстың көлемі мен түрі сыйлықтың құны мен сыйлаушының дәрежесіне сәйкес болмақ. Менің қалам сыйлаған адамға айтқан рақметім, көлік мінгізгенге қылған алғысымдай болмақ емес. Егер ол жақсылығы өткен қарапайым адам мен сыйлы әкімге бағытталса, әр түрлі көріністе орындалары хақ. Ал енді Алланың өзі ұнатқан, маған сыйлаған нығметтеріне деген алғыстың сипаты: Оның бүкіл әлемдердің Раббысы, Қамқоршысы екенін мойындап, құлшылыққа лайықты жалғыз Өзі ғана екенін түсініп, маңдайды сәждеге қою...

Айдын Бақыттыжан

 

0 пікір