НАМАЗ – МӘҢГІЛІК АЗАПТАН САҚТАП, МӘҢГІЛІК РАҚАТҚА ЖОЛДАМА БЕРУШІ

Алла Тағала маған бергендей, менің намаздан алыс жүрген жолдастарыма да көп игілік-жақсылықтар берген. Тіпті оның саны мен мөлшері оларда артықтау болуы да мүмкін. Бірақ мен оның бәрін Алла бергенін мойындап шүкірлік етем, ал олар бұл жетістікке өз ақылымызбен жеттік деп ойлайды. Сондықтан, олар Аллаға құлшылық етпейді. Олар дүниеге келген кездері мен қолдарында түк болмаған хәлдерін ұмытқан еді. Жалғандағы бар жиғанын артқа тастап бұ дүниеден қабірге көшетін күндерін естен шығарған еді. Олар қалай ғана Жаратушыларына батылдары барып тәкаппарлық етеді. Алла Тағала Құранда: «Ақиқатында, маған құлшылық етуден тәкаппарлықпен бас тартқандар тозақ отына өкірген күйде кіреді» («Ғафыр» сүресі, 60-аят) деген. Ендеше, ей, бауырым! Алланың мәңгілік азабынан сақтан!

Намаздан алар пайдаң – тек қана жақсылық. Намаз пайдаларын қаламмен жазып бітіру, санап тауысу мүмкін емес. Себебі ол, Раббымыздың өзі таңдап бізге бекіткен ғибадаты. Құранда Алла Тағала былай дейді: «Иман келтірген құлдарыма айт: Намаз оқысын!» («Ибраһим» сүресі, 31-аят). Ішіндегі бар жақсылықты аз ғана сөзбен, қысқа бір түрде баян етіп былай деді: «Ақиқатында, намаз арсыздық пен жамандықтан тыяды»Әнкабут» сүресі, 45-аят).

Бауырым! Сөз соңында айтарым, мен намаз оқимын және сенің де намаз оқушы мұсылмандардан болғаныңды шын жүрегіммен қалаймын. Алла Тағаланың Құранда айтқан мына бір әміріне мойынсұн: «Намаздарға, сондай–ақ ортаңғы намазға (екінті) бекем болыңдар және намазда Аллаға бойұсынған күйде тұрыңдар» («Бақара» сүресі, 239-аят).

 Алла Тағала мені және сені насихатқа құлақ асып, дұрыстыққа бет бұрғандардан қылсын! Әмин!

Айдын Бақыттыжан

 

0 пікір