Намаз - күнәлардың кәффараты

1. Алла Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтады: «Қиямет күні пенденің амалдарынан есепке ең әуелі намазы алынады. Егер намазы дұрыс болса, онда қалған амалдары дұрыс болып есептеледі. Ал намазы дұрыс болмаса, онда басқа амалдары да дұрыс болмайды». ( Хадистi Абдуллаһ ибн Қурттан (Оған Алла разы болсын) имам Табарони риуаят еттi.)

2. Жәбир ибн Абдуллаһ (Оған Алла разы болсын)  айтады: «Біреу Нәбиге (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Пәленше түнде намаз оқып, азанда ұрлық жасайды»,-дегенде, Нәби ( Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Жақын арада намаз оны ұрлықтан тыяды»,-деді».(Хадистi Жәбир ибн Абдуллаһтан (         Оған Алла разы болсын) имам Баззар риуаят еттi.)

3. Салман (Оған Алла разы болсын)  айтады: «Бірде Расулуллаһ (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын ) былай деді: «Бір мұсылман дәретін дұрыс алып, кейін бес уақыт намазын оқыса, күнәсі мына жапырақтар төгіліп түскендей жуылып-шайылады». Кейін: «Күндіздің бастапқы және кешкі уақыты мен түн мезгілінде намаз оқы. Расында жақсылық жамандықты кетіреді. Бұл Хақ тағаланы есіне алатындар үшін ақыл, өсиет»,-деген аятты оқыды».[ «Һуд» сүресі, 114 аят] (Хадистi Салманнан (Оған Алла разы болсын) имам Ахмад риуаят еттi)

4. Расулуллаһ (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  айтады: «Пенде ауыр күнә iстеуден сақтанса, бес уақыт намаз, бір жұма намазы келесі жұма намазына дейін, бір Рамазан[Яғни, Рамазан айындағы ораза.] екінші Рамазан айына дейін арада iстелген жеңiл күнәлардың кәффараты[Өтеуі, күнәларды жуып-шаятын ісі.] болады»   (Хадистi Әбу Һурайрадан (Оған Алла разы болсын) имам Мүсілім риуаят еттi.)

5. Расулуллаһ (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  айтады: «Осы бес уақыт парыз намазды өз уақытында оқыған адам ғапылдар[Ғапыл - дін мәселесінде бейғам болған адам.] қатарында жазылмайды». (Хадистi Әбу Һурайрадан (Оған Алла разы болсын)  имам Ибн Хузайма риуаят еттi.)

6. Бір күні Нәби (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) намаз жайында сөз етіп, былай деді: «Кім намаз оқыса, намазы қиямет күні ол үшін нұр, дәлел және тозақтан құтылады. Ал, намаз оқымағанның қиямет күні нұры, дәлелі және тозақтан құтыла  алмайды. Сонымен қатар намаз оқымаған адам қияметте Перғауын,[ Перғауын - Мұса (Оған Алланың сәлемі болсын)  пайғамбардың   заманында өзін «құдаймын» деп жариялаған залым патша.] Һаман[Һаман - сол залым патшаның уәзірі] және Убай ибн Халфпен[Убай ибн Халф - Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қас жауы.] бірге болады». (Хадистi Абдуллаһ ибн  Әмірден (Оған Алла разы болсын) имам Ахмад және имам Табарони риуаят еттi.)

7. Әбу Мәлік Әл-Әшжәи әкесінен (Оған Алла разы болсын)  былай деп риуаят етеді: «Нәбидің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) заманында біреу Исламды қабылдаса, адамдар оған намазды үйрететін». (Хадистi Әбу Мәліктен (Оған Алла разы болсын) имам Табарони риуаят еттi.)

8. Әбу Умама (Оған Алла разы болсын)  айтады: «Нәбиден (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Расулуллаһ! Дұғаның қайсысы қабыл?»,-деп сұралғанда, Ол: «Түннiң соңғы бөлiгiнде және парыз намаздардың соңында iстелген дұға»,-деп жауап бердi». (Хадистi Әбу Умамадан(Оған Алла разы болсын) имам Тирмизи риуаят еттi.)

9. Расулуллаһ (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Бес уақыт намаз - солардың арасында істелген күнәнің кәффараты»,-деп, кейін былай деді: «Мәселен, бір шеберханада істейтін адамды алайық. Оның үйі мен шеберхананың арасында бес өзен бар. Ол шеберханаға барып, Алла Тағаланың қалауымен, жұмыс істегенде үстін шаң мен тер басады. Үйіне қайтқанда ол әрбір өзеннен (жүзіп)  өтіп бара жатып, сонда шомылады. Сондықтан да  оның денесінде ешқандайда кір қалмайды. Намаз да сол тәрізді. Пенде күнә істесе, дұға етіп,[ Намазда.] жарылқау тілейді. Сонда оның намаздан бұрын істеген күнәсі кешіріледі». (Хадистi Әбу Саид Әл-Худриден(Оған Алла разы болсын) имам Баззар және имам Табарони риуаят еттi.)

10.  Зайд ибн Сәбит(Оған Алла разы болсын) айтады: «Бізге әр намаздың соңында 33 рет «субханаллаһ»,[ Аллаһ тағала кемшіліктен пәк.] 33 рет «әлхамдулилләһ»[ Аллаһ тағалаға мақтау болсын.] және 34 рет «Аллаһу әкбар»[ Аллаһ тағала - ұлық] деп айту әмір етілген еді. Бірде ансардың[Ансар - мәдиналық мұсылман.] бірі түс көріп, түсінде біреу оған: «Расулуллаһ (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сендерге әр намаздың соңында 33 рет «субханаллаһ», 33 рет «әлхамдулилләһ» және 34 рет «Аллаһу әкбар» деп айтуды әмір етті ме?»,-деді.

- Иә.

- Соның әрбірін жиырма бес мәртеден айтып, соған қосымша жиырма бес рет «лә иләһә илләллаһ»[ Аллаһ тағаладан басқа тәңір жоқ.] деп айтыңдар.

Таңертең әлгі ансар Нәбиге (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) барып, түсінде көргенін айтып берді. Сонда Нәби (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сол айтылғандай істеңдер»,-деді». (Хадистi Зайд ибн Сәбиттен (Оған Алла разы болсын) имам Тирмизи риуаят еттi.)

11. Әбу Һурайра(Оған Алла разы болсын) айтады: «Бір күні кембағал муһажирлердің[Муһажир - Пайғамбарымызбен (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге Меккеден Мадинаға қоныс аударған мұсылман.] бiр тобы Нәбиге (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын ) келiп: «Уа, Расулуллаһ (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын ) ! Дәулеттiлер о дүниенiң барлық дәрежесi мен шаттығын иеленiп алатын болды»-деді.

- Қалайша?

- Олар да бiз тәрізді намаз оқып, ораза ұстайды. Алайда, соған қоса садақа беріп, адамдарды құлдықтан азат етеді. Ал біз садақа беріп, біреуді құлдықтан азат ете алмаймыз.

- Сендерге игiлiк істеуде сендерден озып кеткендердi жетiп алатын және артта қалғандардан одан әрі оздыратын істі үйретейін бе? Содан соң сендер істегендей істемейінше ешкім сендерден асып түсе алмайды.

- Уа, Расулуллаһ (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын)! Әрине!

- Әр намаздан соң отыз үш реттен Алла Тағаланы кемшiлiктен пәктеп, Оған мақтау айтып, ұлықтаңдар.[Яғни, тәсбих тартыңдар.]

Бiр шама уақыт өткеннен кейін әлгi кембағал муһажирлер Нәбиге (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп: «Бiз тәсбих тартып жүргенiмiздi естiп, дәулеттi бауырларымыз да тәсбих тартатын болды»,-дегенде, Расулуллаһ (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):«Бұл - Хақ тағаланың жарылқауы. Алла Тағала оны қалаған пендесiне нәсiп етедi»,-дедi».

(Хадистi Әбу Һурайрадан (Оған Алла разы болсын) имам Мүсілім риуаят еттi.)

12.  Расулуллаһ (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын ) айтады: «Кiм әр намаздың соңында 33 рет Алла Тағаланы кемшіліктен пәктеп, 33 рет Хақ тағаланы мақтап және 33 рет Жаратушы иені ұлықтаса, осының бәрі 99 рет болады, кейін жүзiншi ретiнде: «Алладан басқа тәңiр жоқ. Ол жалғыз. Оның серiгi жоқ. Барлық иелiк және мақтау Оған тән. Оның құдiретi барлық нәрсеге жетедi»,-десе, оның күнәсi, тіпті, теңiздiң көбiгiндей сапырылысып жатса да  кешiрiледi».

(Хадистi Әбу Һурайрадан (Оған Алла разы болсын)  имам Мүсілім риуаят еттi.)

13. Әс-Саиб (Оған Алла разы болсын)  Әлиден (Оған Алла разы болсын)  риуаят етіп айтады: «Расулуллаһ (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Фатиманы(Оған Алла разы болсын) Әлиге (Оған Алла разы болсын)  ұзатқанда, жасауы етіп бір жапқыш, құрма талдың талшығымен толтырылған тері жастық, екі диірмен тас, бір шанаш пен екі құмыра берген болатын. Бір күні Әли(Оған Алла разы болсын) Фатимаға (Оған Алла разы болсын)  келіп: «Алла Тағаламен ант етемін! Мен құдықтан су аламын деп кеудемді ауырттым. Алла Тағала әкеңе тұтқындары нәсіп етті. Барып, бізге бір қызметші сұрасаң болар ма еді?»,-дегенде, Фатима (Оған Алла разы болсын) : «Құдай ақы! Мен де ұн тартамын деп қолдарым ойылып кетті»,-деді. Осыдан соң Фатима(Оған Алла разы болсын) Нәбиге (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын ) келді. Нәби (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):«Не шаруамен келдің, қызым?»,-деп сұрағанда, ол қызметшіні сұрауға ұялып: «Сізге сәлем берейін деп келдім»,-деп, қайтып кетті. Әли (Оған Алла разы болсын) : «Не болды?»,-деп сұрағанда, Фатима (Оған Алла разы болсын):«Қызметшіні сұрауға ұялдым»,-деді. Осыдан соң олар Нәбиге (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын ) бірге барып, Әли (Оған Алла разы болсын):«Мен құдықтан су аламын деп кеудемді ауырттым»,-десе, Фатима (Оған Алла разы болсын):  «Мен де ұн тартамын деп қолдарым ойылып кетті. Алла Тағала сізге тұтқындарды нәсіп етіп, кеңшілігін сыйлады. Бізге қызметке адам берсеңіз»,-деп өтінді. Сонда Пайғамбарымыз:

-   Алла Тағалаға ант етемін! Оларды сендерге берсем, онда суффалықтар құр қалады. Олар аш. Ал менің оларға берерім жоқ. Сондықтан да мен тұтқындарды сатып, ақшасын соларға жұмсаймын.

Осыдан соң Әли  (Оған Алла разы болсын):  мен Фатима (Оған Алла разы болсын):  қайтып кетті. Нәби(Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оларға келгенде, олар кішкентай ғана жапқышпен жамылып жатқан болатын. Ол жапқышпен басты жапса, аяқ, ал аяқты жапса, керісінше, бас ашылып қалатын. Олар жатқан жерінен тұра берген еді, Нәби (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Жата беріңдер. Сендерге менен сұраған нәрседен абзалын айтайын ба?»,-деді.

- Әрине, айтыңыз!

- Жәбірәйіл (Оған Алланың сәлемі болсын) маған бірнеше сөз үйретті. Әр намаздан соң 10 рет «субханаллаһ», 10 рет «әлхамдулилләһ» және 10 рет «Аллаһу әкбар» деп айтыңдар. Ал ұйқыға жатқан уақытта 33 рет «субханаллаһ», 33 рет «әлхамду лилләһ» және 34 рет «Аллаһу әкбар» деп айтыңдар».

Әли (Оған Алла разы болсын): : «Алла Тағаламен ант етемін! Расулуллаһ (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) маған осы сөздерді үйреткелі, мен оларды айтпай қалдырған кезім жоқ»,-дегенде, Ибн Әл-Кауа (Оған Алла разы болсын): : «Сол сөзді тіпті Сиффин шайқасы болған түні де айттың ба?»,-деді. Сонда Әли (Оған Алла разы болсын):«Уа, ирактықтар! Сендерді Алла Тағала жазаласын! Иә, тіпті Сиффин шайқасы болған түні де»,-деп жауап берді.

Хадистi Әс-Саибтен (р.а.) имам Ахмад риуаят еттi.

  Тәржімалаған  Абдуссамад Махат

 

0 пікір