НАМАЗ КІМДЕРГЕ ПАРЫЗ?

Намаз парыз болу үшін мына намаз оқитын адамда мына 3 сипат болуы керек:

  1. Мұсылман болу. Намаз – мұсылман болған әрбір ер мен әйел адамға парыз. Діннің ақиқат шуағына көңіл көзін суармаған кәпірлерге парыз емес. Олар бұл дүниеде, ақыретте де шариғаттың жанама мәселелерінен жауапқа тартылмайды. Ал Исламды кейіннен қабылдағандарға қаза намаздарын өтеуі қажет емес. Бұған Құранда: «Кәпірлерге егер дінді мойындамайтындарын қойса, өткен күнәлары кешіріледі деп айт»,- деген аят және Ардақты елшінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Ислам бұрынғы күнәларды өшіріп, жоқ қылады»,- деген хадисі дәлел.
  2. Балиғат жасына толу. Балиғат жасына толмаған бүлдіршіндерге намаз оқу парыз емес. Расулулла (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Үш түрлі адамға қалам жүрмейді: оянғанға дейін ұйқыдағы адамға, айыққанға дейін есі ауысқан адамға және балиғат жасына жетпеген кішкене балаға»,- деген.
  3. Ақыл-есі дұрыс болу. Жалпы иман саналыларға ғана парыз. Санасыз адамдарға ешқандай жауапкершілік жүктелмейді. Сондықтан ақыл-ес тұрғысынан кембағал жандарға намаз оқу міндеттелмеген.

Балиғатқа толмаған баланың намазы

Жеті жастан асқан баланың оқыған намазы қабыл етіледі және оқыған намазының сауабын алады. Сол сияқты оның істеген барлық жақсы амалдарына сауап жазылады. Жеті жасқа келген баланың ата-анасы оған намаз оқуды үйретіп, әдеттендіруі керек. Бұл – Ислам тәрбиесіндегі аса маңызды іс. Өйткені Расулулла (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Балаларың жеті жасқа келгенде, намаз оқуды бұйырыңдар. Он жасқа келгенде, намаз оқымаса, ақырын ғана ұрыңдар және сол жастан бастап төсектерін бөлек салыңдар»,- деген.

Яғни жеті жасқа толған балаға намаз оқуды үйрету керек, бірақ оған бес уақыт намаз оқуды міндеттеу парыз емес. Он жасқа толғаннан кейін баланың намазды толық орындағанын қадағалап, орындамаған жағдайда жаза қолдану керек. Бірақ бала намазды жек көріп кетпеуі үшін зала келтіретіндей ұруға болмайды. Керісінше, бала намазды өзі қалап орындайтындай етіп тәрбиелеу қажет. Яғни бала онға толғанға дейін оған имани мәселелерді айтып, Жаратушыға, дінге деген сүйіспеншілігін оятып, дұрыс тәрбие беру қажет. Ұру негізгі міндет емес, ол тек сөз ұқпаған жағдайда тәрбиелеу мақсатында ғана болуы қажет.

Намазға ұйықтап қалу мәселесі

Ұйықтап қалып намазын өткізіп алғандарға сол намаздың қазасын өтеу – парыз, ал намаздың шығуына аз уақыт қалғанда ұйықтап жатқан кісіні ояту – уәжіп. Расулулла (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім ұйықтап қалып немесе ұмытып кетіп намазды өткізіп алса, есіне түскен кезде дереу оқысын»,- деген. Мас болып намазын өткізіп алған кісі де сол намазының қазасын өтеуі тиіс.

Етеккір немесе нифас болса, намаз оқи ма?

     Етеккірі келген немесе босанған әйелдерге намаз парыз емес. Олар бұл оқылмаған намаздардың қазасын өтемейді. Тіпті арнайы дәрі қабылдаудың нәтижесінде туындаса да үкім әлгіндегідей.

Басқа да мәселелер

     Намаздың парыз болуына кедергі келтірген жағдайлар (балиғатқа толмау, ақыл-есінен алжасу, етеккір мен жаңа босанған әйелдердің үзірліктері) бір намаз уақытының ішінде аяқталып әлі де намаз оқитындай

уақыт болса, оны өтеу парыз. Ал намаз оқитындай уақыт қалмаса, парыз емес. Өйткені, уақыт – намаздың парыздарынан. Ханафи мәзһабында егер бір кісі намаздың алғашқы уақытында намазын әлі оқымай, соңғы уақытта аталмыш үзірлер орын алса, парыздығы түседі. Қазасын өтеу қажет емес.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Мұхитдин Исаұлы, Қайрат Жолдыбайұлы. «Ислам ғылымхалы» – Алматы. «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры». 2010.
  2. Хайреттин Өзтүрк. «Дәлел-дәйектерімен Ислам ғылымхалы» – Алматы. «Хикмет» баспа үйі, 2011.
  3. Р. Мұхитдинов. «Фиқһ әл-ғибадат» – Алматы. «Кәусар-саяхат» ЖШС, 2014.
  4. Нұрлан Анарбаев, Еркебұлан Қарақұлов. «Ислам ғылымхалы (Ханафи мәзһабы бойынша)» – Алматы. «Анарбаев Н., Қарақұлов Е.», 2018.

 

Дайындаған:

Қабылда Дәуренбек,

Әбу Бәкір Сыддық медресе-колледжінің III курс шәкірті

0 пікір