«МЕНІ ЕСКЕ АЛУ ҮШІН НАМАЗ ОҚЫ!»

Ерте балалық кезімізде ата-әжелеріміз «Мұсылмансың ба? Әлхамду лилляһ, мұсылманмын», «Раббың кім? Раббым – Алла», «Дінің қай дін? Дінім – Ислам», «Кітабың қайсы? Кітабым – Құран», «Мазһабың қайсы? Имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабы», «Имамың кім? Имам Әбу Мансур Матуриди» тәрізді сұрақ-жауаптарды айтып, бізге шариғатты үйретіп отыратын. Шынын айтқанда, сонда көп нәрсені түсінбейтінбіз.

Кеңес одағы билікке келген уақытта дінге қатты қысым басталды, намаз оқуға, ораза тұтуға тыйым салынды. Сондай әділетсіздікті, зұлымдықты көрсе де, бабаларымыз дінде, имандылықта берік тұра білді, тіпті кейінгі ұрпақтың тәрбиесін қатты уайымдады, оларға діни ілімді үйретуді тоқтатпады.

Өкінішке орай, қазір кейбір теріс пиғылды діни ағымдар жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, өзінің бағытына тартуға әрекет етуде. Соның салдарынан кейбір жастар салт-дәстүрін сыйламай, ата жолын ұмытып барады. Мұндай бетпақтықтан, көргенсіздіктен бойымызды аулақ салып, теріс бағытқа тартуға тырысып жүргендердің жетегіне ермей, дәстүрлі ханафи мазһабын ұстануымыз керек.  Ол – біздің тағдырымыз, дәстүріміз, жолымыз.

Алла Тағала пенделерді құрметтеп, сансыз көп нығметтерді сыйлады. Айталық, дүниеге келіп, тіршілік етуіміз, әрбір ағзамыз, ас-суымыз, күнделікті тыныс алатын ауамыз, денсаулығымыз – бұның бәрі Хақ Тағаланың бізге берген нығметтері. Жан-тәнімізбен және мал-дүниемізбен Құдайға қанша құлшылық етсек те, бізге берілген сол нығметтердің шүкірін өтеу мүмкін емес. Сөйтсе де, балиғат жасына толған, ақылды әрбір мүмін-мұсылманға парыз және уәжіп амалдарды істеу, харам және мәкруһ істерден тыйылу, шамасы келгенше Алла Тағалаға үзбей ғибадат ету міндет. Алла Тағала: «Не нәрсе болсын Оны (Алланы) мадақтап тәсбих айтады»[1], - деген.

Мүмін және мұсылман пендеге парыз болып табылатын ең ұлық амалдардың бірі – ол намаз. Намаз – белгілі тәсіл арқылы көңіл және денемен атқарылатын құлшылық түрі. Әрбір мүмін пендеге күніне бес уақыт намаз оқу – парыз. Алла Тағала: «Мені еске алу үшін намазды (барлық шарттарын сақтап, беріле) толық орында»[2], - деген.

Осы орында қазіргі уақытта қоғамда тартысқа себеп болып жүрген намаздың кейбір тұстарына тоқталып өтсек. «Аз сөз алтын, көп сөз көмір» дегендей, әңгімені ұзақ созбай, қысқа баяндау ақылды һәм ынсаптыға жеткілікті деп ойлаймыз. Әйтпесе, біздің мазһабтың әр мәселесіне қатысты дәлел-дәйектер көп-ақ.

 

ТТәкбір айтып құлақ қағу

 

Тәкбір тахриманы айтқанда, екі қолды құлақ тұсына көтеру – сүннет. Әйелдер қолдарын кеуде тұсына дейін көтереді. Қолын көтергенде саусақтарын ашу, алақандарын құбылаға қарату, бас бармақ бастарын құлақ сырғалығының артына тигізу – мұстахап.

Әнас ибн Малик (оған Алла разы болсын): «Мен Алланың Елшісін (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тәкбір айтып, екі бас бармағын құлақ тұсына көтергенін көрдім», - деген[3].

Екі қолды тәкбір тахримада, үтір намазында және екі айт намаздарында ғана көтереді, қалған орындарда қол көтерілмейді.

Абдулла ибн Масғуд (оған Алла разы болсын): «Мен сендерге Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) намазын оқып көрсетейін бе? - деп намаз оқыды. Ол екі қолын тек намаздың басында ғана бір рет көтерді», - деген[4].

Жәбир ибн Сәмура (оған Алла разы болсын) мұны былай жеткізеді: «Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізге қарап: «Неге сендер асау аттың құйрығына ұқсап қолдарыңды көтере бересіңдер? Намазда тыныш тұрыңдар!» - деді»[5].

Имам Мұхаммед Ибн Әбаннан, ол ан-Нахағиден (оларға Алланың рахметі болсын) былай риуаят етті: «Бірінші тәкбірден кейін намаздың ешбір жерінде екі қолыңды көтерме»[6].

 

Қиямда қолды байлау

 

Қиямда оң қолын сол қолының үстінен байлап, кіндіктің астына қою – сүннет. Әйелдер қолдарын көкірек үстіне қояды.

Әли ибн Әбу Талиб (оған Алла разы болсын): «Оң қолды сол қолдың үстіне қойып, кіндік астынан байлау – сүннет», - деген[7].

Қолды байлағанда, сол қолдың білезігін оң қолдың бас бармағы және шынашақ саусағымен байлау, қалған орта саусақтарын білек үстіне қою, сондай-ақ қиямда сәжде жасайтын жерге қарау – мұстахап. Тақуалыққа жақын тұрыс осы.

Қиямда тұрғанда, екі өкше аралығы төрт саусақ мөлшерден жақын әрі тым қашық болмау – мұстахап. Намазды бас киім киіп оқу – әдеп.

 

Құран оқығанда үндемеу

 

Қиямда тұрғанда мұқтади (имамға ұйып тұрған адам) сананы ғана оқиды, тағауз, басмалә және сүрелерді оқымайды. Дауыстап оқылатын намазда да, іштен оқылатын намазда да ол имамға ұйып, үнсіз тұрады.

Алла Тағала: «Құран оқылған кезде, оған құлақ түріп, үндемеңдер»[8], - деп бұйырды. Бұл аяттың түсірілу себебі туралы әйгілі ғалым Мужаһид: «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) намаздың ішінде Құран оқып тұрғанда, ансарилық бір жігіттің де оқығанын естіді. Сонда осы аят түсірілді», - деген[9].

Имам Мұхаммед Нафиғтан, ал ол ибн Омардан (оларға Алла разы болсын):  «Оған: «Имаммен бірге намаз оқып тұрған адам онымен қосылып Құран оқи ма?»  деп сұрақ қойылғанда, ол: «Имамның оқыған Құраны жеткілікті», - деп айтты. Абдулла ибн Омар имамның артында тұрғанда, Құран оқымайтын еді[10].  

 

«Әминді» іштен айту

 

«Фатиха» сүресінен кейін «әминді» іштен айту – сүннет.

Әбу Уаил (оған Алла разы болсын): «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дауысын шығармай әмин деді»[11].

Имам Мұхаммед Әбу Ханифадан, ол Хаммадтан, ал ол Ибрахим ан-Нахағиден (оларға Алла разы болсын) былай риуаят етті: «Имам төрт нәрсені іштен айтады: тағауз, басмалә, сана және әмин»[12].

 

Рукуғқа бару

 

Рукуғта саусақтарын ашып, екі қолымен екі тізесіне таяну, тізелерін бүкпеу, басы мен арқасын түзу ұстау, үш реттен тәсбих айту – сүннет.

Әнас ибн Маликке (оған Алла разы болсын) Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, балақай! Рукуғқа барған кезде екі қолыңды екі тізеңе қой, саусақтарыңды аш, бүйіріңе сүйенбе», - деп айтты[13].

Уабиса ибн Мағбад (оған Алла разы болсын): «Алланың Елшісін (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) намаз оқығанын көрдім. Ол рукуғқа барғанда, арқасын түзу ұстайтыны соншалықты, үстінде су тұрса, төгілмес еді», - деген[14].

Айша анамыз (оған Алла разы болсын): «Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) рукуғқа барғанда басын жоғары да көтермейтін, төмен де түсірмейтін, бірақ соның ортасын ұстанатын еді», - деген[15].

Абдулла ибн Масғудтан (оған Алла разы болсын) риуаят етілген хадисте: «Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Рукуғқа барғанда ең аз дегенде үш рет «Субхана раббиял азым» деп айтыңдар. Сәждеде жатқанда кемінде үш рет «Субхана раббиял ағла» деп айтыңдар», - деген[16].

Рукуғта әйелдер саусақтарын жұмылған хәлде ұстайды, ал тізелерін сәл бүгіп тұрады.

Рукуғта аяқтың ұшына қарау, тәсбихтарын тақ, үштен артық (бес, жеті, тоғыз рет) айту – мұстахап.

 

Сәжде ету

 

Сәждеге баратын кезде әуелі тізелерін, кейін қолдарын қою, сәждеде аяқтары, қолдары, мұрны және маңдайы жерге тию, басы екі қолының арасында тұру, білектерін жерден көтеру және қабырғасына жабыстырмау, қарнын сандарынан қашық ұстау – сүннет.

Уаил ибн Хужр (оған Алла разы болсын): «Мен Алланың Елшісін (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сәжде еткенін көрдім. Екі қолынан бұрын екі тізесін қойды. Орнынан тұрғанда, екі тізесінен бұрын екі қолын көтерді», - деді[17].

Абдулла ибн Аббас (оған Алла разы болсын) риуаят еткен хадисте: «Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен жеті ағзамен сәжде етуге бұйырылдым: маңдай, мұрын, екі қол, екі тізе және екі аяқ», - деген»[18]. Маңдай мен мұрын бір ағза болып есептеледі.

Уаил ибн Хужр (оған Алла разы болсын): «Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сәжде еткен кезде бетін екі алақанның арасына қойған», - деді»[19].

Маймуна (оған Алла разы болсын): «Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сәждеде саны мен қарны арасы қозы өтіп кететіндей ашық болатын», - деген[20].

Әбу Хумайд ас-Сағиди (оған Алла разы болсын): «Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сәждеде қолын қойғанда, білектерін жерге төсемейтін, (екі жанына) тіремейтін, башпайларын құбылаға қарататын», - деген[21].

Әйелдер сәждеде қымтылып, қысылыңқырап жатады. Сәждеде мұрынға қарау, саусақтарын біріктіру, қол және аяқ бармақтарын құбыла тарапқа қарату – мұстахап.

 

Орнынан тұру

 

Бірінші ракағаттың екінші сәждесінен кейін, отырмай, бірден орнынан тұрады, қолымен жерге таянбайды.

Абдулла ибн Омар (оған Алла разы болсын): «Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) намазда қиямға тұратын кезде екі қолын тіреп тұрудан қайтарды», - деген[22].

Әбу Һұрайра (оған Алла разы болсын): «Намазда пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) екі табанының алды жағымен орнынан тұратын еді», - деген[23]. Дәл осындай хадис Омар, Әли, Абдулла ибн Масғуд және Абдулла ибн Зубайрдан да риуаят етілген. Имам Тирмизи: «Ілім иелері Әбу Һұрайраның осы хадисіне амал етеді», - деді. Әбу Шайбә Нұғман ибн Ғайяштан былай риуаят етті: «Мен бірнеше сахабаларды көрдім. Олар бірінші ракағаттың екінші сәждесінен кейін басын көтергенде, отырмай, бірден тұрып кететін», - деді[24].

 

Қағдада отыру

 

Қағдада сол аяқтарын жатқызып, үстіне жамбасын қойып отыру, оң аяғын тіреп, башпайларын құбыла тарапқа қарату және қолдарын сандарының үстіне қою – сүннет.

Айша анамыз (оған Алла разы болсын): «Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) отырғанда сол аяғын жатқызып, оң аяғын тіреп алатын еді», - деген[25].

Абдулла ибн Омар (оған Алла разы болсын): «(Отырғанда) оң аяқты тіреу, оның башпайларын құбылаға қарату және аяқтың үстіне отыру намаздың сүннетіне жатады», - деп айтты[26].

Абдулла ибн Зубайр әкесінен (оларға Алла разы болсын): «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) намазда дұға (ташаһуд) оқуға отырғанда, оң қолын оң санына, сол қолын сол санына қоятын еді», - деген сөзін жеткізген[27].

Әйелдер екі аяғын да оң жаққа жіберіп, сол жамбаспен жерге отырады. Отырғанда қол саусақтарын еркін жіберу, ұштары тізеге тиіп тұру – мұстахап.

 

Екі жаққа сәлем беру

 

Намазды аяқтар кезде алдымен оң жаққа, сосын сол жаққа «Әссаламу аләйкум уә рахматуллаһ» деп сәлем беру – уәжіп. Сәлем бергенде, артындағы адамға беті көрінетіндей басын бұру – мұстахап.

«Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оң бетінің ақтығы көрінетіндей, оң жағына «Әссаламу аләйкум уә рахматуллаһ», деп сәлем беретін»[28].

 

Түйін

 

Хақ Тағала: «Тегінде, намаз арсыздық пен теріс қылықтан тыяды»[29], - деген. Абдулла ибн Аббас (оған Алла разы болсын): «Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімді оның намазы азғындықтан, жаман әдеттен қайтармаса, демек ол Алладан тек алыстапты», - деген»[30].

Уа, Жаратқан Иеміз, бізді және біздің ұрпақтарымызды күнә істерден, азғындықтан, нәпсіқұмарлықтан, бұзық мінез-құлықтан, жексұрын қылықтан, қанағатсыздықтан сақтап, Өзіңе ғана ғибадат етуді және Өзіңнен ғана жәрдем сұрауды нәсіп қыл!

 

 

Аманқұлов Хасан Ташайұлы

 («Мәшһүр Жүсіп» мешітінің наиб имамы)



[1] «Исра» сүресі, 44-аят.

[2] «Таһа» сүресі, 14-аят.

[3] Әл-Хаким риуаят еткен.

[4] Тирмизи риуаят еткен.

[5] Муслим риуаят еткен.

[6] «Фатху баб әл-ғиная фи шархи китаб ан-нуқая», Али әл-Қари, 1-том, 387-бет.

[7] Әбу Дәуіт риуаят еткен.

[8] «Ағраф» сүресі, 204-аят.

[9] Байһақи риуаят еткен.

[10] «Фатху баб әл-ғиная фи шархи китаб ан-нуқая», Али әл-Қари, 1-том, 402-бет.

[11] Имам Ахмад, Әбу Дәуіт және Дара Қутни риуаят еткен.

[12] «Фатху баб әл-ғиная фи шархи китаб ан-нуқая», Али әл-Қари, 1-том, 370-бет.

[13] Табарани риуаят еткен.

[14] Ибн Мажә риуаят еткен.

[15] Муслим риуаят еткен.

[16] Әбу Дәуіт, Тирмизи және Ибн Мажә риуаят еткен.

[17] Тирмизи мен Нәсаи риуаят еткен.

[18] Муслим риуаят еткен.

[19] Муслим риуаят еткен.

[20] Муслим риуаят еткен.

[21] Бухари риуаят еткен.

[22] Әбу Дәуіт риуаят еткен.

[23] Тирмизи риуаят еткен.

[24] «Фатху баб әл-ғиная фи шархи китаб ан-нуқая», Али әл-Қари, 1-том, 386-бет.

[25] Муслим риуаят еткен.

[26] Нәсаи риуаят еткен.

[27] Муслим риуаят еткен.

[28] Тирмизи риуаят еткен.

[29] «Анкабут» сүресі, 45-аят.

[30] Табарани риуаят еткен.

 

 

0 пікір