ИФТИТАҺ ТӘКБІРІНІҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Намаздың рүкіндері дегеніміз – намаздың ішінде міндетті түрде орындалуы тиісті негізгі амалдар. Егер намаз оқушы адам намаздың рүкіндерінің бірін үзірсіз тастап кетсе, оның намазы бұзылады. Рүкін деген іс-әрекеттер болмаса, намаздың оқылғанын және оның бар болғанын айта алмаймыз. Өйткені рүкінсіз намаз – намаз емес. Сондықтан намаз рүкіндерінің міндетті түрде орындалуы шарт. Біз бұл мақалада намаз рүкіндерінің алғашқысы болып саналатын «ифтитаһ тәкбірі» жайлы сөз қозғайтын боламыз.

Ифтитаһ тәкбірінің этимологиясы

         Ифтитаһ «бастау, есікті ашып ішке кіру» деген мағынаны білдіреді. Себебі, намаз оқушы адам осы амал арқылы намазға кіреді. Ал тәкбір сөзі «ұлықтау» деген мағынаға саяды. Біз намазға кіргенде Алла ұлықтап кіреміз.

Ифтитаһ тәкбірін кейде «тахрима» деп те атайды. Тахрима сөзі болса, «бір нәрсені харам ету, одан тыю». Себебі, намаз оқушыға осы іс арқылы намаздың ішінде амалдардан басқа барлық істерді орындауға тыйым салынады.

Кейбір мәтіндерде бұл рүкінді «тәкбиратүл-ихрам» деп атайды. «Ихрам» сөзі тахрим сөзі секілді «бірденені тыю» деген мағынаны білдіреді.

         Бұдан кейін біз бұл рүкінді «ифтитаһ тәкбір», «тахрима», «тәкбір», тәкбиратүл-ихрам деп атай беретін боламыз. Себебі, бұл терминдердің мағынасы барабар.

Анықтамасы

Ифтитаһ тәкбірі – Намаз оқуға кірісерде құлақты қағып өзі еститіндей дауыспен «Аллаһу Әкбәр» деп айту. Тахрима жай «Аллаһу Әкбәр» деп айту және қол көтеру емес, ол – Алла үшін ықыласпен ниет етіп намазды бастау. Осы тәкбірмен намаз басталады және сыртқы дүниемен арақатынас үзіледі.

Маңызы

         Материалдық әлемнің тар қапасынан сытылып шығып, ғайып әлемінің босағасын аттағандай «Аллаһу Әкбәр» деп Жаратушыны ұлықтау намаздың бастамасы болып саналады. Тарихтың қатпарларына ұңілсек, азғындаған тұстарда адамзат жалған пұттарға сиынып, әркімді бір ұлықтап табынғанын көреміз. Мұсылман баласы «Аллаһу Әкбәр» деу арқылы Алладан басқа ешқандай ұлы құдіреттің жоқ екенін терең сезініп, толық мойындай түседі.

Үкімі

Әбу Ханифа мен Әбу Жүсіп тахриманы намаздың шартына (сыртқы парызына) жатқызған. Ал имам Мұхаммед әш-Шайбани оны намаздың рүкініне (ішкі парызына) жатқызды. Ифтитаһ тәкбірі намаздың алдында болғандықтан сыртқы парызға ұқсаса да, рүкіндерге тығыз байланысқандықтан ішкі парыз болып саналады.

Тахриманың парыз екендігін мына хадистен байқауға болады. Әли (Алла оған разы болсын) Расулулланың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Намаздың кілті – тазалық, басталуы – тәкбір, аяқталуы – сәлем»,- деп айтқанын жеткізді (Әбу Дәуіт, Таһарат, 31. Тирмизи, Таһарат, 3). Тағы бір хадисінде: «Алла Тағала қайсыбір адам дәретті толық алып, содан кейін Құбылаға қарап, «Аллаһу Әкбәр» деп тәкбір айтпайынша намазын қабыл алмайды»,- деп ескерткен (Нәсәи, Татбиқ, 77. Дарими, Саләт, 78).

Имамға тәкбірді басқаларға естілетіндей етіп айту – мұстахап.

Түрегеп тұруға шамасы жетпеген кісіге тәкбірді отырып айтуға рұқсат етіледі.

Дұрыс болу шарттары

  1. Алла Тағала үшін шынайы ниетпен, ықыласпен болу. Тахримді «Аллаһу Әкбәр» сөзімен бастау – уәжіп, оның орнына «Аллаһу Әрхәм», «Аллаһу Рахман» және т.б. Алланы еске алатын сөздермен бастаса, мәкрүһ-тахрими болады, бірақ намазы дұрыс, себебі бұл сөздердің мағынасы да Алланы ұлықтауды, еске алуды білдіреді. Бірақ намаз оқып болғаннан кейін намаздың уәжібін (яғни «Аллаһу Әкбәр» сөзін) тастағаны үшін сәһу сәждесін жасайды.
  2. Тахриманы толығымен тіке тұрып айту. Кешігіп келген адам имамға ілесемін деп асығып, тахриманың бір бөлігін тұрып, екінші бөлігін рукуғқа барып айту дұрыс емес, сол себепті мұндай жағдайда намазды қайта бастау керек болады.

Рукуғта тұрған имамға ілесемін деп, тек тахриманы тұрып айтып, рукуғтың тәкбірін айтпаса, намазы дұрыс және намазын қайта оқымайды.

  1. Тахриманы өзі еститіндей дауыспен айту. Егер даусы жай шығып, тәкбірдің біраз әріптерін естуге мүмкіндігі болмаса, зияны жоқ. Сол сияқты шулы жерде намаз оқығанда, өзі есту үшін даусын табиғи жағдайдан жоғары көтермейді. Мылқау не ауру адам шамасы жеткенше тілін қозғалтып айтады. Оған шамасы келмесе, тек тәкбірге ниет етеді де қояды. Ол адамның мойнынан тәкбірді айту түседі.
  2. «Аллаһу Әкбәр» сөзінде ләм әрпінен басқа әріптерді созбау. «Аллаһу Әкбәр» дегенде «әкбәр» сөзінде ортадағы әлифті созып жіберсе, мағына өзгергендіктен тәкбір жарамсыз болады. «Алла» деген кездегі алғашқы әлифті «ААлла» деп созса, ол күмәнділікті, яғни «Алла ұлық па?» деген мағынаны білдіргендіктен, тәкбір жарамсыз болып, намазды бастай алмайды. Мұхаммед ибн Мұқатилді көзқарасы бойынша, егер намаз оқушы әріпті созып-созбау мәселесін ажырата алатындай сауаты жоқ болса, намаз бұзылмайды. Алайда алдыңғы көзқарас негіз ретінде қабылданады. Өйткені, білімсіздік үзірге саналмайды.
  3. Тәкбірді ниеттен кейін алу қажет, имамға ұйыған адам тәкбірді имамнан бұрын алмауы тиіс. Ғалымдар бұған: «Имам оған ұю үшін тағайындалады. Ендеше, онымен қайшылыққа түспеңдер. Ол тәкбір алғанда, сендер де тәкбір алыңдар» деген хадисті дәлел ретінде келтіреді.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Мұхитдин Исаұлы, Қайрат Жолдыбайұлы. «Ислам ғылымхалы» – Алматы. «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры». 2010.
  2. Хайреттин Өзтүрк. «Дәлел-дәйектерімен Ислам ғылымхалы» – Алматы. «Хикмет» баспа үйі, 2011.
  3. Р. Мұхитдинов. «Фиқһ әл-ғибадат» – Алматы. «Кәусар-саяхат» ЖШС, 2014.
  4. Нұрлан Анарбаев, Еркебұлан Қарақұлов. «Ислам ғылымхалы (Ханафи мәзһабы бойынша)» – Алматы. «Анарбаев Н., Қарақұлов Е.», 2018.

 

Дайындаған: Сүйінбаев Дайрабек, Әбу Бәкір Сыддық медресе-колледжінің III курс шәкірті

0 пікір