ЕҢ ҮЛКЕН ИСТИҒФАР – ТӘСБИХ НАМАЗЫ

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Уа, қауымым (үмметім)! Бар күштеріңмен (ғибадат жасап) жұмаққа ұмтылып, тозақтан қашыңдар. Шүбәсіз жұмақты қалаған да, тозақтан қорыққан да ұйықтай алмас». (Табәрани, әл-Мұғжәм ул-кәбир)

Тәсбих намазы денеміз арқылы жасалатын ең үлкен тәубе мен истиғфар.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) немере ағасы Аббасқа (р.а.): «Аға, мен саған он (түрлі күнәні жоятын) амал туралы айтып, саған жақсылық жасағам келеді. Егер оны жасасаң күнәларыңның алдыңғысы мен соңғысы, жаңасы мен ескісі, біліп және білмей істелгені, үлкені мен кішісі, ашығы мен жасырыны, барлығы кешіріледі... Шамаң жетсе, оны күн сайын оқы. Күн сайын оқи алмасаң, аптада бір рет оқы. Оны да істей алмасаң, айына бір рет оқы. Оны да істей алмасаң, жылына бір рет, тіпті, өміріңде бір рет болсын оқы» – деп, тәсбих намазының маңыздылығын түсіндіреді. Тәсбих намазы төрт рәкәғат. Бұл намазда үш жүз рет мына тәсбих оқылады:

«Сүбханаллаһи уәл хамду лил-ләһи уәлә иләһә иллаллаһу уәллаһу әкбар уәлә хаулә уәлә қууәтә иллә билләһил алийл азыйм».

Жоғарыдағы дұғаның (тәсбих) намазда оқылу тәртібі мынадай:

15 рет «Сүбханәкадан» кейін («Фатихадан»  бұрын);

10 рет қосымша сүреден кейін;

10 рет рүкуда;

10 рет қаумада (рүку мен сәжде арасындағы тұрыс);

10 рет бірінші сәждеде;

10  рет  жәлсәда  (екі  сәжде  арасындағы  отырыс); 

10 рет екінші сәждеде.

Бірінші ракағатта 75 рет тәсбих дұғасы оқылып, екінші ракағатта да дәл осы тәртіппен 75 рет оқылады. 

Екінші ракағатта отырып «әттәхият» оқығаннан кейін, «Аллаһуммә салли» және «Аллаһуммә бәрик» дұғаларын оқып, үшінші ракағатқа тұрғанда «Субхәнәкә» дұғасын оқиды. 

Үшінші, төртінші ракағаттар алғашқы екі ракағат сияқты оқылады. Тәсбих намазының рухани пайдасы өте көп, сондықтан, оны оқуды әдетке айналдырып, тұрақты оқып тұру мұстахаб амал. Ең жақсысы бұл намазды жеке оқу. Дегенмен оқу тәртібін толық меңгермегендер, үйренгенге дейін жамағатпен оқуына болады. 

 

 

 

0 пікір