ДӘРЕТТІҢ СҮННЕТТЕРІНЕ ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕЛЕР
  1. Ниет ету. Дәретке іштей ниет ету – сүннет. Жүрекпен қоса тілмен ниет ету – мұстахап.
  2. Дәретке бастаған кезде алдымен қолдарын білектеріне дейін жуу – сүннет. Бірақ таза болмаған қолдарын жуу – басқа мүшелерді кірлетпеу үшін парыз
  3. Дәретті «Ә’узу» және «Бисмиллаһпен» бастау. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кім дәрет алғанда «Бисмиллаһ» деп бастаса, барлық денесін тазалайды. Кімде-кім дәрет аларда Аллаһтың атын еске алмаса, тек қана дәрет мүшелерін тазалайды».
  4. Мадмада мен истиншақ. Қолдарын жуғаннан кейін алдымен үш рет аузына су алып шайқап төгуді – мадмада, үш рет мұрнына су алып төгуді – истиншақ деп атайды. Бұл жайлы Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кім дәрет алуға әзірленіп, алдымен мадмада, истиншақ, истиншар жасаса, сөз жоқ, сумен бірге аузы мен мұрнының күнәлары төгіледі».
  5. Мадмада мен истиншақта тереңдік: Су мадмадада тамаққа дейін, истиншақта кеңсірікке дейін барады. Бірақ аузы берік жандарға мұны жасауға болмайды. Сонымен қатар, аузы мен мұрнына суды рет-ретімен алу, суды жаңалау, оң қолымен алу, шалқалау және аузы берік адамдар мұрнының тек жұмсағына дейін су жіберу–мүәккад сүнеттерге жатады.
  6. Мисуак қолдану. Мисуак – араб түбегінде өсетін, тісті тазалауға таптырмайтын ағаш. Ол жайында Пайғамбарымыз (с.а.у.) көп өсиет еткен. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Мисуак – ауыздың тазалығы, Раббыңның да разылығы», – дейді. Басқа бір хадисінде: «Үмбетіме ауыр келмегенде әр намаздың алдында мисуак қолдануды әмір етер едім», тағы бір хадисінде «Әр дәретпен бірге мисуак қолдануды әмір етер едім», – дейді. «Мисуак қолдану – маңызды сүннет. Бұрынғылар осы хақында том-том кітаптар жазған. Бүгінгі зерттеушілер мисуактың жаңаша ғылыми анализін жасап, жан-жақты терең зерттеу үстінде. Сиуәктау – «тіс тазалау» деген сөз. Сондықтан, мисуакпен ғана шектеулі емес, саусақтармен, тұзбен, пастамен, т.б. нәрселермен де жасай алады. Бірақ мисуактың орны ерекше. Пайғамбарымыз (с.а.у.) күніне он бес рет мисуак қолданып, сүннет етуді әмір етіп, қазіргі тіс тазалығы мен тіс ауруына деген сақтықтан әлдеқайда басым түскен. Халықты былай қойғанда, тіс дәрігерлерінің өзі күніне бес-он рет тістерін тазалайды деп ойламаймын. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) кем дегенде күнделікті тіс тазалауының өзі осыған жететін. Пайғамбарымыз (с.а.у.) түнде бірнеше рет намазға тұрғанда сөзсіз мисуак қолданатын еді. Таң намазында, күн шығыс және сәске намаздарында, бесін, намаздыгер, намазшам және құптан намаздарында мисуак қолданатыны секілді, тамақтан кейін де тістерін мисуакпен тазалайтын. Санайтын болсақ, Аллаһ Елшісінің алдыңғы айтқан сандардан әлдеқайда көп мисуак қолданғанына куә боламыз».
  7. Рет-ретімен жасау. Дәретте мүшелерін аятта берілген ретпен орындау. Яғни, алдымен қолды, бетжүзді, содан-соң екі білекті шынтағымен жуу, басты мәсіх ету, аяқтарды жуу.
  8. Дәретті оң жағынан бастау. Алдымен оң қол және оң аяқ жуылады. Хазреті Айша Пайғамбарымыздың (с.а.у.) барлық істі оңнан бастағанды жақсы көретінін айтады.
  9. Дәрет мүшелерін үш реттен жуу. Барлық дәрет мүшелерін үш реттен жуу – сүннет. Сондықтан не артық, не кем жуу сүннетке қайшы. Бірақ, әлбетте күмәнданып, қайта жуудың жөні басқа. Мәсіх бір рет қана істеледі.
  10. Дәретте қолдарын, аяқтарын жуған кезде саусақ ұштарынан бастау.
  11. Саусақтарды салалау. Дәрет алғанда қол мен аяқ саусақтарының арасын салалап жуу керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Саусақтардың арасын салалаңдар. Олардың арасына жаһаннам оты кіріп, оларды салаламасын», – деді.
  12. Сақалдарды салалау. Дәрет алған кезде тығыз сақалы болғандар қолдарын сақалдарының арасына кіргізіп, жоғары қарай тартып салалау керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) осылай салалап: «Раббым маған осылайша әмір етті», – дейді. Қысқа не сирек сақалдардың араларына су кіру оңай болғандықтан жуу жеткілікті.
  13. Қаптама мәсіх – басына толық мәсіх жасау. Шынашақпен (кіші саусақ) бірге үш саусақ ұшма-ұш келтіріліп, маңдайынан желкеге дейін осы үш саусақпен мәсіх етіп, желкеден соң алақанымен құлақ үстіндегі бастың екі жағы, сұқ саусақтарымен құлақтың ішін, бас бармақпен құлағының арты, саусақтар сыртымен мойынға мәсіх ету – сүннет. Тамақты мәсіх ету сүннетке жатпайды.
  14. Дәрет мүшелеріне су құйып ысқылау.
  15. Дәрет мүшелерінің бәрін бір уақытта жуу. Яғни, бірі құрғамай жатып, екінші мүшені жуу.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Мұхитдин Исаұлы, Қайрат Жолдыбайұлы. «Ислам ғылымхалы» – Алматы. «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры». 2010.
  2. Хайреттин Өзтүрк. «Дәлел-дәйектерімен Ислам ғылымхалы» – Алматы. «Хикмет» баспа үйі, 2011.
  3. Р. Мұхитдинов. «Фиқһ әл-ғибадат» – Алматы. «Кәусар-саяхат» ЖШС, 2014.
  4. Нұрлан Анарбаев, Еркебұлан Қарақұлов. «Ислам ғылымхалы (Ханафи мәзһабы бойынша)» – Алматы. «Анарбаев Н., Қарақұлов Е.», 2018.

 

Дайындаған: Айтчанов Қажыкелді,

 Әбу Бәкір Сыддық медресе-колледжінің III курс шәкірті

0 пікір