СЕНІМ КҮДІКТЕНГЕН САЙЫН КҮРДЕЛЕНЕ БЕРЕТІН СЕКІЛДІ...
СЕНІМ КҮДІКТЕНГЕН САЙЫН  КҮРДЕЛЕНЕ БЕРЕТІН СЕКІЛДІ...
22.11.2019 11:12
256
0

 Бай-өлкенің рәмізі іспетті байырғы Бөкентау баурайына құт-берекеге бөленіп, биыл бір қоңыр күзді өткізіп жатқан етене таныс қандастарымыз.  Сонда бір жұма намазға қатысу нәсіп болды. Ондағы уағыздар ерекше еркін тақырыпта. Бір уағызшы көсіле сөйлеп көп дүниелердің басын шалып өтті. Ризықтың берушісі Алла,  құл бірақ құлшына кірісуі қажет дей келе, «көктен Құдай өзі түсіп келіп, алақаныңа ас салмайды...» - дегенде ешкім қарсы тұрып, дау-дамай шығармай құмға сіңген судай ол мәселе ұмытылып кете барды. Оны естіп, үркіп үйренген мен ғана алай-дүлей болдым.

 Жұма аяқталған соң сол төңіректе сөз қозғап көріп едім, ешкім оны елеп ескерер емес. Менің үрейім зая кетті. Оқыған бір азамат бұл елге ол жабық тақырып, жабулы қазан жабулы күйінде қала бергені абзал дегенді айтты. Шынымен солай екені ол жерде айқын көрінді.

Біз осы мәселеде жерден жеті қоян тапқандай жар салып жүрген жоқпыз ба дегенде ой келді. Барлық ілімнің басы һәм төресі Алланы тану екеніне дау жоқ. Бірақ біз ерекше күрделі, аса тереңдетіп қарапайым халықпен мүлде санаспайтынымыз бесенеден белгілі боп қалды.

Екі жыл бұрын елімізде бір ұстаздың мешіт жамағатынан Алланың сипаттары жайлы сұрап, жауап бере алмаған ақсақалдарға не үшін намаз оқып жүрсіздер бәрі бекер, бәрі бос деп ауызы көпіре ұрысқаны есіме түсіп еңсемде түсіп кетті. Ол ақсақалдар «ақ қойдың кәлласы,  қара қойдың кәлласы,  мен Алланың пендесі» деп шын көңілдерімен құлшылық жасап жүрген болса, қаншама дәлелін білсе де құлшылыққа ықылассыз жүрген көп адамнан абзалдығы ақиретте ортаға шығары әбден хақ.

 Бұл өмірде білгені мен айтқаны бойынша көп кісіні ғалым десек, ертең олар кім болары Хаққа ғана мәлім. Ілімді жоққа шығарып, аяқасты етті деп біреу ала қашып жүрмесін. Одан оқ бойы алыспыз. Олардың ойы, пікірі, пайымы һәм тұжырымынан аулақпыз. Әсте үш қайнаса сорпамыз қосылмайды. Тек күш-жігерімізді босқа қаржамай-ақ оданда маңызды дүниелермен айналыссақ абзал деген ұстаным.

Жамағаттың бауырмалдығын арттыру жолын қарастырсақ игі еді. Не берсек, не ексек игілігін алдымен сол намазхандар көрсе нұр үстіне нұр болар еді.

 

«Мұса-мырза» мешітінің ұстазы

Берікбай ГЕРМАНҰЛЫ

0 пікір