РУХАНИ ТЫНЫШТЫҚ
РУХАНИ ТЫНЫШТЫҚ
13.09.2019 14:50
317
0

Маһатма Ганди (Үндістанның рухани басшысы) құлшылық қуатынан рухани азық алмағанда,  қиындықтарға төтеп бере алмас еді. Ол жайлы Гандидің өзі:

 «Егер құлшылық жасамасам, біраз уақыттан бері жынданып кетер едім» деген. Міне, Ганди мұсылман емес, бірақ, дұрыс жолды ұстанған адам еді.

Алла Тағала «Анкабут» сүресінің 65-аятында: «Қашан олар кемеге отырса, дінін Аллаға бағыштаған түрде жалбарынады» деген.

 Бір ғалым кісі «Ислам ғалымдары, тарихшылары және әдебиетшілерінің сөздерін зерттеп көрдім. Олардың біреуінен де қобалжу, қорқыныш және рухани ауру жайында сөз таппадым. Мұның себебі олар дінге деген сенімдері мен имандарының арқасында жүректері тыныштық пен жайлылықта, қиындық пен қайғырудан алшақ өмір сүрген.

Дэйл Карнеги асқазанына жара шыққан бір науқас адамның оқиғасын әнгімелейді. Оның дертінің ушыққаны соншалықты оған дәрігерлер бірнеше айлық өмірі қалғанын ескертеді. Сол кезде күтпеген жерден науқас (есімі Һани) бір таңқаларлық шешім айтты:

 «Егер өлуіме аз ғана уақыт қалса, неліктен қыдырып, сол уақытты жақсы өткізбеске? Мен өмірімнің соңына дейін әлемді аралармын деп армандаушы едім. Міне, сол арманымды жүзеге асыратын уақыт жеткендей» деп билет сатып алды. Сол уақытта дәрігерлер оған бұл ойының өліммен аяқталуы мүмкін екенін, денесінің айдалада қалып кетерін айтып, райынан қайтармақ болды. Бірақ шешіміне түбегейлі бекінген Һани жолға аттанды. Ол кемеге мініп, мол қызыққа, ләззатқа толы сапар шегіп, көңілі жадырап, қуаныштан ән шырқады. Науқас сапарын шаттық пен қуанышқа толы нәрселермен бастады. Ол әйеліне хатында былай деді: «Мен кемедегі барлық тәтті тағамдарды ішіп-жеп, ән салып уақыт өткізудемін. Оған қоса дәрігерлер мені жеуден тыйған майлы заттарды да ішіп жатырмын. Осы сапарымда бұрын-соңды көрмеген рахатқа, шаттыққа толы күндерімді өткізудемін».

Дэйл Карнеги ол кісінің сол бір дертінен айығып кеткендігін мәлім етеді. Себебі науқастың қолданған тәсілі өте пайдалы болғандықтан ауруын жеңе алды.

Иә, шаттық, қуаныш және демалу дәрігерлердің жазып берген дәрі-дәрмектерінен әлдеқайда артық. Дэйл Карнеги: «Статистикалық мәліметке сүйенер болсақ, Америкадағы өлімге әкелетін аурулардың алғашқы сатысында қобалжу, үрей орын алыпты. Соңғы дүниежүзілік соғыста американдық жауынгерлердің үштен бірі көз жұмған екен. Сол уақыттан бері жүрек ауруынан қайтыс болған адам саны екі миллион. Соның бір миллионы жүйке жүйесі мен қобалжудан туындайтын аурулардың себебінен» деп жазады.

Доктор Алексис Каррельдың мынадай ой түюіне де басты себеп болған дерт – жүрек аурулары. Ол өз сөзінде: «Қобалжумен қалай күресуді білмеген кәсіпкерлер ерте көз жұмады» дейді. Өлімнің мерзімі әу бастан шешіліп қойылған және себебі де бар. Ол жайында Алла Тағала «Әли Имран» сүресінің 145-аятында: «Алланың бұйрығы болмайынша, ешкім өлмейді, ол жазулы бір мерзім» деген.

Қытайлықтар мен афроамерикандықтар арасында жүрек ауруынан көз жұматын адамдардың саны аз көрінеді. Себебі олар өмірлерінде қайғыға көп бой алдыра бермейді. Жүрек ұстамасынан қайтыс болатын дәрігерлердің саны дәл осы аурудан көз жұматын шаруа адамнан жиырма есе көп. Себебі дәрігерлер қиындыққа  толы қауырт өмір кешіп, соған қымбат құн төлейді. «Дәрігер халықты емдейді, бірақ өзі науқас болады».

0 пікір