Құран Кәрім - Уахи арқылы түскен кітап
Құран Кәрім - Уахи арқылы түскен кітап
03.09.2019 08:59
272
0

Уахи – араб тілінде сыбырлау, құпия түрде жылдам хабар беру, жасырын белгі беру, ишара ету, ымдау деген мағыналарды береді.

Ал шариғаттағы мағынасына келер болсақ, Уахи – Жаратушының адамзат баласын тура жолға бастау үшін пайғамбарларына берген нұсқаулығы.

Уахи түсінігі түрлі діндерде әрқилы сипатталған. Кейбір бұрмаланған діндерде уахи исламдағы уахи ақиқатынан өзгеше түсіндіріледі.

Тарихта дін дұшпандары мен кейбір шығыстанушылар уахи мәселесін оның ішінде исламдағы уахи түсінігін теріске шығаруға тырысып, адамдар арасында жаңсақ пікірлер мен күмәндар таратты. Оның астарында дін дұшпандарының шынайы уахи арқылы келген хақ дінді бұрмалап, ұстанушыларын тура жолдан тайдыру пиғылы жатқан-ды. Олардың бірі уахиді пайғамбардың ойдан шығарған нәрсесі десе, кейбірі оны пайғамбардың ақыл есінен адасып, санасыз халде айтқаны деп адамдарды адастырды. Осы және өзге де уахи тақырыбына қатысты туындаған күмәндарға қысқаша жауап бере кетейік;

Уахи – Аллаһ тағала тарапынан келген сенім негіздері мен шариғаттардың ең бірінші қайнар көзі. Оны теріске шығару діннің негіздерін мойындамауға алып келеді. Қасиетті Құранның Аллаһтың кітабы екенін қабылдай алмайтын ориенталистер уахи ойланып толғанудың арқасында пайғамбар көкейінен туындаған нәрсе деп көңілге қонымсыз көзқарастар айтқан. Олардың мұндай пайымдаулары сөзсіз көңілдеріндегі ғапылдықтан, түсініктерінің таяздығы мен дұшпандықтарынан туындаған. Өйткені адамдарды тура жолдан тайдырып дінді бұрмалаудың ең тиімді жолы уахи түсінігін бұрмалап адамдар арасына күмән туындату еді.

Құран Кәрімнің пайғамбар (с.а.с.) ой толғауының жемісі екендігін айтқан дін дұшпандары мен дүмбілез шығыстанушылардың пікірлерінің қисынсыз екендігіне келесідей жауап беруге болады:

1. Пайғамбардың уахи алуы оның ішкі жан дүниесіне қатысты нәрсе емес, керісінше сырттан келген ақиқатты қабылдауы. Имам әл-Бұхари жеткізген хадисте келгендей Жәбірейілдің Аллаһ елшісін (с.а.с.) үш рет қысып, әр бірінде «оқы» деп айтуы уахидің ішкі дүниеден емес, сырттан яғни Аллаһ тағаладан келгендігін толық көрсетуде.

2. Алғаш уахидің келуіндегі бойын билеген үрей мен қорқыныш, әрі уахидің тосыннан келуі Мұхаммедтің пайғамбарлықты аңсап, ойламағандығын білдіреді. Бұған қоса алғашқы кезде Мұхаммед (с.а.с.) өзіне уахи келетінін білмейтін. Аятта бұл жайында былай баяндалады: «Сен бұл кітап саған уахи етіледі деп ойламаған едің. Бұл тек Раббыңнан (келген) рахмет. Олай болса кәпірлерге әсте сүйеу болма» (Қасас, 86 аят).

3. Алғашқы уахи келген кезде Пайғамбарымыздың періштені көріп қорқуы ориенталистердің айтқанындай уахидің галлюцинация емес екендігін ашық көрсетуде. Өйткені қорқу, дене дірілі мен қызуы секілді адамның күй жайы оның өз қалауынсыз орын алады. Ешкім өз еркімен, жасанды түрде ондай жағдайға енбейтіндігі белгілі. Әрі Аллаһ елшісінің пайғамбарлыққа дейінгі кезеңдегі асқақ абыройы мен ерекше адал болмысының жасандылық пен алдап арбайтындай денгейге өзгеруі әсте мүмкін емес, ақылдан ұзақ.

4. Уахидің біраз уақыт келмей тоқтап қалуы да оның Пайғамбардың (с.а.с.) терең ойланып толғануының нәтижесінде көкейінде туындаған ішкі нәрсе екендігін толығымен жоққа шығаруда. Кейде Пайғамбарымыз (с.а.с.) жауап беруге тиіс болған жағдайларда уахи келмей кешігетін. Мысалы, «Ифк (жала жабу)» оқиғасы мен яһудилердің кейбір сауалдар сұраған кезінде де осылай болған еді. Аллаһ елшісі мұндай сауалдарға тек өзіне уахи келгенде ғана жауап бере алатын. Егер олардың айтқанындай Құран Кәрім Пайғамбардың ойының нәтижесінде туындаған болса, бұлай шарасыздыққа түспей ақ сұрақтарға дереу жауап беруі керек еді.

Сондықтан кей жағдайларда уахидің кешігуі оның Аллаһ Елшісінің (с.а.с.) қалауынсыз сырттан келген нәрсе екендігін ашық көрсетті.

5. Қасиетті аяттар мен хадистердің арасындағы айқын әдіс ерекшеліктері де Құран Кәрімнің уахи арқылы келетіндігінің бұлжымас дәлелдерінен.

6. Құран Кәрімнің және Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ұлы мәртебесін көре алмаған кейбір ориенталистер Аллаһ елшісінің (с.а.с.) уахи кезіндегі халін «қояншық ауруы» деп ақылға қонымсыз әрі қисынсыз сөздер айтқан. (уахи келген кезде жоғарыда айтқанымыздай Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бойынан байқалған ерекше халдерді кейбір ориенталистер эпилепсия (қояншық) ауруына теңеп, бұған әр түрлі негізсіз дәлелдерді айтқан. Осы негізсіз дәлелдерін ұсына отырып Пайғамбарымыздың (с.а.с.) психикалық науқасы бар деп, мұны «Франция Ұлттық Медицина Академиясына» растату үшін ғылыми мәселе ретінде көтерген. Ол жерде ең атақты докторлар бас қоса отырып 1842 жылы бұл мәселені егжей-тегжейлі зерттеп, медициналық негіздерге сүйене отырып мұның әсте мүмкін емес екендігін дәлелдеп шыққан. Бұл негізсіз пікірлерге былайша жауап беруге болады: қояншық кеселі ұстаған соң адам денесі қатты қалшылдап, бүкіл тұла бойы сыздап қақсайды, қатты қиналып, рухани жан дүниесі астан кестен болады. Ал Пайғамбарда (с.а.с.) бұл айтылғандардың ешбірі болмаған. Керек десеңіз екі уахидің арасында уақыт өтпестей болып, келесі уахидің келуін асыға күтетін, уахи келген кезде қатты қуанып, бір жасап қалатын еді.

Уахи келген кезде болатын халдер әрбір уахи келген сайын көріне бермейтін. Кейде уахи келген кезде Пайғамбардың (с.а.с.) халі қалыпты жағдайдағыдай болатын.

Медициналық дәлелдермен де белгілі болғанындай қояншық кеселі ұстаған адам ойлау, түсіну қабілетінен айырылып, айналасында болып жатқан нәрселерді аңғармайды және сана сезімін де жоғалтады. Ал Пайғамбар (с.а.с.) болса өзіне келген уахи арқылы адамзатқа құқық, ахлақ, ғибадат, қисса, насихат сияқты көптеген нәрселердің ең керемет үлгісін қамтыған теңдессіз Құран аяттарын жеткізді.

Ондай ауру ұстаған кісі селкілдеп, қалтырайтын болса, уахи келгенде Аллаһ Елшісінен (с.а.с.) мұндай жағдай байқалмаған. Қояншығы ұстаған адам мағынасыз, қайдағы жоқ сөздер айтып сандырақтайды. Ал Пайғамбарда (с.а.с.) мұндай жағдай әсте болмаған. Оның мүбарак ауызынан шыққан сөздер ең керемет, әдеби, тиянақты әрі хикметті сөздер болатын.

Бұған қоса алты мыңнан астам аят түсетіндей ұзақ уақыт бойы ешкім қояншық ауруына төзе алмайтыны медицинамен де дәлелденген. Бұл әдейілеп қастандықпен айтылған пайымдаулар дін дұшпандары мен пайғамбарды (с.а.с.) толық түсіне алмағандардың қисынсыз сөздері ғана.

7. Сондай-ақ Құран Кәрім аяттарында ғылымға қатысты айтылған шындықтың Құран Кәрімнің қияметке дейін мұғжиза күйінде қалатындығын әр жаңалық ашылған сайын тағы да дәлелдеп отыр. Осылардың бәрі Құран Кәрімнің Пайғамбарымыздың (с.а.с.) ой толғауының жемісі екендігі жайлы айтылған пікірлердің дұрыс емес екендігін көрсетуде.

8. Құран Кәрімнің тарихи оқиғалар мен болашақта орын алатын жайттарды нақты дөп басып хабар беруі оның оқу жазу білмеген пайғамбардың ойынан туындамағандығына айқын дәлел.

9. Кейде уахи Аллаһ Елшісі (с.а.с.) қаламаған тәрізде келетін. Келген уахи кей уақытта оның пікірінің қате екенін білдіретін, ал кейде оның қаламаған нәрсесін әмір ететін. Тіпті кейде иләһи әмірді жеткізуде біраз селқостық танытатын болса, Аллаһ тарапынан қатаң сөгіс алатын.

Құран Кәрімнің кейбір аяттары пайғамбарымыздың базбір жағдайларда өз ыждағаттылығымен шығарған шешімдерін қадағалап, қабылдаған кейбір шешімдерін дұрыстап отырған. Өйткені ол Аллаһтың құлы және елшісі ғана еді. Құран мәтіндерінде келген бұл түзетулер кейде қатаң ескертпелермен де жүзеге асқан. Мысалы: Аллаһтың қазылық мәселесінде пайғамбарын түзетуі. (Ниса сүресінің 103-113); Исламға шақырудың кейбір алғышарттарына қатысты ескерту алуы, (Абаса сүресі, 1-11); Уахидің Пайғамбардың Құрайыш ақсүйектерінің талабын орындап, олар мен мұсылман пақырларына бөлек-бөлек отырыс арнауына тыйым салуы. (Әнғам сүресі, 52) Сол секілді Пайғамбардың Бәдір тұтқындарына қатысты іс-әрекетінде, Зиһарға қатысты үкім шығаруында, Кейбір мүшіріктерге дұға қылуында, Кейбір екіжүзділердің Табук жорығына бармауына рұқсат етуінде ескерту алуы да Құран Кәрімнің Аллаһ елшсінің сөзі емес екендігін айғағы. 

 

 

0 пікір