Періштелер – нұрдан жаратылған рухани болмыс. Періштелер адамнан бұрын жаратылған. Олардың өздеріне тән денелері бар. Олар адамдар секілді ішіп-жеуге, ұрпақ көбейтіп, көбеюге, шаршап-шалдығып, ұйықтауға мұқтаж емес. Жынысқа бөлінбейді. Қызғану, ашулану, ренжу, тәкаппарлану сияқты жаман сипаттар олардың пәк дүниесінен аулақ.
Атомдардың қозғалысын реттеп, әрбір жаңбыр тамшысын жерге алып түсетін, метеорит, жер шары, жұлдыздар, аспан жүйелері мен галактикалардың қозғалысын, бүкіл табиғат құбылыстарын бақылайтын, оларды қадағалап отыратын, жаратылыс әлемінің атомдары санына тең періштелер де бар.
Олар үнемі Ұлы Жаратушыларына ғибадат жасайды. Ғибадат – олардың қорегі. Олар Алланың бұйрықтарын бүге-шігесіне дейін бұлжытпай, айна-қатесіз орындайды. Олар ешқашан күнәнің кішісін де, үлкенін де жасамайды. Барлық күнә атаулыдан қорғалған. Қасиетті құранда:
«Оның жанындағылар (періштелер) Ұлы Жаратушыларына ғибадат жасаудан бас тартып, паңданбайды және құлшылық жасаудан шаршамайды. Олар жалығып, шаршамастан күндіз-түні Алланы (күллі кемшілік атаулыдан пәктеп) тәсбих етеді», «Періштелер Алланың бұйырған нәрселеріне қарсы шықпайды және не бұйырылса соны қалтқысыз орындайды», – делінеді.
Періштелердің болмысына қарай түрлі міндеттері бар.
Алла Тағала тарапынан періштелерге берілген қызметтерін құран аяттары мен Пайғамбар хадисіне негіздеп былай бөлуге болады:
- Алла Тағаланы күндіз-түні күллі кемшілік атаулыдан пәктеп, Оған мадақтар мен мақтаулар айтады
- Алланың таңдаулы болған Пайғамбарларына уахи жеткізеді
- Пайғамбарларға салауат пен сәлемдер жолдап, бүкіл адамдарға дүние тіршілігінде жақсы тілекте болады
- Пайғамбарлар мен мүміндерге рухани күш беріп, қиналған шақтарында рахатқа бөлейді.
- Адамдарға қорған болып, олардың әр іс-әрекетінде қызметші болады
- Адамдардың амалдарын жазып, сақтап қояды
- Аспан әлеміндегі орын алып жатқан жүйелі әрекеттерді қадағалап, бақылайды
- Адамзаттың жаратылуы мен өліміне қатысты жұмыстарды атқарады
- Алланың әмірімен адамдарға қамқоршы ретінде қызмет етеді