ОЛ СЕНДЕРДІ ЖЕР БЕТІНІҢ ХАЛИФАЛАРЫ ҚЫЛДЫ
ОЛ СЕНДЕРДІ ЖЕР БЕТІНІҢ ХАЛИФАЛАРЫ ҚЫЛДЫ
24.12.2020 19:29
674
0

Адам баласы Хақ Тағаланың ерекше етіп жаратқан, бойына әр қилы қасиет дарытып, Өзінің көркем есімдерін ең жақсы бейнеде көрсете алатын шеберлігінің туындысы. Тұла бойдағы сан қырлы қабілеттерді ғылым әлі толық танып біле алған жоқ. Бәрінің анотомиялық құрылысы бір болғанымен, қабілет-қарымы мен мінезқұлқы әр алуан. Сан түрлі болуының өзі Жаратқан иенің нағыз шеберлігін көрсететін дәлелдердің бірі.

 Құран Кәрімде осы мәселеге қатысты:  «Ол сендерді жер бетінің халифалары қылды және сендерді берген нығметтері арқылы сынау үшін (байлық, мансап, күш-қуат және ақыл-ой тұрғысынан) біріңді біріңнен әр түрлі дәрежеде үстем етті» («Әнғам» сүресі, 165-аят) делінген.

Міне, осы мәселені нақты білген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) адамдармен қалай қарым-қатынас жасағанына үңілсек, ол кісінің шебер әрі көреген басшы болғанына көзіміз жетеді. Ол ешқандай қабілеттерді ысырап етпей қолданғандықтан, аз уақыттың ішінде адам сенгісіз үлкен жетістіктерге жетті. Өзінің сахабаларын бойларындағы қабілеттеріне қарап, лайықты орындарға тағайындаған.

Мысалы, Әлиді қазылыққа, Муазды ұстаздыққа, Халидті қолбасшылыққа лайық көрген. Ал өзінен басшылық сұрап келген Әбу Зәррға көтере алмайтындығын білгендіктен ондай міндетті бермеген. Адамдардың сипаттарының әрқилы, тілдерінің, түстерінің сан алуан болуы Алла Тағаланың құдіреттілігінің айқын белгілерінен.

Әбу Бәкір (р.а.) өзінің мейірімділігімен, жұмсақтығымен Ислам үмбетіне өзіндік пайдасын тигізді.

Ал Омар (р.а.) болса өзінің қаталдығымен дұшпандардың кесірінен сақтандырып жәрдемдесті.

Мәселенің барлық түйіні адамның өз қабілеттерін дұрыс танып-білуіне келіп тіреледі. Адам баласы өмірде жақсы жетістікке жетуі үшін бойындағы қабілеттері мен бейімділіктерін дөп басып анықтауы қажет. Сол кезде ғана өзінің жақсы көретін ісін таңдап, үлкен жетістіктерге жете алады. Адам ұдайы тәрбиеленіп, жетіліп отыратын тіршілік иесі болғандықтан, өзін дамытып отыруы тиіс. Мына нәрсе менің қолымнан келмейді екен деп әр нәрсенің басын бір шалып, жалқаулық танытып, өмірден күдер үзуге болмайды. Өзінің бейімділігін тура анықтай алған жағдайда болашақ кәсібін де соған сай реттейді. Ақиқатында, әрбір адамға шамасы жететін істі атқаратындай өзіне тән қабілет-қарым берілген.

Психолог мамандар:

«Өз-өзіңді таны да, не істейтініңді анықта» деп ой қорытады. Осыған қатысты Жүсіпбек Аймауытов:

 «Неге арналсаң, соны істе» деп орынды айтқан. Сол кезде ғана оның өзіне әрі өзгеге пайдасы тиеді. Әйтпесе басшылыққа қабілеті жоқ адам міндетті түрде елді аузыма қаратып, оларды дегеніме көндіремін деп тыраштанса, масқара болудан басқа түк таппайды.

 Негізінен қабілетсіз адам жоқ. Тіпті кейбір мүгедек жандардың он екі мүшесі сауларға қарағанда үлкен жетістіктерге жетіп жатқанын өмірде кездестіріп жатқан жоқпыз ба? Мәселе жалқаулыққа салынбауда. Жетістікке жету үшін алдыменен мақсат, содан соң оған деген нақты сенім мен жігер қажет.

Негізінен кісінің бойында жақсылықпен қатар жамандыққа бейім қасиеттер де берілген. Сол сезімдерді орнымен пайдаланған кезде ғана кәмілдікке жете алады. Мәселен, адам баласы құмарлық сезімдерін адал жолмен неке қидырып үйлену, бала-шағалы болу арқылы тәрбиелесе, жақсылыққа қол жеткізеді. Ал жаман жолда пайдаланса, арсыздық пен ұятсыздыққа жол беріп, масқаралыққа душар болады.

 Сол секілді қырсықтық мінезді нәпсінің жетегінде кетпей, білім алу, халыққа қызмет жолында қолданса, үлкен жетістікке қол жеткізеді. Егер бұрыс бағытта қолданса, онда әдейі Жаратушыны танығысы келмейтін зұлымдардың бірі болып шыға келеді.

Доктор Джеймс Гордон Галилки:

«Расында адамның өзгедегіні қалауы деген нәрсе ежелден бері жалғасып келе жатқан құбылыс. Өзінде жоқты қалау барлық адам баласына тән жайт. Ал мүлде қаламау деген нәрсе жан дүниені рухани жүдеуге алып барады. Осы екі нәрсе адам үшін проблема болып табылады» деген.

 Бір оқымысты: «Сенің жаратылысың басқа, ешкімге ұқсамайсың, саған да ешкім ұқсамайды. Өйткені жаратушы жаратылғандарды бір-бірінен бөлек қылып жаратқан. Алла «Ләйл» сүресінің 4-аятында: «Негізінен кәсіптерің түрлі-түрлі» деген.

Бала тәрбиесі жайында он үш кітап және мыңдаған мақалалар жазған Ангело Баттеро былай дейді: «Денесі, ойы және болмысы басқа адам болуға құлшынатын кісіден асқан бақытсыз жан жоқ» деген.

 Әрбір адамның өзіндік қасиеттері, сипаты және күш-құдіреті бар және бір адам екінші адам болып өзгермейді. Эмерсон өзінің «Өз-өзіңе деген сенім» атты мақаласында:

 «Бір уақыт келеді, сол кезде антропология ғылымы қызғанышты ақымақтық деп, ал біреуге еліктеушілікті өзін-өзі өлтіру деп санайды. Қандай жағдай болса да өзін «өзіммін» деп санаса, міне, осы оның тағдыры. Мына дүние пайдалы нәрселерге қанша толы болса да, кез келген жан өзіне бөлініп берілген жерге егін егіп, еңбектенбейінше жеміске қол жеткізе алмайды. Адамның күш-жігері өз ішінде жасырынып жатады. Ешбір жан өзінің күшінің деңгейін өзі сынап байқап көрмейінше, біле алмайды»,- деген.

 

0 пікір