МЕШІТКЕ БАРУ - САУАБЫ МОЛ АМАЛ
МЕШІТКЕ БАРУ - САУАБЫ МОЛ АМАЛ
08.11.2019 11:12
280
0

«Негізінен Алла сендерге жеңілдікті қалайды. Өйткені адам баласы әлсіз жаратылған» (Ниса сүресі 28 аят) деп Алла өзінің сөзінде ашық баяндап айтқан.  Бірақта көпшілігіміз осы Алланың сөзіне мән бермей, өзіміз барлығына қол жеткіземізге салып, әлсіздігімізді мойындамауға дейін барамыз. Мына жалған дүниеде күйбең тіршіліктің артына түсіп,  бар ғұмырымызды құр әбігермен өткізіп жатамыз.

 Сондағысы  басқаларға пайдамыз былай тұрсын, өзімізге де қарайлауға мұршамызда қалмайтын кездері болады. Шаршап шалдығып еш нәрсеге құлқымыз соқпай, ақыр соңы өмірден баз кешіп те жатамыз. Сондай уақыттар адамның әлсіз екендігі байқалады.

Құрандағы: «Әй адам баласы! Аллаға мұқтажсыңдар. Алла Ол, әр нәрседен мұңсыз, өте мақтаулы»,- деген аяты дөп басып айтылған екендігін білесін.

Шыныменде адам тән мен жаннан жаратылғандықтан, тәннің азығын тауып жер, брақ та жанға дауа болатын, рахат табатын орындарды шатастырып жүреді.  Жұмыстан шаршадық, көңіл-күйіміз жоқ жанымыздың күйзелісін басамыз деп кейбіреулері тіптен  Алла лағынеттеген,  арақ-шарап қойылатын орындардан, жандарына рахат іздеп жүргендерін көресің.  Өздеріне рахат іздейміз деп күнә арқалап,  қайғының астында қалып жатқандарын анғармауда. Алайда адамды жаратқан Алла, оның жанына рахатты  қайда екенін және не оған рахат беретінін жақсы біледі. Солардың бірі Алланың жердегі үйі - Мешіт. Шынайы жан рахаты осы жерде.

Адамзаттың асыл тәжі  Пайғамбарымыз Мұхаммад (с.ғ.с) былай дейді: «Егер мешітке баруға әдетке айналдырған бір пендені көрсеңіз, оның иманды екеніне куәлік етіңіз»,- деп имандылықтың белгісі осы жерден басталатындығын да айтып кеткен. Тағы бір хадисте «Кім мешітті жақсы көрсе, Алла оны да жақсы көреді» дейді.

 Аллаға иман келтірген пенде өзінің мәңгі өмір сүрмейтінін біледі және мәңгілік мекенінің жұмақ болғанын қалайды. Алла елшісі (с.ғ.с) өзінің сөзінде: «Алла Тағала таңертен және кешке мешітке барған пендесіне, әр барған сәті үшін жаннаттан орын әзірлейді» деп сүйіншілеген.

 Өкінішке орай қазіргі таңда мұсылмандар өздерін мешіттен алыс ұстайды. Мешіттің орнына басқа жерлерге баруды таңдайды. Үнемі мешітке баратын пендесіне, сол адамдар үшін періштелердің көмегі болатындығын да ескермейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с)  мына хадисінде: «Мешітке жиі баратындар мешіттің тұрғындары, ал періштелер олардың отырыстарындағы серіктері, олар мешітте жоқ кезде оларды іздей бастайды,ал олар ауырып қалса періштелер олардың халдерін сұрайды, ал қиыншылыққа тап болып қалса періштелер сол жамағатқа көмектеседі»,- деген.

 Мешітті мекен етуші адам үш түрлі жақсылыққа қол жеткізеді:

Біріншісі Діні үшін пайдалы бауырларға ие болады.

Екіншісі Құран мен хадис естіп, білім алып дана сөзге байып қалады.

Үшіншісі Алланың мейіріміне  бөленеді.

 Адам баласы әрқашанда сауапқа өте мұқтаж, өйткені қиямет қайымда адамға пайда келтіретіні осы дүниеде жинаған сауаптары. Сол сауаптарда мешітте екенін ұмытпағанымыз жөн.

Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммад (с.ғ.с)  өзінің сөзінде біздерге былай жеткізген:«Егер адамдар азан шақыру мен алдыңғы сапта тұрудың сауабын қаншалықты көп екенін білгенде еді бір бірлерімен жеребия тартуға дейін бар еді. Егер адамдар мешітке намазға ерте келудің сауабын білгенде бір бірлерімен жарысар еді. Кешкі намазға барудың сауабын білгенде еңбектеп болсын барар еді» деген.

Абдураззақ Амр бин Маймун әл-Әудиден баян етеді: «Мен Мұхаммедтің (с.ғ.с) сахабаларын көргенмін. Олар: «Расында мешіт Алланың жердегі үйі. Алла Тағала өзін үйіне барып зиярат еткенді құрмет етеді»,-дейтін»,-дейді.

Егер қонақ жомарттың үйіне түссе, оның қонақжайлығы мен сый-сияпатына кенеледі. Ал, енді әлемнің Раббысына және жомарттардың Жомартына қонақ болып барған кісіге берілетін сыйлық пен сыбағаны елестетіп көріңіз. Қамшының сабындай мына қысқа ғұмырымызды дұрыс өткізіп, Алланың қаһары түсетін жерлерден емес, мейірім-рахыметі жауып тұрған мешіттерден табылуымызға нәсіп етсін.

 

Ербол СЕЙІТАХМЕТОВ,

Тереңкөл ауданы

«Қашыр» аудандық мешіті

        

0 пікір