МАТУРИДИ: «ТАҚЛИДИ ИМАН» ЖАЙЛЫ ҚАЗАҚ ОЙШЫЛДАРЫНЫҢ КӨЗҚАРАСЫ
МАТУРИДИ: «ТАҚЛИДИ ИМАН» ЖАЙЛЫ ҚАЗАҚ ОЙШЫЛДАРЫНЫҢ КӨЗҚАРАСЫ
29.06.2018 11:41
2217
0

Тақлид – қарапайым бір мұсылманның шарғи бір мәселенің үкімін орындау үшін ғылым иелерінің яки бір мәзһабтың шығарған үкімдеріне ілесуін, сол жолды ұстануын білдіреді. Өйткені, өздерін мұсылман санайтын бұқара халықтың таным-түсініктері әртүрлі. Тіпті, кейбіреулері өзі жаратылысқа қарап іздену арқылы Алланың барлығын, бірлігін тауып иман келтіру былай тұрсын өзге бір адам түсінідіріп, жетелегеннің өзінде қарапайым мәселелерді әрең түсініп жатады. Міне, осы тұрғыдан қоғамдағы көпшілік мұсылмандардың иманы әке-шешесінен, ұстазынан, өмір сүріп жатқан ортасындағы адамдардан естіп, көру арқылы соларға еліктей отырып келтірген иман деуге болады. Шариғатымыз иманның мұндай түрін теріске шығармайды, олар мұқаллид (тақлид жасаушы) мұсылман саналады. Егерде мұғтазила сынды ағымдар айтқандай, қарсы жақтың алдында өзінің сенімін дәлелдей алалатындай білімге ие болмаған мұсылман кәпір саналатын болса, онда әркімнің жоғары білім иесі немесе мұжтаһидтік дәрежеге жетуі тиіс болар еді. Бұл әркімнің қолынан келетін іс емес. Сол себепті, қасиетті Құранда: «Егер білмесеңдер білім иелерінен сұраңдар» («Нахл» сүресі, 43-аят) деген.

Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) бір хадисінде: «Сендердің араларыңдағы ең абзалдарыңа Құран мен хадис ілімі беріледі. Олар бұл ілімдерді өтірікшілердің ойдан шығарғандарынан, нысапсыздық пен білімсіздердің тәпсірлерінен қорғайды»[1] делінеді.  

Хадисте білімсіз адамдар өз алдына дінді дұрыс түсіне алмайтындығы айтылып, ілім берілген тақуа жандардың шығарған үкімдеріне ілесу (тақлид жасау) керектігі бұйырылып тұр. Сондай-ақ, сахабалар мен тәбиғиндар кезеңінде де, одан кейінгі мәзһабтардың қалыптасуы да бұқара халыққа діннің мәнін түсіндіру, сенімдері мен құлшылықтарын бір ізділікке түсіру мақсатында қалыптасып күнімізге дейін жеткені белгілі. Мәзһабтік жүйелер болмағанда, мұқаллид деңгейіндегі көпшілік халық діни көп мәселелерде дәлелдік көзқарасы болмағандықтан, әртүрлі ағымдар мен миссионерлердің күмәнді сұрақтарына жауап бере алмай, жетегінде кетіп қалуы әбден мүмкін еді. Алайда, біздің мәзһабта немесе ғалымдарымыз былай деген үрдістің негізінде діни наным-сенімінде берік болып келді. Әрине, бұл әрбір мұсылман өзінің сенім негіздерінің дәлелдерін қолынан келгенінше біліп жүруі керек емес дегенді білдірмейді.

Әрбір қазақ баласына жастайынан, «Құдай бір, Құран шын, Пайғамбар хақ» деген сенімді жадына сіңіріп, бойына мұсылмандық тәрбиені қалыптастыру дәстүрін атадан мирас етіп сақтап келгені белгілі. Әйткенмен, халқымыздағы мұндай дінді түсіндіру, жәю дәстүрі қатардағы кез-келген қазақ баласы өзінің мұсылмандығын өзгелердің алдында бұлтартпас дәлелдермен дәлелдей алатындай терең білім қалыптастырады дей алмаймыз. Яғни, бұқара халықтың иманы «Тақлиди иман» статусына сай деуге болады. Соған қарамастан, қазақ халқының дүниетанымында бұл статустағы адамдар Матуриди сенімдік мектептің ұстанымдарына сәйкес мұсылман саналды. Бұл сөзіміз дәлелді болуы үшін «Тақлиди иман» мәселесінің теологиялық қырын қазақ ойшылдарының көзқарасымен бірге, Матуриди сенімі негізінде қарастырып көрелік.                

Ұстаз, ағартушы Ы.Алтынсарин, «Иман пенделерде үш түрлі болар. Бір түрін иман тахқиқи деп атайды. Бұл иман тахқиқи дегеніміз сондай иман хазірет расул Алла тағаланың жанбунан (жанынан) алып келген бұйрықтарын бекер деп бүтін дүние жұрты сөйлеп тұрса да, ол жақсы адам сол растаған қалпынан көңілі заррадай (тозаңдай) қозғалып қайтпас. Екінші түрі – иман истидләли (сеніміне дәлел келтіре білу) деген. Құдай тәбарак уа тағала барлығын һәм бірлігін дәлелменен, ақылмен ойлап болып рас тұтуды айтады. Яғни, бұл көк пен жер, ай мен күн, теңіздер, адамдар уа ғейри дүниедегі ғажайып зат, мақлұқтардың бәрі әуелінде өз-өзінен жаратыла алмайды ғой, мұны жаратушы ешкімге теңдесі жоқ бір ие болса керек деп... Бұл рәуішше иман келтірмек әркімге уажиб (міндет), уажибті орнына келтірмегендер күнаһар болар. Үшінші бір түрі – иман тақлиди. Бұл иман – өз ақылымен Құдайды танымайынша, ата-бабаларының ұстап келе жатқан жолы ғой деп иман келтіргендердің иманы болар. Әрине, бұл иман надан халықта болады, соның ішінде ең әлсізірегі болса керек. Өзі ешнәрсеге түсінбей, біреудің сөзіне, мысалына еріп іс етуші кісі және бір айыпты шайтандай азғырушыға жолықса, бұл азғырушыға еріп кетіп, діннен шығуы да жеңіл болғаны үшін. Бірақ, осылайша әлсіз, қауіп-қатері көбірек иман болса да, Құдай тәбарак уа тағала бұл иманды да дұрыс деген һәм Кәләм шарифінде бұйырған: (уа лә тақулу лиман илқа илайкум саламун ләста муминун) яғни «ассалам алайкум!» деп сәлем бере білген кісіге де «мұсылман емессің демеңіз» депті»[2], - дейді.

Ы.Алтынсарин иманның үш түрін түсіндіре келіп, тақлиди иман дәрежесіндегі адамдардың сенімі дәлелсіз, өзгелерге ерумен болғандықтан әлсіз, қауып-қатерге тез ұшырау ыхтималдығы басым болатындын айтады. Соған қарамастан, «...Құдай тәбарак уа тағала бұл иманды да дұрыс деген һәм Кәләм шарифінде бұйырған: (уа лә тақулу лиман илқа илайкум саламун ләста муминун) яғни «ассалам алайкум!» деп сәлем бере білген кісіге де «мұсылман емессің демеңіз» депті» деп, дінде олардың мұсылман санатына жататындығын баса ескертеді. Әрі ғылым-білім іздеумен болған иман истидләли, сосын иман тахқиқи дәрежесіне жетуге үндейді.

А.Құнанбайұлы, «Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым. Ғалымдардың нақлиясымен мұсылман иман тақлиди (біреуге еріп қабылдаған иман) кәсіп қылады. Хакімдердің ғақлиятымен жетсе иман яқини (дәлелмен көз жеткізге иман) болады. Бұл хакімдерден мұрат – мұсылман хакімдері...»[3] деп, тақлиди иман сатысындағы мұсылманды дін шеңберінен сыйырып тастамайды. Керісінше, Ы.Алтынсарин тәрізді олардың соны кәсіп етіп бір сарынмен жүре бермей, хакімдердің дін туралы ақыли дәлелдік тұжырымдарын саралай отырып, өзіндік көзқарасы қалыптасқан яқини иман дәрежесіндегі адамдар сияқты болуға жетелейді.

А.Құнанбайұлының шәкірті Ш.Құдайбердіұлы да «Тақлиди иман» туралы өз көзқарасын білдіріп, ұстазының ұстанымын толықтырғанын көреміз: «Уа, достар! Алла тағалаға біреуден үйреніп, яки ата-бабаның жолымен ұғып, нанып, иман келтірген кісі де мұсылман болады. Олай да болса өз ақылыменен ойлап, осы дүниенің бір құдіретті күшті иесі болса керек деп, өз ақылыменен дәлел таппаған кісі қатты күнәһар болады және ондай кісі шайтанның азғыруына, берудің алдауына еріп кетуге жақын тұрады»[4], - дейді.

Ал, А.Үлімжіұлы бабамыз иманның сатыларын жеке-жеке жіктеп, аталмыш қазақ ойшылдары сияқты сөз етпесе де, А.Құнанбайұлының «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген өлеңін жыр шумақтарымен кеңітіп түсіндіру барысында «Иман тахқиқи»-ды сөз еткенін көреміз:

«Адамды махаббатпен жаратқан Хақ,

Достығын бір Алланың сенде іздеп тап.

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп»

Һәм шариғат жолына ұмтылып бақ.

Осыменен болады иман тәмам,

Ойлансын да, таратсын білген адам.

Алланың досын дос көр, дұшпанын жек,

Бұл тахқиқ пен иманың болар аман»[5].

Яғни, аталмыш ұлы тұлғалар бір-бірінен неше мың шақырым алыста өмір сүрседе имани көзқарастары үндес. Олардың бұл көзқарастары өздерінен он неше ғасыр бұрын өмір сүрген, Матуриди мәзһабының белді ғалымы имам Нәсәфидің (508/1114) «Табсиратул әдиллә» атты еңбегінде «Иман тақлиди» деген концепсиясын жалғасытырып келген. Имам Нәсәфи иман туралы Әбу Ханифаның мына сөзін жеткізеді: «Иман – тасдиқтау (яғни, иман шарттарын күмәнсіз қабыл етуді білдіреді). Дүниеде мұсылман қатарында үкім берілуі үшін иманын тілімен айтуы керек». Мұқаллидтің бойында иманның рукуны болған сенім (тасдиқтау) табылғандықтан, мүмін саналады. Өйткені, оның иман етуі Аллаға жақындау, разылығына қауышу болды. Бір мәжбүрліктен, көзімен көрген азаптан қорыққандықтан болған жоқ. Алайда, жаратылысқа ой жүгіртіп, ақыли дәлелдерді қолданбағандықтан, күнәкар болады. Бұл пікір Әбу Ханифа, Сәури, Малик, Әузағи, Шафиғи, Ибн Ханбал, Абдулла ибн Сағид әл-Қаттан және Махасибиден жеткені айтылады. Матуридиге тән болып, Матуриди Әбу Ханифадан риуаят еткен. Яғни, мүмін болу үшін жүрекпен растау жеткілікті. Әрі бұл көзқарас имам Матуридидің де таңдауы»[6], - деп мұқаллид ақылын жұмыс істетіп, Алланы тану жолында шаршамағанымен, өз еркімен мұжтаһид ғалымдарға еріп, Алла разылығын қалауын, сауап күтуін жеткілікті санайды.

Иман Нәсәфи көзқарасын дәлелдеу мақсатында, имам Матуриди, Құрандағы: «Олар (қиямет-қайымға қатысты) кейбір белгілерінің келуін күтуде ме? Белгілер келген күні бұрын-соңды иман келтірмегендің иманы ешқандай да пайда бермейді» («Әнғам» сүресі, 158-аят) деген аяттың тәпсірінде: «...Азапты көрген сәттегі иманы өз еркімен болған шынайы иман емес. Өйткені, ол қорқыныштан иман етті. Оның иманы құтты Перғауынның, «...теңіз суы қайта қосылып, Перғауынды жұта бергенде, ол: «Исрайыл ұрпақтарының иман келтіргенінен басқа құдай жоқ екеніне иландым. Мен енді Оған жан-тәнімен бағынған мұсылмандардың бірімін», – деді» («Юнус» сүресі, 90-аят) дегені тәрізді. Алайда, оған сол иманы пайда бермеді»[7], - деді. Демек, мұқаллидтің иманы тар кезеңде азаптан қорқу себепті болған жоқ. Керісінше, кең заманда Алланың разылығына қауышу, сауап үміт ету мақсатында болды. Сондықтан, мұқаллидтің иманы қабыл етілмейтін мағынада дегендік емес. Әрі Алла Тағала кеңшілігімен иманды жанға сауап беретінін уәде етті. Міне, осы тұрғыдан мұқаллид иман ету жолында шаршасын, шармасын сауабын жоғалтпайды. Оған шайх Әбу Мансурдің (р.х.) жоғарыдағы сөздері дәлел болады»[8] деген. 

Имам Нәсәфи, «Мұғтазилид Әбу Һашим, «мұқаллид, ол – кәпір» деп үкім берді. Мұғтазилдердің көпшілігінің көзқарасы бойынша, мұқаллид мүмін емес, ол ақли дәлелдерді қолданбағандықтан, әл-мәнзилату бәйнал мәнзилатәйынға (жәннат пен тозақтың арасындағы бір мекенге) барады. Яғни, олардың көзқарасы бойынша, иманды адам сенімін қарсы жақтың алдында дәлелдей алуы тиіс. Ал, мұқаллди сенімін дәлелдей алмағандықтан күнәкар болады. Олар күнәкар адамды мұсылман қатарынан шығаратындықтан, үкімді міне осы негізде береді»[9] деген. Яғни, мұғтазилидтердің бір бөлімі күнәкар адамды кәпір десе, енді бір бөлімі жәннатқа да, тозаққа да кірмейді, арадағы бір жәйда болады деп мәдениетті түрде мұсылман санатынан шығарады. Олар мұқаллидке де осындай үкім беріп, мұсылман қатарынан шығарып отыр.

Демек, Матуриди сенімі бойынша, тақлиди имандағы адам дәлелін егжей-тегжейлі білмесе де, иманның негізгі шарттарын білуі жеткілікті.  Оны ғибадаттан тыюға немесе дінсіз деуге ешкімнің ақысы жоқ. Абайдың тақлиди иман еткен жандар жайлы, «ғибадаттан тыюға аузымыз бармайды» деуі де соны білдірсе керек.

Самет Оқанұлы

 (Исламтанушы)  

 



[1] Мишкатул масабих, Китабул илим, 1-том, 36-бет.

[2] Ыбырай Алтынсарин, Өмірі мен шығармалары/құраст. Ардақ Мұқашева. – Алматы: «Рауан» баспасы, 2013. – 384 бет. 190-191 бб.

[3] Абай шығармаларының екі томдық толық жинағы, «Жазушы» баспасы, Алматы. – 2005. 336 бет. 138 б.

[4] Шаһкәрім Құдайбердіұлы, Шығармаларының үш томдық жинағы, Өкінішті ғұмыр. Жидебай: Халықаралық Абай клубы. – 2008. 2-том, 432 бет. 365 б.

[5] Ақыт Үлімжіұлы, Шығармалар, Шинжиаң халық баспасы, Үрімжі. – 1998. (3 томдық) 1-том, 689 бет. 297 б.

[6] Табсиратул әдиллә фи ұсулиддин лил имам Әбу Муғин Мәймун ән-Нәсәфи әл-Матуриди, (Мәктабатул азһария лит-турас» баспасы, Қаһира. – 2011. 1314 бет. 56; 154 бб.

[7] Бәкір Топалұғлы, Тәуилатул Құран ли Әби Мансур әл-Матуриди, 5-том, 268 б.

[8] Табсиратул әдиллә фи ұсулиддин лил имам Әбу Муғин Мәймун ән-Нәсәфи әл-Матуриди, (Мәктабатул азһария лит-турас» баспасы, Қаһира. – 2011. 1314 бет. 157 б.

[9] Табсиратул әдиллә фи ұсулиддин лил имам Әбу Муғин Мәймун ән-Нәсәфи әл-Матуриди, (Мәктабатул азһария лит-турас» баспасы, Қаһира. – 2011. 1314 бет. 161 б.

0 пікір