Кім бұзақы, кім содыр…?
Кім бұзақы, кім содыр…?
16.08.2019 11:45
1245
0

 Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек Мұқатай өзінің facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында «Біз үмбетке ақида, фиқһ, хадис, тәпсір үйретіп, бірақ адам болуды, яки адамгершілік жасауды үйрете алмай жүрміз» – деген ойымен бөлісті. Өкіл имамның айтуынша, кеше ғана намаз бастаған бауырымыздың маңайына жақындап кетсең саған төбеден қарап, мұрнын шүйіріп, шариғатты шағып тастаған адамша ақыл айтады дейді.

«Бізде иман болғанмен, ізгілік жасауға келгенде нәмәрттік танытып жататынымыз ащы болса да шындық. Орта ғасырларда ұлы мұсылман бабаларымыз мұқым әлемге иманымен, ілімімен, көркем-мінезімен үлгі-өнеге болған еді. Қазіргі таңда, кім бұзақы – мұсылман, кім есірткіні өсіреді – мұсылман, кім содыр – мұсылман…» – дейді Е.Мұқатай.

Ермек Тасболатұлы өзгелерге ғибрат үшін Лос Анжелесте  болған оқиғаны баяндай кеткен:

Лос Анжелесте 1984 жылы төрт жылда бір келетін төрткүл дүниенің басты бәсекесі – олимпиада ойындары өтіп жатты. Дзюдо күресіндегі 95 кг салмақтағы бәсекенің жартылай финалында жапон палуаны Яшухиро Ямашита жеңіске жеткенімен, оң аяғының сіңірін созып алды. Дәрігерлер қанша ем-дом жасағанымен, оң аяқ оңала қоймады. Ақтық сында боз кілемде Мысыр дзюдошысы Мұхаммед Әли Раушанмен белдесті. Яшухиро Ямашита татамиге оң аяғын сылтып басып, алпамсадай денесін әрең көтеріп шықты. Еңгезердей піл табан қарсыласы оң аяқтың тобығынан бір қағып жіберсе, жапан балуанының жауырыны жер иіскейтіні айдан анық. Белдесу басталысымен залдағы көрермендер тұс-тұстан «Раушан, оң аяқтан шал», «Оң аяқтан шал» деп ұрандап жатты. Бірақ, Мұхаммед Әли Раушан қарсыласының осал жеріне көз тіккен жоқ. Белдесу барысында бірде-бір рет Яшухиро Ямашитаның оң аяғына шабуылдамады. Әккі жапон палуаны реті келгенде қарсы әдіске көшіп, ұстау тәсілімен Мұхаммед Әли Раушанды жеңіп кетті. Сөйтіп, Мысыр палуаны күміс медальді місе тұтты. Белдесуден кейін журналистер: «Неге, ұтымды сәтті пайдаланбадыңыз? Жеңіс сіздің қолыңызда тұр еді ғой» деп сұрағанда, Мұхаммед Әли Раушан: «Менің дінім адамзат баласына, жаралы адамға, нақтырақ айтар болсам, біреудің осал жеріне соқтықтпауға шақырады. Медаль үшін мен ондай арсыздыққа бара алмас ем» деп жауап қатты. Жапония үкіметі Мұхаммед Әли Раушанның мәрт қылығына дән риза болып, оны олимпиада аяқталған соң Токиода төбесіне көтеріп, қонақ қылды. Және Мұхаммед Әли Раушанның ер мінезіне тәнті болған мыңдаған жапондықтар Хақ дінді қабылдады. Сондай-ақ, өкіл имам, иман мәселесінде алда болғанымыз секілді, адамгершілік жасауда да алда болуға тиістіміз, деп санайды.

 

kazislam.kz 

0 пікір