ИСЛАМ ЖОЛЫ - БАҚЫТ ЖОЛЫ
ИСЛАМ ЖОЛЫ - БАҚЫТ ЖОЛЫ
27.05.2019 18:12
313
0

Ислам Алла Тағаланың адамзат баласына жіберген соңғы діні. Бұл діннің үкімдерін қияметке дейін Хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) үмметіне бақытты болу үшін жүктеген. Ислам жолы ол бақыт жолы және ертеңгі жәннәтқа бастап барар жол.  Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:

وَمَن يَبْتَغِ غَيْرَ الإِسْلاَمِ دِينًا فَلَن يُقْبَلَ مِنْهُ وَهُوَ فِي الآخِرَةِ مِنَ الْخَاسِرِينَ 85

Кім Исламнан басқа бір дін іздесе, әсте одан қабыл етілмейді де ақыретте зиянға ұшыраушылардан болады. (85)

Бұл аятта Алла Тағала Исламнан басқа дінді қош көрмейтінін яғни қабылдамайтынын айтып жатыр. Ислам деген арабтың سَلَمَсалама деген түбірінен шыққан яғни сәлем бейбітшілік тыныштық деген мағына. Имандылықтың шымылдығы сәлемнен басталады ғой.

Исламның хақ дін екенін білу үшін: мұсылмандардың бір-бірлеріне сәлем берулеріне мән берудің өзі жеткілікті. Біздер бір-бірімізге «Қайырлы таң» немесе «Қайырлы түн» дейміз. Мұндай құрғақ қарапайым сөздердің орнына, мұсылмандар өзара: «Ассаламу алайкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ» дейді, мұның мағынасы «тыныштық және сәлеметтік, Алланың рахметі және берекесі сіздерге болсын». Бұдан да мағыналы сәлем болуы мүмкін бе? Ұлы Жаратушының ақырғы пайғамбары жер бетіне бейбітшілік орнату үшін жіберілген. Құранда бұл турасында:

وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا رَحْمَةً لِلْعَالَمِينَ

«Біз сені әлемдерге тек рақым етіп қана жібердік» (Әнбия-107),- деп сан ғасырлар бойы мұсылмандар осы ерекшелікпен өз діндерін мақтан етіп, насихаттауда.

Ислам әрбір дін өкіліне құрметпен қарайды. Ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап бөлмейді. Адамға адами тұрғыдан баға беріп, Алла алдында ешкім ешкімнен жоғары емес, тек тақуалық пен діндарлықта ғана дәрежелері жоғары болады деген сеніммен әрекет етеді. Себебі Алла Тағала Құранда:

يَاأَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَاكُمْ مِنْ ذَكَرٍ وَأُنثَى وَجَعَلْنَاكُمْ

شُعُوبًا وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِنْدَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ إِنَّ اللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ

«Ей, адамзат! Сендерді Біз әуелде бір еркек, бір әйелден, бір ата, бір анадан жараттық. Өзара қарым-қатынас жасауларың үшін көптеген ұлт, ұлыс етіп көбейттік. Сендердің бір-біріңнен артықтығың несібелеріңмен емес, діндар-тақуалықтарыңмен есептеледі» (Хужурат сүресі, 13-аят), - деп бұйырса, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да былай дейді: «Ей, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз Алланың алдында ең мәртебелілерің діндар болғандарың».

Қоғам ішінде бүліншілік пен алауыздықты тоқтату әрбір мұсылманның міндеті. Құран мен Хадис біздерге осыны бұйырады. Қоғамның бірлігі мен ынтымағы үшін кейбір істен бас тарту иманның кемелдігінен.

Әлемдік діндердің ешбірі қоғам тыныштығын бұзуға рұқсат бермейді. Сол секілді Ислам дінінің де өзіндік ерекшеліктері бар. Ең басты ерекшелігі қоғамды басқарушы әміршіге әрбір мұсылманның бағынуын, тыңдауын талап етеді:

يَاأَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَطِيعُوا اللَّهَ وَأَطِيعُوا الرَّسُولَ وَأُوْلِي الْأَمْرِ مِنْكُمْ

«Ей, иман келтіргендер! Аллаға, пайғамбарға және өз араларыңдағы әмір иелеріне бойұсыныңдар» (Ниса-59).

Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында былай дейді: «Кім маған бойұсынса, Аллаға бойұсынған болады. Кім маған қарсы шықса Аллаға қарсы шыққан болады. Кім әміршіге бойұсынса, маған бойұсынған болады. Кім әміршіге қарсы келсе, маған қарсы келгені» (Муслим риуаяты).

Тағы бір хадисте былай дейді: «Кімде-кім бойұсынбай бағынбаса, яғни мойынұсынбай жамағаттан бөлініп кетіп, содан кейін сол кеткен күйінде өлетін болса, онда ол надандық өліммен өлген болады» (Муслим риуаяты).

Ал қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салуға Алла Тағала мұсылмандарға қатаң түрде тыйым салады. Қасиетті Құранда бұл мәселе жайында былай дейді:

وَالْفِتْنَةُ أَكْبَرُ مِنْ الْقَتْلِ

«Бүлік шығару адам өлтіруден де бетер» (Бақара сүресі, 217 аят).

مَنْ قَتَلَ نَفْسًا بِغَيْرِ نَفْسٍ أَوْ فَسَادٍ فِي الْأَرْضِ فَكَأَنَّمَا قَتَلَ النَّاسَ جَمِيعًا وَمَنْ أَحْيَاهَا فَكَأَنَّمَا أَحْيَا النَّاسَ جَمِيعًا

«Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық жасамаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса) барлық адамды тірілткенмен тең деп жаздық» (Майда сүресі, 32 аят). Міне көріп отырғанымыздай Алла Тағала мұсылмандарға қоғам ішінде бүлік шығаруларына тиым сала отырып: «Жер беті түзетілгеннен кейін бүлікшілік жасамаңдар» (Ағраф сүресі, 56 аят) деп үстеме аятпен қайталап ескертеді.

Ислам қоғамдағы тыныштық пен ынтымақты сақтау үшін төмендегі қағидаларды талап етеді:

1. Өзгенің ақысын бұзбау: Ислам дінін қабылдаған, Құраннан нәр алған әрбір мұсылман өзгенің ақысын жемей, ала жібін аттамай, өзге мұсылман бауырына зиянын тигізбеу керек. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Мұсылман мұсылманның бауыры. Ол бауырына зұлымдық жасамайды және оны залымдарға тастамайды. Кім бауырының мұқтаждығын өтесе, Алла да оның мұқтаждығын өтейді» (Бухари риуаяты).

2. Әділ болумен жақсы қатынас жасау: адам өмірінің бір қалыпты болуы үшін барлығына бірдей әділ болу керек. Қоғам тыныштығы үшін бұл басты талап. Сонымен қатар өзгелермен қарым-қатынасты дұрыстау керек. Құранда бұл жайында былай дейді:

إِنَّ اللّهَ يَأْمُرُ بِالْعَدْلِ وَالإِحْسَانِ وَإِيتَاء ذِي الْقُرْبَى وَيَنْهَى عَنِ الْفَحْشَاء وَالْمُنكَرِ وَالْبَغْيِ يَعِظُكُمْ لَعَلَّكُمْ تَذَكَّرُونَ

«Анығында Аллаһ адамдарды әділ болуға, жақсылық жасауға, ағайынға қарайласуға бұйырады. Арсыздықтан, тоңмойындықтан, азғындықтан тыяды» (Нахыл-90).

3. Жақсы мінезге ие болу: Ислам жақсы мінез-құлықтан тұрады. Мұны да Құран ақлағы дейміз. Пенденің иман тұрғысынан кемелдігі мен әлемнің тыныштығы жақсы мінез-құлықпен жүзеге асады. Алла Тағала мұсылмандарға барлық жақсы амалды жасауды бұйырып, жаман іс-әрекет пен қылықтан аулақ тұруды әмір етті.

4. Сенім еркіндігі: Ислам жеңіл дін әрі ешкімді діни сенімі үшін айыптамайды. Дінде зорлық жоқ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Жеңілдетіңдер қиындатпаңдар, сүйіншілеңдер қорқытпаңдар»,- деген.

5. Мейірімді және кешірімді болу: Ислам әрбір пендеге мейірімді және кешірмді болуды бұйырады. Аятта былай дейді:

خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ 199

«Кешірім жолын ұста, дұрыстыққа бұйыр, білместіктен аулақ бол» (Ағраф-199)

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір хадисімен аяқтайық: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке басына өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде кім жәннәттің дәл ортасында өмір сүргісі келсе, бірге болуға мән берсін» (Тирмизи, Фитән 7).

Алла Тағала барлығымызды ақырғы демімізге дейін Ислам жолынан айырмасын. Әмин.

 

Әбдімүтәли ОМАРОВ

Ақсу қалалық мешітінің бас имамы

 

 

 

 

0 пікір