ИМАНСЫЗ ЕЛ ӨСПЕЙДІ
ИМАНСЫЗ ЕЛ ӨСПЕЙДІ
27.02.2019 11:03
1417
0

Өткен ғасырдың басында ғана мұсылманы санаулы Еуропада қазір не көп, күмбезі зәулім мешіттер көп. Себебі,  басқасы басқа, өсімқорлыққа құрылған барлық қаржы жүйесінің тас-талқаны шыққан Еуропа енді Ислам елдері ұстанған бағытқа біржола бет бұрды. Елді иманнан айыру, адамдарды тұрмыстық қамсыздыққа дағдыландыру, әйелдерге шектен тыс еркіндік беру – мемлекетті құрдымға құлататынын бұл құрылық әбден түсінді.

Осы күнде Францияда – 5-7 миллион (жергілікті халықтың 10 пайызы), Германияда – 4 миллионнан астам, британдықтарда – 1,7 миллион, Италия мен Голландияның әрқайсысында бір миллионнан мұсылман тұрады. Бұл сан жыл сайын еселеп өсуде. Себеп, мұсылман халықтан үлгі алып, үйренер тәлім-тәрбие көп. Алланың қаһарынан қорыққан жұрттың әйелдерінде некесіз бала туу, жасанды түсік түсіру, жастайынан жатырдың аузын буғызып тастау сияқты жат қылықтар атымен жоқ. Қазір халықтың тамырын солдыратын осындай сорақылықтар Еуропаны дендеп тұр, біздің елдің соры да осы. Дерекке жүгінсек, некесіз туған балалар Швецияда – 52,5 %, Данияда – 49,9%, Ұлыбританияда – 33,6 %, Германияда – 41 %-ды құрайды.

Несіне жасырайық, некесіз туған балалар саны Қазақстанда да жыл сайын ұлғайып келеді. Мысалы, 1999 жылы некесіз туғандар 51 900 болса, 2009 жылы бұл көрсеткіш 75 400-ге жетіпті. Соңғы мәліметтерге сенсек, біздің елде әрбір бесінші бала некесіз туады. Бұл тұрғыда, әрбір үшінші сәбиі некесіз туатын Ресейді артқа тастап кеттік. Ал, ең сұмдығы, шаранасын жатырында тұншықтырып, жасанды түсік жасатушылар қатары да біздің елде жыл өткен сайын қалыңдап барады. Азия елдерінің ішінде жалғыз Қазақстан ғана жасанды түсік жасатудан қара көрсетпей тұр. Соңғы деректер жыл сайын республика бойынша түсік жасату 150 мыңнан 375 мыңға жоғарылап кеткенін көрсетеді. 375 мың дегеніңіз Өскемен секілді тұтас бір қаланың халқы. Сонда біздің елдің қыз-келіншегі мен дәрігерлері жасанды түсік жасаудың кесірінен жыл сайын бір қаланың тұрғындарына пара-пар жан иелерін қандауырдың ұшымен қырып отыр деген сөз. Қатыгездік пен мейірімсіздіктің бұдан асқан мысалы болар ма?

Ел аман, жұрт тынышта қыруар жанды қынадай қырудың  түп негізі имансыздықта  жатыр ғой. Әйтпесе, ислам діні қанат жайған мемлекеттерде жоғарыдағыдай жантүршігерлік қылмыстың бірі жоқ.

 

0 пікір