ИМАН МЕН АМАЛ
ИМАН МЕН АМАЛ
19.02.2021 10:57
252
0

Иман мен амал мәселесі, дәлірек айтсақ, «Иман мен амал бір ме немесе бөлек пе?» - деген сұрақ Ислам дінінің алғашқы кезеңдерінен бастап өзекті болған мәселелердің бірі. Бұл сұрақтың пайда болып, көптеген бір-біріне кереғар көзқарастардың қалыптасуына себеп болуы – үлкен күнә істеген адамның жағдайынан бастау алған. Себебі, иман мен амалды бір нәрсе деп есептеу «Парыз амалды істемеген немесе харам істі жасаған адам иманнан шығып кетеді», - деген қорытындыға апарады. Ал, екеуін бір-бірімен мүлде байланысы жоқ, екі бөлек нәрсе деп санау– «Амалды тәрк етуге болады», - деген түсінікке жетелеуі мүмкін. Осы секілді сұрақтарға қатысты әртүрлі пікірлер айтылған. Мысалы, Харижилер мен Муғтзаила мектебі амалды иманның бір бөлігі деп санап, амал жоқ болса, иман да жоғалатындығын айтқан. Ал, Әһлу сүннет ғалымдары «Амал иманның бір бөлшегі емес. Ол – адамның мұсылман екендігінің сыртқы белгісі», - деп айтқан. Әрбірінің айтар уәждері бар. Енді соларға кезек берейік...

         Харижилердің көзқарасы. Аталмыш мәселені ең алғаш көтергендер – осы харижилер болған. Ислам тарихына көз жүгіртіп көрсек, Сыффин оқиғасы кезінде қарсы тараптың ортадан бір-бір төреші шығарып, солардың төрелігіне тоқтауды сұраған ұсынысын Хазірет Әли (р.а.) халифа қабылдаған болатын. Міне, осы кезде Әлидің (р.а.) әскерінен бір топ адам «Құран тұрғанда адамның төрелігіне жүгіну дұрыс емес», - деп айыптап, бұл әрекетті үлкен күнәға балап, үлкен күнә істеген адамның діннен шығатындығын айтқан. Осылайша, өз ойларынша діннен шыққан халифаға бағынудан бас тартып, өз беттерімен бөлініп кетті.

         Олар иман мен амалды бір санап, үлкен күнә істеген адамның діннен шығатындығы тұрғысындағы көзқарастарына[1] Ібілістің жағдайын мысал қылып келтірді. Харижилер Ібілістің Аллаға иман етіп, құлшылық қылғанын, алайда, Құранда баяндалғандай Алла Тағала Адамды (а.с) жаратып, оған сәжде етуді бұйырғанда, сәжде жасамай Алланың әмірінен бас тартып, осылайша, лағынетке ұшырап, мәңгілік тозаққа түсуге лайықты болғанын (Сад сүресі, 71-78 аяттар) айтып, мұны үлкен күнә істеген адамның кәпір болатындығына дәлел қылған.

         Сондай-ақ, «Кім Алланың түсіргенімен үкім шығармаса, міне, сол нағыз кәпір», - деген аятты да (Мәидә сүресі, 44 аят) өз көзқарастарын қуаттайды деп санаған.

         Муғтазиланың көзқарасы.

         Амалды, яғни, діннің әмірлерін орындап, тыйымдарынан тыйылуды иманның тіректерінің бірі санаған Муғтазиланың пікірінше үлкен күнә істеген, яғни, Құран аяттары немесе мутәуәтир хадистер арқылы бекітілген діннің әмірлерін орындамаған және діни тыйымдарды аяққа таптаған адам иманнан шығады. Алайда, күпірге де кіріп кетпейді. Екеуінің ортасында тұрады. Оған «фасық» деп айтылады. Тәубе етпестен өліп кететін болса, тозаққа кіріп, онда мәңгілікке қалады[2].

         Муғтазила бұл көзқарастарына мынадай аяттарды дәлел болады деп есептейді:

         «Кімде-кім Аллаға және пайғамбарына қарсы келіп, Оның белгілеген шекарасынан аттап кетсе, оны ішінде мәңгілік қалатын отқа тастайды. Оның сыбағасы – қорлаушы азап болады» (Ниса сүресі, 14 аят).

         «Жоқ, олай емес! Кімде-кім жамандық жасап, сол жасаған жамандықтары өзін жан-жақтан қоршап алса, міне, солар – тозақтықтар. Олар онда мәңгі қалады» (Бақара сүресі, 81 аят).

         «Кімде-кім бір мұсылманды әдейі өлтірсе, оның жазасы – ішінде мәңгі бақи қалып азап шегетін тозақ болады. Сондай-ақ, Алла оған қаһарын төгіп, лағынеттеді. Әрі, ол үшін үлкен азап дайындады» (Ниса сүресі, 93 аят).[3]

         Сонымен қатар, Алла Тағаланың Құранда мұсылмандардың құбыласын Ақса мешітенен Әл-Харам мешітіндегі қасиетті Қағбаға ауыстырғандығын баяндап, аяттың соңында Ақса мешітіне қарап оқыған намаздарының да текке кетпейтіндігін айтқанда «Алла Тағала имандарыңды босқа жібермейді (Бақара сүресі, 143 аят)», - деп «иман» сөзін «намаз» мағынасында қолдануын да Муғтазила иман мен амалдың бір екендігін білдіреді деп түсінген.

         Сондай-ақ, олар Алла елшісінің (с.ғ.с.) «Зина жасаушы кісі мұсылман болған күйде зина жасамайды. Шарап ішуші кісі шарап ішіп жатқанда мұсылман күйде шарап ішпейді. Ұрлық жасаушы кісі ұрлық жасаған кезде мұсылман күйде ұрлық жасамайды», - деген хадисін де[4] өз көзқарастарына дәлел қылған.

         Әһлу сүннет ғұламаларының көзқарасы.

         Жоғарыда баяндағандай, әһлу сүннет ғалымдары амалды иманның бір бөлшегі есептемейді. Денемен жасалған амал жүректегі иманның белгісі болып табылатындығын, жүректе сенім бар екенін көрсететіндігін, иманға қосымша нәрсе екендігін, сондай-ақ, амалды тәрк еткен адам иманнан шықпайтындығын, үлкен күнә жасау күпірлік боп саналмайтынын айтады[5]. Үлкен күнәнің күпірлік емес екендігіне төмендегі аяттар дәлел болады.

         «Алла Тағала Өзіне ортақ қосқанды кешірмейді. Ал, оның тысындағыларды істегендерден қалаған пендесін кешіреді» (Ниса сүресі, 48 аят).

         (Әй, Мұхаммед (с.ғ.с.)! Оларға менің мына сөзімді жеткіз): «Уа, күнәға батып, өздеріне жамандық қылуда шектен асқан құлдарым! Алланың мейірімінен күдер үзбеңдер! Алла Тағала бүкіл күнәларды кешіреді! Ол – Өте кешірімді, Аса мейірімді» (Зумәр сүресі, 53 аят).

         Аталмыш аяттарға сүйенген Әһлу сүннет ғалымдары қарсы тарапөз көзқарастарына дәлел ретінде келтірген аяттарда айтылған іс әрекеттерді адал санап істеген адам ғана күпірлікке түсетіндігін,себебі, халалды харам, харамды халал санау адамды діннен шығаратындығын айтқан[6].

         Сондай-ақ, Имам Табари мұсылманды әдейі өлтіруге қатысты айтылған аяттың тәпсірінде әртүрлі тәпсіршілердің пікірін келтіргеннен кейін «Бұл сөздердің ішіндегі ең дұрысырағы: Бір мұсылманды әдейі өлтірген кісінің жазасы – егер, жазалайтын болса, мәңгілік тозақ болады. Алайда, Алла Тағала Өзіне және елшісіне иман еткендерге кеңшілік қылып кешірім береді, мәңгілік тозақпен жазаламайды. Не мейірімімен кешіріп, тозаққа мүлде кіргізбейді немесе тозаққа кіргізіп, сосын кеңшілігімен ол жерден шығарады», - деп, бұған дәлел ретінде жоғарыда айтылған Зумәр сүресінің 53 аятын келтірген «Уа, күнәға батып, өздеріне жамандық қылуда шектен асқан құлдарым! Алланың мейірімінен күдер үзбеңдер! Алла Тағала бүкіл күнәларды кешіреді! Ол – Өте кешірімді, Аса мейірімді».[7]

         Ал, құбылаға қатысты айтылған «Алла имандарыңды жоққа шығармайды», - деген аяттағы «иман» сөзінен мақсат – алғашқы уақыттағы мұсылмандардың құбыланың Ақса мешіті екендігі туралы сенімі. Себебі, Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Мәдинә қаласына көшіп келген соң Ақса мешітіне қарап намаз оқу бұйырылған еді. Мұсылмандар да Алланың әміріне сай Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бойұсынып, Құдысқа қарап намаз оқыған болатын. Демек, Алланың әмірі бойынша Құдысқа қарап намаз оқу керектігіне сену – иманның негізі болса, ал, денелерімен соны жүзеге асыру сол иманның – іс-әрекетте көрініс беруі болып табылады. Сондықтан, аятты «Намазды Құдысқа қарап оқу парыз екендігіне сенген сенімнің және осы сенім негізінде оқылған намаздың босқа кетпейтіндігі» айтылып тұр деп түсінуіміз керек.[8]

         Сондай-ақ, Құран Кәрімде көптеген аяттарда[9] иман еткендер мен ізгі амал істегендердің «және» деген шылау арқылы бөлініп келуі де – иман мен амалдың бір-бірінен бөлек нәрселер екенін білдіреді.

         Имам Әбу Ханифа «Әл-Уасия» атты кітабында иман адамның мойнынан ешқашан түспейтіндігін, ал, амалдардың кей кезде түсетіндігін айтады. Мысал ретінде, кедей адамға зекет парыз емес екендігін, алайда, иман оған әрдайым парыз екендігін, әдеті келген әйел кісінің мойнынан ораза-намаз түскенімен, иман ешқашан түспейтіндігін айтады. Оразаның қазасын өтегенімен, иманның қазасын өтеу деген нәрсенің жоқ екендігін келтіреді.

         Иман келтірген кісілер үшін иманы аз немесе көп деген сөз қолданылмайды. Ал, амалдар үшін аз-көп деген сипат қолданылады. Мысалы, Алла Тағала Құранда «Ол күні амалдардың таразыға тартылары анық. Кімнің сауабы ауыр басса, сол құтылады», - деген (Ағраф сүресі, 8 аят). 

         Бұл айтылғандардың барлығы иман мен амалдың екі бөлек нәрсе екенін көрсетеді.

         Осыған сүйенген Әһлу сүннет ғалымдары жоғарыда Муғтазила дәлел ретінде келтірген хадисті аталмыш арақ, зина, ұрлық секілді күнәларды жасау кәміл мұсылманның әрекеті емес екендігін баяндау үшін айтылған деп түсіндірген. Себебі, Алла елшісінің (с.ғ.с.) басқа бір хадисінде былай келеді:

         Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Маған Жебірейіл періште «Үмметіңнен Аллаға ортақ қоспастан дүниеден өткендер жұмаққа кіретіндігін айтып сүйіншіле!», - деді. Мен ««Зина жаса да, ұрлық қылса да жұмаққа кіре ме?», - деп сұрап едім. Ол «Иә», - деп жауап берді», - дейді.

         Сонда Әбу Зәрр (р.а.) «Зина жаса да, ұрлық қылса да жұмаққа кіре ме?» - деп сұрайды.

         Алла елшісі (с.ғ.с.) «Иә, тіпті, арақ ішсе де», - деп жауап береді[10].

         Бұл хадистен де байқағанымыз, амалдың иманның бір бөлшегі емес екендігі. Демек, діннің әмір-тыйымдарына амал жасамау (харам істеу, парызды тәрк ету) адамды діннен шығармайды.

         Дегенмен, Әһлу сүннет ғалымдарының пікірі бойынша «Амал мен иманның екі бөлек нәрсе болуы – олардың арасында ешқандай байланыс жоқ», - дегенді білдірмейді. Егер, араларында ешқандай байланыс жоқ болса, көптеген аяттарды иман мен ізгі амал екеуі бірінен кейін бірі айтылмас еді. Адамға амал парыз болуы үшін иманды болуы шарт. Себебі, Құранда «Уа, иман келтіргендер! Сендерге ораза парыз қылынды», - делінсе (Бақара сүресі, 183 аят), Басқа бір аятта «Намаз – мүміндерге белгілі бір уақыттарда парыз етілді», - деп келеді (Ниса сүресі, 103 аят).

         Адам иман негіздерін шын жүрекпен қабылдағаннан кейін, діннің міндеттерінің ешбірін орындамауы немесе тыйым салынған нәрселерді оп-оңай істеуі мүмкін емес. Бұлай істеу – Ислам дінін тек қана танымдық жүйе ретінде шектеп қояр еді. Сондай-ақ, ешқандай амалы жоқ иманның уақыт өте келе жоғалып кету қаупі де бар. Сондықтан, амалды иманнан толықтай бөлек нәрсе деуге келмейді. Амал – иманның жемісі болып саналады.

Қорыта айтқанда, иман – амалдың қабыл болуының шарты. Ал, амал – иманның қуаттылығы үшін қажетті нәрсе.

 

Есімбек СОВЕТ

Қалалық «Умар әл-фаруқ» мешітінің бас имамы



[1] Бағдади, Усулуддин, 274 бет.

[2] Шәһристани, Ниһәятул иқдам, 470.

[3] Матуриди, Таухид, 349.

[4] Бұхари хадистер жинағы, №6782.

[5] Бәқиллани, Тәмһид, 85, 390; Ғазали, Қауағидул ақаид, 260 бет.

[6] Матуриди, Таухид, 349; Шәһирстани, Ниһәятул иқдам, 477 бет.

[7] Табари тәпсірі, Ниса сүресі, 14 аят.

[8] Журжәни, Шархул мауақиф, 3 том, 626 бет.

[9] Бақара сүресі, 277 аят; Иунус сүресі, 9 аят; Худ сүресі, 23 аят.

[10] Бұхари, Сахих, №6443.

0 пікір