ИМАН ЕТКЕНДЕР АЛДАНБАЙДЫ
ИМАН ЕТКЕНДЕР АЛДАНБАЙДЫ
12.08.2022 11:27
181
0

قَالَ اللهُ تَعَالَى: اِنَّمَٓا اَمْرُهُٓ اِذَٓا اَرَادَ شَيْـًٔا اَنْ يَقُولَ لَهُ كُنْ فَيَكُونُ، فَسُبْحَانَ الَّذِي بِيَدِهِ مَلَكُوتُ كُلِّ شَيْءٍ وَاِلَيْهِ تُرْجَعُونَ. (سورة يس، 82-83)

Aлла Тағала былай бұйырады (мағынасы): “Бір нәрсенің болуын қалаған кезде Оның ісі оған тек: ‘Бол!’ – деп айту ғана, сонда ол нәрсе бірден бола қалады. Барлық нәрсенің тізгіні бірөзінің ғана қолында болған Алла мінсіз, барлығың Оған қайтарылудасыңдар”.  (Ясин сүресі, 82, 83-аят)

Ақырет – мәңгілік өмір. Құран кәрімде бізге айтылған ақыреттік өмірдің ақиқат екеніне сенеміз. Ғайып әлемінің бүгінгі көріп, біліп жүрген әлемімізден шексіз үлкен, әрі ең ғажап және ертең (ақырет) үшін таптырмас өмір екендігінде сөз жоқ. Бұған “Апырау!” деп күмәнданатындардың жүректері соқыр. (Адамның сенімі мынадай болуға тиіс:) “Әуелі Aллам мені жаратты. Және Aллаға ораламын. Алдына барғанда Раббымның бір әлемінде қалайша тірілтілмеймін? Қалайша рақымына қауыша алмаймын? Алла Тағала соңғы демде иман нәсіп етсін”.

Пайғамбарымыздан (с.a.у.) риуаят болған: “Мынадай адамдарға таң қаласың: Aлланың жаратқанын көріп тұрып, Aллаға күмән келтіреді. Бірінші тірілуді таниды да, ақыретте тірілуді мойындамайды. Күн сайын өліп-тіріліп жатса да, өлген соң қайта тірілуді теріске шығарады. Жәннат пен жәннат нығметтеріне иман ете тұра, алдамшы дүние үшін тырбаңдайды. Әуелі бел суы болып, ақыры өліп шіритінін біле тұра, бәрібір кеуде керіп, мақтанады”. 

Біз бар болсақ, біздің іліміміз бар болса, Aлла Tағала мен оның ілім, құдіреті одан да бұрын бар. Қазіргі мәлім әлем бар болса, ертеңгі ғайып әлем де, тап солай бар. Бүгін болмағандар ертең болады. Бүгін сенбегендеріңе ертең сенуге мәжбүр боласыңдар. Еш қателескіміз, адасқымыз және түпсіз үмітсіздікке ұрынғымыз келмесе, ештеңе және ешқандай күмән шайқалта алмайтын хақ негізге иман етуіміз керек. 

Тек мүмкін нәрсені мүмкін емес демейік, қайырдың орнына жамандыққа ұмтылмайық, әйтпесе мүмкін емес дегеніміздің мүмкін екенін көргенде өкінеміз.

Судан от, өліден тірі шыға ма? Aлланың қалауымен шығады. Көкке көтерілуге бола ма? Aлланың қалауымен болады. Қабірде сұрақ-жауап бола ма? Aлланың қалауымен сұралады. Өлген тіріле ме? Aлланың қалауымен тіріледі. Ал адам жаратушы бола ала ма? Жоқ. Oл Aлланың қалауымен құс жасаса да, өліні тірілтсе де, бәрібір құл, құл болып қала бермек. Барлық мүмкіншілік Aлланың құдіретінде.

Міне, Пайғамбарымыз  Mұхаммед (с.a.у.) бізге иманды, тәухид ақидасын және соған сай салих амалды үйрету үшін жіберілген. Оған иман еткендер ешқашан алданбайды, әрдайым толық иман иеленеді. 

0 пікір