ХАЗІРЕТІ ИСАНЫҢ (А.С.) КӨКТЕН ТҮСУІ
ХАЗІРЕТІ ИСАНЫҢ (А.С.) КӨКТЕН ТҮСУІ
17.10.2019 17:49
410
0

Ақырзаман таяғанда Дажжал шығып, өзін құдаймын деп жариялап, түрлі сиқыр мен истидраж[1] көрсетіп жүрген уақытта, Алла көктен Иса пайғамбарды түсіреді. Хазіреті Иса жер бетіне түскен соң, Хазіреті Мұхаммед пайғамбардың дінімен жүріп, Исламды жаю үшін күреседі. Себебі оған түсірілген дін, Ислам діні келгеннен соң күшін жойған болатын. Хазіреті Иса Дажжалды өлтіріп, адамдар арасында әділдік орнатады.

Хазіреті Иса пайғамбардың ақырзаманда түсетіндігін және не істейтіндігін Хазіреті Мұхаммед (ﷺ) Пайғамбарымыздың мына хадисінен білуге болады: «Барлық пайғамбарлар әке жағынан бауыр болғанымен, аналары бөлек. Бірақ діндері бір. Мен Мариямұлы Исаға жақынмын. Өйткені мені мен оның арасында басқа пайғамбар келмеді. Расында да ол ақырзаманда жер бетіне түседі. Оны көрген кездеріңде мынадай ерекшеліктерімен танисыңдар:

1. Орта бойлы.

2. Тәні қызыл мен ақ түске жақын.

3. Үсті – басы өте таза; шаштарына су тимесе де су тәрізді болып тұрады.

 4. Ол айырды (кресті) сындырады.

 5. Шошқаны өлтіреді.

6. Жан салығын жояды.

7. Мал дүние көп болып, судай ағады.

 8. Адамзатты Ислам дініне шақырады.

9. Алла Тағала оның кезінде Исламнан басқа діндерді жоқ етеді.

10. Ол Алланың қалауымен Дажжалды өлтіреді.

11. Ол кезде жер бетінде бейбіт заман орнап, арыстандар түйелермен, жолбарыстар сиырлармен, қасқырлар қойлармен жайлауда бірге жүріп, балалар жыландармен ойнайтын болады.

12. Хазіреті Иса жер бетінде 40 жыл өмір сүргеннен кейін қайтыс болады және мұсылмандар оның жаназасын шығарып, жерлейді» (Бухари, Әнбия 48; Муслим, Фәзәйл 143; Әбу Дәуіт, Сүннет 13). Кейбір хадистерде Хазіреті Исаның жер бетінде 7 жыл, 24 жыл, 45 жыл өмір сүретіндігі тұрғысында айтылғанымен, солардың ішінде «40 жыл қалады» деген риуаят ең қуаттысы болып саналады. Хазіреті Иса пайғамбардың Дажжалды өлтіріп, әділетті үкім орнатқан соң, өзі де өзге адамдар секілді үйленіп, үйлі жайлы болатындығы айтылады.

Кағбул Ахбардың айтуы бойынша, Хазіреті Иса пайғамбар ұлты араб бір әйелмен отау құрып, одан Мұхаммед, Мұса есімді екі ұл перзент сүйеді. Жер бетіндегі Алланың берген ғұмыры біткен соң, ол да бақилық болып, Хазіреті Пайғамбарымыздың қасына жерленеді[2]. Хазіреті Иса қайтыс болған соң, Алла Тағала Шам тарапынан суық бір жел жібереді. Осы желден жер бетінде жүрегінде иманы бар барша мүмин о дүниелік болады. Тіпті біреулер таудың астына кіріп жасырынса да, желдің иісі арқылы бақилық болады. Ал өзге имансыз, қара ниетті жандарға бұл желдің ешқандай әсері болмай, керісінше олар білгендерін жасап, ғұмыр кешеді.

 Шайтан олардың осындай есалаң сәттерін пайдаланып, оларды пұттарға табындырады. Мұның артынан көп ұзамай Исрафил сурға үрлеп, қиямет қайымның  болатындығын Хазіреті Пайғамбарымыз айтып өткен (Муслим Фитән 23; Ахмед ибн Ханбал, ІІ, 166). Хазіреті Иса пайғамбардың түсетіндігі жайында айтылған хадистердің саны отызға жуық.

Міне, осы айтылған хадистердегі Хазіреті Исаның келетіндігі жайындағы мәліметті арам пиғылды жандар өз мүдделеріне пайдалануға тырысқаны  ислам тарихынан мәлім. Қаншама кісі өзін: «Мен Мәсих Исамын» – деп, елді өзіне иман етуге шақырған. Ондайлардың кейбіреуін халифалар жазалағанымен көпшілігі білгенін айтып, жаңа дін құруға әрекет жасаған. Мәселен, Қадияниліктің құрушысы Мирза Ғұлам Ахмед те солардың санатындағы сұм пиғылды жан еді. Бірақ, әрине осы уақытқа дейін өзін Исамын дегендердің ешбірі де шынайы Хазіреті Иса емес екені белгілі. Себебі Хазіреті Исаның ақырзаманда Дажжалдан соң келетіндігі хадистерде анық айтылған.

 «Мен Исамын» деп келгендердің бәрі Исламды іштей құлатуды мақсат тұтқандардың саяси ойындарының қуыршақтары болып саналады. Ал діни терминологияда оларды көбіне «жалғаншылар» деп атайды.

 

 [1] табиғат заңдылығына қайшы келетін имансыз пенденің көрсеткен караматтары

[2]  İmam Şarani. ж.к.е., 500-бет.

 

 

 

0 пікір