ХАҚТЫ АЖЫРАТА БІЛУ
ХАҚТЫ АЖЫРАТА БІЛУ
14.04.2020 23:48
1153
0

Бірде Абдұлқадир Гейлани басынан өткен бір жағдайды былай баяндайды:
«Бір күні көз алдыма бір нұр пайда болып, барлық көкжиекті тұтас қаптаған еді. Бұл не екен деп, қарап тұрғанымда нұрдан бір дауыс естідім:
«Ей, Абдұлқадир, мен сенің Раббыңмын. Бүгінге дейін жасаған салих амалдарыңнан сонша разы болдым. Бұдан кейін саған харамдарды халал еттім» - дейді.
Бірақ, бұл сөз бітер-бітпестен, бұл дауыстың шайтан лағынеттің дауысы екенін түсініп:
«Ей, малғұн кет, жоғал! Көрсеткен нұрың, мен үшін мәңгілік қараңғылықтан басқа ештеңе емес» - дейді.

Сонда шайтан:
«Раббыңның саған берген хикметімен тағы менен құтылдың! Алайда, мен жүздеген адамдарды жолдан тайдырған едім» - деп, алыстап кетеді.
Қолымды ұлы Жаратушыға жайып, мұның, Раббымның бергені екендігін түсініп, Алла Тағалаға шүкіршілік еттім.

Бұл жағдайды естіген жамағаттағылардың біреуі:
«Ей, Абдұлқадир, оның шайтан екендігін қайдан білдің?» - деп сұрайды.
Абдұлқадир Гейлани (қ.с.):
«Саған, харамдарды халал етті, ... дегенінен» - деп жауап береді.

 

0 пікір