Діннен шығып, қайта кірген мұсылманның бұрынғы амалдары есепке алына ма?
Діннен шығып, қайта кірген мұсылманның бұрынғы амалдары есепке алына ма?
06.08.2015 15:30
4243
0

Ислам дінінде сенім мәселелерін зерттейтін ғылым саласы – ақида, кәлам, усул ад-дин т.б. атаулармен аталады. Бүгінде кең тараған атауы – ақида ілімі. Осы ақида ілімін зерттеп, зерделей отырып, алғаш жүйеге келтіріп, сүннет жұрты және жамағатындағы сенім мектептерінің негізін қалаған имамдар – Әбу Мансур әл-Мәтуриди және Әбу Хасан әл-Ашғари. Имам Мәтуриди ақидасы Орта Азия елдерінде кеңінен тараған болса, ал әл-Ашғари ақидасы Шығыста тараған еді. Имам әл-Мәтуриди мен әл-Ашғари мектептерінің арасында өзіндік ерекшеліктері бар болғаны мәлім. Деректерде екі ғалымның сенім жүйелеріне байланысты 12, 15, 56 т.б. пікір алшақтығы бар дегенді кездестіреміз. Бұл мақаламызда сондай ерекшеліктердің бірі – «Діннен шыққан кісінің дінге қайта оралғанда амалдары жойылады ма, жойылмай ма?» деген сауалдың аясында қарастырмақпыз. 

Имам әл-Матуриди мектебі бойынша: Діннен шыққан мұсылман кісі қайтадан иман ететін болса, оның алдыңғы жасаған жақсы не жаман амалдары амал дәптеріне жазылмайды дейді. Яғни, діннен шыққан адамның мұсылман кезінде  құлшылық-ғибадаттары – түгел жойылатындығын алға тартқан: «Олар дүниедегі еңбектері зая кеткендер. Өздері болса: «Рас жақсы істедік» деп ойлайды. Міне, олар Раббыларының аяттарына әрі Раббыларына жолығуға қарсы келгендер. Сондықтан еңбектері зая болған. Сонда оларға қиямет күні еш мән бермейміз»  («Кәһф» сүресі, 104-105-аяттар).

Ал, имам әл-Ашғари мектебі бойынша: Діннен шыққан (муртад) мұсылман кісі қайта иман ететін болса, мұсылман кезінде бұрын жасаған жақсылық пен жамандықтары амал дәптеріне қайта жазылады деген. Ғалымның дәлелі қасиетті Құрандағы мына аят: «(Мұхаммед с.ғ.с): «Әй өздеріне зиян қылған құлдарым! Алланың рахметінен күдер үзбеңдер. Алла біртұтас күнәларды жарылқайды. Өйткені Ол тым жарылқаушы, төтенше мейірімді» («Зумар» сүресі, 53-аят). Келесі «Фурқан» сүресінің 70-71-ші аят жолдарында:«Бірақ кімде-кім тәубе қылса, сондай-ақ кім иман келтіріп, ізгі іс істесе, міне Алла олардың жамандықтарын жақсылықтарға ауыстырады. Алла өте жарылқаушы, ерекше мейірімді. Кімде-кім тәубе қылып, түзу іс істесе, рас ол, Аллаға лайықты түрде қайтқан болады»,-дегенімен Алладан шынайы түрде тәубе етіп, қайтатын болса, онда діннен шыққан адамның исламға оралуымен – алдыңғы жасаған жақсылықтары амал дәптерінде сақтала беретіндігін алға тартқан. 

Ендеше, имам әл-Матуриди мен әл-Ашғари көзқарастарын саралай отырып, екі ғалымның бір мәселедегі екі түрлі шешімге келу себебін кәлам және ақида мәселелерінің арасынан табу қиын. Алайда, бұл мәселенің түп негізін «усул әл-фиқһ», яғни «фиқһ негіздеріндегі» «Қажылық» тарауында кездестіруге болады. «Фиқһтың» «Қажылық» бабында – мұсылман адам діннен шығып, тәубеге келіп, исламды қайта қабылдағаннан кейін бұрынғы жасаған қажылығы мен умрасының қазасы өтеле ме, өтелмейді ме деген мәселе бар.

Бұған байланысты фиқһ ғұламалары екі түрлі пікір айтқан. Имам әш-Шафиғи мен әл-Ләйс: «Қажылық пен умраны қайта жасау міндет емес»,-деген. Ал Әбу Ханифа, Мәлик және Әбу Сүлеймен: «Қажылық пен умрасын қайта орындайды»,-деген. Олардың дәлелдері: «Егер Аллаға ортақ қоссаң әлбетте амалың жойылып кетеді де, анық зиянға ұшыраушылардан боласың» («Зумар» сүресі, 65-аят). Осы орайды «амалың жойылып кетеді» дегенімен Аллаға серік қосқан адамның алдыңғы жасаған амалдары жойылатындығын алға тартып, қажылық пен умрасын қайта өтеуі тиіс деген тұжырымға келеді.

 Әрине, бұл аят Аллаға серік қосқандардың амалдары жойылатындығын ашық баяндап тұрғаны рас. Алайда, имам әш-Шафиғи мен әл-Ләйстің ізденістері (ижтиғады) бойынша – бұл аятта Аллаға ортақ қосқан адам қайтыс болған жағдайда ғана амалдары жойылатындығын айтады. Яғни, діннен шығып, исламға қайта оралған адамның үкімі бөлек дегенге саяды. Себебі аяттағы «анық зиянға ұшыраушылардан боласың» дегені Исламға қайта оралған адамның халі емес екені анық. Ал «зиянға ұшырағандар» дегені – діннен шығып, исламға қайта оралмай дүниеден өткендерге қатысты екенін айтады.

Демек, кәлам мен усулды сабақтастыра отырып мынадай тұжырымға келуге болады: имам Әбу Ханифа мен Мәтуридидің көзқарастары бойынша – мұсылман адам діннен шығып, кейін дінге қайта оралатын болса – амалдары жойылады деген. Ал имам әш-Шафиғи мен Ашғари көзқарастары бойынша – амалдары жойылмайды дейді.

Имам Мәтуриди мұсылмандарды Аллаға ортақ қосудан тыйып, әлі діннен шықпаған мұсылмандарға ескерту жасап, мұндай істерге қатаң тыйым салған. Ал имам әл-Ашғари «амалдары жойылмайды» деп мұсылман адам әлсіздікпен діннен шығып, Аллаға ортақ қосып қойған болса, онда оның дінге қайта оралуына шақырғандай, ол «Алланың мәрхаматынан үміт үзбеңдер» деген аятқа сүйене отырып, Алладан үміт үзбеуге, шынайы тәубе жасау арқылы дінге қайта оралуға шақырып тұрғандығы анық. 

Түйіндей келгенде, имам әл-Мәтуриди мен әл-Ашғари сенім жүйелеріндегі мәселелердің астарына тереңірек үңілсеңіз, әлбетте, Алла Тағаланың хикметтерін байқауға болады. Сондықтан да екі имамның «діннен шығу» мәселесіндегі екі түрлі пікір білдірулерінің нәтижесінде – мұсылман жұртшылығының мұндай күнәлі істерге жол бермеулерін ұйғарып, яки әлсіздік танытқанның өзінде Хақ Тағаланың шексіз мәрхаматынан күдер үзбеулерін талап етеді. Ал қажылық қаза ма, қаза емес пе деген сауалдың жауабы – соңғы Османдық ғұламалар: «Бай, ауқатты адам болса – қазасын өтеп, ал жағдайы жетпегендер – қазасын өтемейді» деген ортақ шешімге келген. Дұрысын Алла біледі.  

Серік ТӘЖІБАЕВ

0 пікір