ДІНДІ ЖІБЕРУШІ – АЛЛА ТАҒАЛА
ДІНДІ ЖІБЕРУШІ – АЛЛА ТАҒАЛА
02.10.2019 17:31
159
0

Алла Тағала адамды Өзін танып, құлшылық ету үшін жаратқандықтан дін жіберді. Бұл діннің негізі «Таухид» (Алланың бірлігі) сенімінен тұрады. Ислам дініне дейін Алла өзінің шынайы, дара жолын үйрету үшін әрбір қауымға, тайпаға, ұлтқа елшілер арқылы дін жіберді. Ұлы Жаратушының бар екендігіне сенгенімен, қалай құлшылық ету керектігін адам ақылымен шеше алмайды. Сол үшін діни әмір мен тыйымдар келіп отырды. Екіншіден адамға дін келмесе о дүниеде Аллаға: «Уақытында Сенің елшілерің келгенде, шынайы жолды үйреткеніңде біз тозаққа бармас едік. Я, Алла! Әділдігің қайда?!» дегендей уәж айтары сөзсіз. Міне, осындай сылтау мен желеуге бірден-бір тосқауыл ретінде әрбір қауымға жеке-жеке елші мен шариғат заңы жіберілді. Құранда бұл жайында былай дейді: «Бұрынғы пайғамбарлардан кейінгі адамдарға (пайғамбар келсе біз тәубе етер едік деп) сылтау айтпауы үшін жақсы хабар жеткізуші, (астамшылық еткендерді) ескертуші етіп, тағы да пайғамбарлар жібердік.  Алла аса үстем, хикмет иесі» (4. «Ниса» сүресі, 165-аят). Елші келмеген, дін жіберілмеген ешбір қауымның болмағандығын мына аяттар хабар береді: «Шындығында Біз сені ақиқатпен (муминдерге) қуанышты хабар жеткізуші, (кәпірлерді) қорқытушы  етіп жібердік. Қауымдардың қайсысына болса да елші жіберілген» (35. «Фатыр» сүресі, 24-аят); «Әрбір үмметтің бір пайғамбары бар» (10. «Юнус» сүресі, 47-аят). Алла қайсы бір қауымға пайғамбар мен шариғат жібермесе, онда ол қауымды ақыретте жазаламайды. Өйткені, Алла Өзін танытатын елші мен діни үкімдер жібермегендіктен, адамдар Аллаға қалай құлшылық ету керектігін ақылымен шеше алмай, құлшылық жасаймын деп, Аллаға серік қосу немесе күпірлік етіп қоюы әбден мүмкін еді. Сол себепті Құранда: «Пайғамбар жібермейінше ешкімді жазаламаймыз» (17. «Исра» сүресі, 15-аят) деп анық ескертілген. Демек, Ұлы Жаратушы өзінің діни шариғатын жібере отырып, оны исламмен тәмамдаған. Ал исламнан кейін қияметке дейін ешқандай иләһи дін келмейтіні әмбеге аян.

 

 

 

0 пікір