ДӘЖЖАЛ (Ақырзаманның үлкен белгілері)
ДӘЖЖАЛ  (Ақырзаманның үлкен белгілері)
26.05.2020 12:16
2933
0

Ақырзаман таяғанда Дәжжал есіміндегі бір кісі шығып, адамдарға өзін құдаймын деп танытып, өзінің жолымен жүруге үндейді. Хазіреті Пайғамбарымыздың айтуы бойынша, келіп-кеткен бүкіл пайғамбарлар өз дәуірінде үмметін Дәжжалмен қорқытқан.

Дәжжал сөзі - «өтірікші» деген ұғымды білдіреді. Хазіреті Пайғамбарымыздың Дәжжал жайында айтқан хадистеріне тоқталып өтейік:

Хузайфадан жеткен риуаят бойынша: «Дәжжал сол көзі соқыр, қалыңқою шашты бір адам. Оныңқасында жәннат пен от бар. Оның оты негізінде жәннат болып, жәннаты да тозақ болады» (Муслим риуаяты).

«Тәмимуд Дари атты кісі алғашқыда христиан болып, артынан Исламды қабылдаған соң Хазіреті Пайғамбарымызға бір сапарда адасып жүріп, Дәжжалмен кездескені жөнінде айтып береді. Ол қасында отыздай ұлты араб кісілермен теңіз сапарына шығып, жолда адасып бір аралға тап болады. Онда үсті-басын жүн басқан бір адамнан жөн сұрағанда, ол шіркеудегі бір кісіге жолдайды. Шіркеуге барғанда олар аяқ-қолы кісендеулі еңгезердей біреуді көріп, одан жөн сұрайды. Әңгіме барысында әлгі кісендеулі адам оларға Хазіреті Пайғамбардың келіп-келмегенін, арабтармен шайқасып-шайқаспағандығы жайында бірқатар сұрақтар қояды. Жолшылар болса Пайғамбарымыздың арабтарды жеңгендігін және өзіне бағындырғандығын айтады. Сонда Дәжжал оларға: «Мен енді өзімді таныстырайын, мен Мәсих Дәжжалмын. Бостандыққа шығуға рұқсат берілетін уақыт аз қалды. Сол кезде жер бетін шарлаймын. Қырық күн ішінде Мекке мен Мадинадан басқа бармаған ауылым қалмайды. Бұл екі қала маған харам етілді. Ол екі қаланың біріне қалай кірмекке әрекеттенсем, сол сәт қолында жалаң қылышы бар бір періште алдымнан шығып, ол жаққа кіруіме кедергі жасайды. Ол қаланың әрбір өткелінде бір-бірден періштеден тұрады».

Хазіреті Пайғамбарымыз сол Дәжжал шынжырлаулы тұрған мекен жайында былай дейді: «Ол Шам теңізінде немесе Йемен теңізінде. Жоқ, ол шығыс жақтан шығады. Иә, ол шығыс жақтан шығады. Ол шығыс жақтан шығады! – деп қолымен шығыс жақты меңзеді» (Муслим, Фитән 119; Әбу Дәуіт, Мәлахим 15)[1].

«Дәжжал шыққан кезде өзімен бірге су мен от болады. Бірақ елдің от деп көргені тәтті су, су деп көргені күйдіретін бір от болады. Сендерден кім сол күнге жететін болса елдің от деп көргенін қабыл етсін. Өйткені ол тәтті мұздай су»  (Бухари, Фитән 26; Муслим Фитән 105)[2].

Смайыл Сейітбеков

[1] Хадис ансиклопедиси, Кутуби ситте,  14-том, 5009 хадис.

[2] Хадис ансиклопедиси, Кутуби ситте,  14-том, 5011 хадис

Муслим.кз

 

0 пікір