БАРЗАХ ӘЛЕМІ – ҚАНДАЙ ӘЛЕМ?
БАРЗАХ ӘЛЕМІ – ҚАНДАЙ ӘЛЕМ?
11.04.2020 14:09
549
0

Осы бір әлемнің толып жатқан тылсымы мен құпиясы мейлінше көп. Оған қоса, оның өзіне ғана тән заңдылықтары мен өлшемдері де бар. Сондықтан барзах әлемінде болатын азапты яки рахатты, адамдардың иманына қарай қабірдің қысуы мен қараңғы болуын немесе керісінше кең және жарық болуын бұл дүниеге тән заңдылықтармен түсіну, әсте, мүмкін емес. Оны түсінуге біздің шектеулі ақылымыздың да, мына дүниедегі физикалық заңдылықтарының да өлшемі сай келе бермейді. Адам баласы қабірге жерленгеннен кейін Мункәр және Нәкир деп аталатын екі періште келіп оған: «Раббың кім? Пайғамбарың кім? Дінің не?» сияқты сұрақтарды қояды. Сұрақтарға жауап берген иманды жандар дүние өмірінен де тамаша, жұмақ өміріне жақын дәрежеде, рақат және ләззат ішінде болады. Ал, сұрақтарға жауап бере алмаған имансыз яки күнәһар жандар дүние өмірінен де бетер, тозаққа жақын кейіптегі азап ішінде ғұмыр кешеді. Демек, қабір адамдардың дәрежелеріне қарай жұмақ бақшаларынан бір бақша яки тозақтың шұңқырларынан бір шұңқырға айналады. Бір хадисте: «Кісі жан тәсілім еткен уақытта таңертең және кешкісін оған отыратын жері көрсетіледі. Егер жәннаттық болса, жәннат, тозақтық болса тозақ көрсетіледі. Сосын оған, міне, Алла сені қиямет күні қайта тірілткенге дейін отыратын жерің осы делінеді». Осы жер бір сөзбен айтқанда, қабір немесе барзах әлемі деп аталады.

Кез келген адам өлгеннен кейін топыраққа көмілсе де, яки көмілмей суға батып балықтарға жем болып немесе отқа жанып күл болып кетсе де, міндетті түрде қайта тірілгенге дейін қабір, яғни, барзах өмірін бастарынан өткізеді. Өйткені рух сол бөлек-бөлек боп шашылып кеткен денемен байланыс құра алатындай қабілетте. Мысалы, бір жерден жіберілген радио толқындар дүниедегі миллиондаған радиолармен байланыс құрып, бір хабарды әлемдегі миллиардтаған адамға таратып жатқанда, рухтар неліктен өз денесінің бөлшектерімен белгілі бір байланыста бола алмасын? Негізінде, өлген адамдардың денелерінің қабірге жерленуіне байланысты барзах өмірі – қабір өмірі делінген. Өйткені рух қабірдегі денесімен белгілі бір байланыста болады.

 

0 пікір