АҚИЫҚ ЕЛШІДЕН ОЗЫП КЕТПЕУ
АҚИЫҚ ЕЛШІДЕН ОЗЫП КЕТПЕУ
25.03.2020 08:30
241
0

Ақида – сенім мәселесінде қайнар көз Құран мен сүннет екені мәлім. Бірақ сүннеттің бәрі емес мутәуәәтир хадистің дәлел боларын білу керекпіз. Құдай тағала Құран арқылы бізді ерекше тәрбиеге үндейді. Оны өмірімен өрнектей өтіп кеткен жан Әз елші. Игі елшіден барынша пайдаланып Оған жан тәндерімен ұқсауға тырысқан жандар саңлақ сахабалар. Сахабаларды хадисте айтылған самсаған жұлдыздай етіп бағалап, ағалап ерген тәбиғундар. Тәбиғундарды тамсана тыңдап, түгелдей ерген ізгілерді әтбағу тәбиғийн деп атаймыз. Ол ғазиз жандардың басты ерен ерекшеліктері аса сүйіспеншілікпен көзсіз емес шынайы көңілмен ерулері болатын. Өйткені Ұлы Раббымыз уахи жолымен оларды тыңнан тәрбиелеп отырды. Сахабаларадың қалт еткен қате, сенімге селкеу сызат түсірер түйткілі болса сол уахи арқылы тезге тез салынып жатты. Олар сол арқылы тыңнан сомдалып алып тұлға болып қалыптасты. Қысқасы қып-қысқа уақытта «алтын ғасыр»дың бастамасын бадырайтып қойып кетті. Оны одан соң келген екі кезең ізбасарлары айнытпай бекемдеді.

Сұңғыла сахабалар Сүйікті елшіден су бойы озып кетпейтұғын. Оның ымымен көп дүниені түсініп бағатын. Олар уахи жолымен тәрбиеленіп отырғанын жоғарыда атап өттік. Аятта: «Уа, иман еткендер! (ойға берілгенде, сөзде һәм істе) Аллаһтың және елшісінің алдына шықпаңдар! Аллаһқа лайықты түрде тағзым етіп, Оған қарсы келуден қорқыңдар!.. Уа, иман еткендер! Дауыстарыңды елшінің дауысынан қатты шығармаңдар, сондай-ақ онымен тілдескенде бір-бірлеріңмен дабырлап сөйлескендей  даурықпай ақырын сөйлесіңдер! Әйтпесе істеген игі істеріңнің зая кеткенін сезбей қаласыңдар. Аллаһ елшісінің құзырында даурықпай дауыстарын бәсеңдетіп сөйлейтіндерге келсек, Аллаһ тақуалық мәселесінде олардың жүрегін сынап бақты. Ендеше оларға кешірім мен үлкен сый бар. Расында саған бөлмелердің сыртынан айқайлап үн қатқандарға келсек, олардың көбі ақыл-парасаттан жұрдай адамдар.» (Хужурат – 1- 4). Сондай-ақ әдептің ерекшесін үйретіп «Уа, иман еткендер! Пайғамбардың бөлмелеріне рұқсатсыз кірмеңдер және пайғамбар үйіне асқа шақырылғандарыңда уақытынан ерте барып алып, астың пісуін күтіп отырмаңдар. Дастарханға шақырылғандарыңда ғана кіріңдер және тамақтанып болған соң әңгіме-дүкен құрып отырып алмай бірден тарап кетіңдер...» (Ахзаб – 53) делінген.

Міне бұл тәлім-тәрбие сахабалардың жан-дүниесіне сіңіп кеткен болатын. Әрі мұны мирас етіп кейінгі буынға тамаша жеткізді. Енді біз сәләфпіз деп олар айтпаған ой, ұстанбаған жол ұстансақ хәліміз не болмақ. Тәбиғуун кезеңінің соңында қалыптасып әтбәғу тәбиғийн дәуірінде толысқан «мәзһаб»ты бидғат санап қандай Құран мен суннетпен жүрмекпіз. Керісінше бұл ұран құр дүрмек болып қалмай ма? Елшіден озып кету деген осы емес пе? Бар амалымыз шайылып кетуден қорқайық бауырлар!

 

Берікбай ГЕРМАНҰЛЫ

0 пікір