Амалдар
Амалдар
13.01.2016 11:49
8666
0

Негізінде, пенделердің ісі, яғни амалы жетеу. Олар: парыз, уәжіп, сүннет, мұстахап, мубах, харам, мәкрүһ[1].

1)      Парыз – міндетті амал. Оны орындаған адам зор сауап алады, ал орындамаған адам күнә артады. Парызға сенбеген адам діннен шығады. Парыз амалдары: Исламды ақиқат діні ретінде қабылдау, күнде бес уақыт намаз оқу, рамазан айында ораза тұту, жылына бір рет малынан зекет беру, шамасы жетсе өмірінде бір рет қажылыққа бару.

2)      Уәжіп – орындалуы тиісті амал. Оны орындаған адам сауап алады, ал орындамаған адам күнә артады. Уәжіпті мойындамаған діннен шықпайды, бірақ ауыр күнәға батады. Уәжіп амалдары: үтір намазын оқу, айт намаздарын оқу, пітір садақа беру, құрбан  шалу.

3)      Сүннет – ынталандырушы әрі толықтырушы амал. Оны орындау сауап. Сүннетті орындамаған адам ақыретте жауапқа тартылмайды, бірақ Пайғамбарымыз салләллаһу аләйһи уә сәлләмның шапағатынан құр қалуы мүмкін. Сүннет амалдары: әр жақсы іске бәсмәләні[2] айтып кірісу, Құран оқудан бұрын тағаузды[3] оқу, түшкіргенде шүкір сөзін[4] айту, сәлемдесу[5].

4)      Мұстахап – құпталған амал. Оны істеген адам сауап алады, істемеген адам күнәһар болмайды, қиямет күні істемегені үшін айыпталмайды. Мұстахап амалдары: нәпіл намаз оқу, нәпіл ораза тұту, нәпіл садақа беру, бос уақытта Құран оқу.

5)      Мубах – ықтиярлы амал. Оны істегенде де, істемегенде де сауап немесе күнә жазылмайды. Мубах амалдары: тойғанша халал тамақ жеу, тойғанша халал сусын ішу, отыру, тұру, зиянсыз сөз сөйлеу.

6)      Харам – тыйымды амал. Оны істеген адам ауыр күнәға батады, харамды халал деген адам діннен шығады. Харам амалдары: жазықсыз кісі өлтіру, адамды, яки жануарды жәбірлеу, біреуді ғайбаттау, ұрлық жасау, спиртті ішімдіктер ішу.

7)      Мәкруһ – жағымсыз әрекет, айыптылық. Оны істеген адам күнәға батады, мәкруһты дұрыс деген адам күнәһар болады. Мәкруһ амалдары: құмар ойындарын ойнап, уақытты пайдасыз сарп ету, әдепсіз өлең-жыр айту, жаман қылық көрсету, тәртіпсіздік жасау.

Бұдан басқа жарамсыз әрекет, әдепсіздік істер де бар. Мысалы, көшеде тамақтану, аузын кере есінеу, қатты кекіру. Оны істеген адам күнәһар болмайды, бірақ әдепсіз болып саналады.



[1] «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы», Астана, 2015

[2] «Бисмилләһир рахманир рахим» деген сөзді айту.

[3] «Ағузу билләһи минаш шайтанир ражим» деген сөзді айту.

[4] «Әлхамду лилляһи» деген сөзді айту.

[5] «Ассаламу ғалайкум» деп сәлем беру.

0 пікір