Алладан қорқыңыздар және араларыңызды келістіріңіздер!
Алладан қорқыңыздар және араларыңызды келістіріңіздер!
14.05.2019 13:00
417
0

Хз. Әнәстен (р.а.) риуаят етілген:

Бірде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) күлгені соншалық, тіпті мүбарак тістері де көрінді. Хз. Омар (р.а.):

 “Ата-анам саған пида болсын, я, РасулАлла, сізді күлдірткен не?”-  деп сұрады.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай жауап берді:

 “Үмметімнен екі кісі Алла Тағала құзырында тізе бүкті. Бірі:

-Я, Рабби! Менің ақымды мына адамнан ал,-деді.

Алла Тағала:

-Мұсылман бауырыңның ақысын бер,-деп бұйырды.

 Ол:

-Я, Рабби! Жақсылықтарымның ешбіреуі де қалмады. Не берейін?-дегенде Алла Тағала хақ иесіне:

-Енді бауырыңа не істейсің? Сауаптарының ешқайсысы қалмапты,-деп бұйырады.

Хақ иесі:

-Я, Рабби! Олай болса менің күнәларымнан алсын,-деді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) осы жерге келгенде көз жасын төгіп, жылап отырып:

 “Ол күн сондай ұлы күн. Ол күні адамдар күнәсін артатын адамдар іздейді”,-  деді де, әңгімесін жалғастырып:

“Алла Тағала хақ иесіне:

-Көзіңді аш. Мына жәннаттағы сарайларға қара,-деп бұйырады.

 Хақ иесі:

-Я, Рабби! Жәннатта күмістен қалалар, жарқыраған сарайлар көріп тұрмын. Бұл қай пайғамбарға, қай сыддыққа немесе қай шәһидке арналған?-деп сұрайды.

Алла Тағала:

-Бұлар ақысын өтегендер үшін,-дегенде, әлгі адам:

-Я, Рабби! Бұлардың ақысын кім өтей алады?-дегенде, Алла Тағала:

-Бауырыңды кешірумен осыларға ие боласың,-дегенде ол:

-Кешірдім, я, Рабби!-дейді.

Алла Тағала:

-Кәнекей, бауырыңның қолынан ұстап жәннатқа кір,-деп бұйырады.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) сөзін әрі жалғап:

 “Алладан қорқыңыздар және араларыңызды келістіріңіздер. Өйткені қиямет күні Алла Тағала мүминдердің арасын келістіреді”,- деді.

 

0 пікір