Алла Тағалаға иман
Алла Тағалаға иман
20.04.2015 10:19
2910
0

Сіз білесіз бе, Жер әлемі ұшы-қиырсыз алып кеңістіктегі сансыз көп ғарыштық денелердің бірі ғана. Ғарыш кеңістігінде шамамен 300 миллиардтай галактика бар. Бұлардың әрқайсысысында 300 миллиардтай жұлдыз тағы бар. Олар бір-біріне қақтығысып-соқтығыспай теңдессіз жүйемен белгілі бір бағытта дөңгеленіп әрекет етуде. Әрқайсысы миллиондаған тонна құрайтын бұл денелердің жылдамдығына ақыл жеткізу мүмкін емес. Мәселен, Жер шары сағатына 1670 шақырым жылдамдықпен өзін-өзі және сағатына 108 000 шақырым жылдамдықпен күнді айналуда. Әр галактиканың және оның құрамындағы жұлдыздардың арақашықтығы да ақыл жетпестей ұзақ. Міне, осындай ұлы жүйе миллиардтаған  жылдар бойы зәредей ақаусыз әрекет етуде.

Енді осының бәрін жаратып, басқарып, игеріп тұрған Ұлы Жаратушының бар болмауы мүмкін бе? Тонналаған жұлдыздар былай тұрсын, бір уыс қиыршық тасты аспанға лақтыра салсақ, олар өзінен-өзі дәл осындай жүйемен орналаса қалады дегенге ешкім сенбейді. Аулада жатқан доптың өзі біреу тимесе, өзінен-өзі қимылдап кетті дегенге кім иланады?. Олай болса, осыншалықты алып жүйенің Басқарушы иесі міндетті түрде бар. Ол – Құдіреті шексіз Алла тағала.

Жал­пы жа­ра­ты­лыс­қа қа­ра­ға­ны­мыз­да он­да­ғы әр нәр­се­нің орын-ор­нын­да тұрғанын, арнайы өзін­дік мән-ма­ғы­на­мен бе­зен­ді­ріліп, әрқайсысына бел­гі­лі бір міндет жүк­тел­ге­нін кө­ре­міз. Әр нәр­се­ден сұ­лу­лық, ке­мел­дік, жүйелі­лік бай­қай­мыз. Жал­пы жа­ра­ты­лыс са­ғат сияқ­ты ке­ре­мет есеп­пен, нә­зік жүйе­мен жұмыс іс­теп тұр. Тіп­ті са­ға­ты­мыз­дың өзін осынау  жа­ра­ты­лыс­та­ғы жүйеге қа­рай есеп­тей­міз. Ен­де­ше, өзін­дік ма­ғы­на-мін­де­ті бар кіп-кішкен­тай ине­нің де өз ұс­та­сы бо­ла­ты­ны секіл­ді, жа­ра­ты­лыс­та­ғы сұ­лу­лық­тың, ке­мел­дік­тің, жүйе­нің, мән-ма­ғы­на­ның да бір жа­ра­ту­шы­сы, қоюшы­сы бо­лу­ға тиіс.

Кей­бі­реулер айт­атын­дай, бұл әлем өз-өзі­нен, кездей­соқ пай­да бол­ған жоқ. Не­ге дей­сіз бе? Өйтке­ні кез­дей­соқ­тық мы­на өте ке­ре­мет жүйе­мен, нә­зік те ғаламат есеп­пен іс­теп тұр­ған ұшы-қиыры жоқ шек­сіз әлем­ді, жара­ты­лы­сын­да еш мі­ні жоқ түр­лі-түс­ті, сан алуан жан-жа­ну­ар­ды, көз­дің жауын ала­тын сан­сыз өсімдік әле­мін жә­не мың бір сыр­лы, ға­жай­ып жал­пы жара­ты­лыс­ты жасай­тын­дай күш пен құдіреттен мақұрым.

Қасиетті Құранда мынадай аят бар: Же­ті қа­бат аспан­ды бір-бі­рі­не үй­ле­сім­ді етіп жа­рат­қан – Ол Алла. Рах­ман­ның жа­ра­ту­ын­да еш­бір ақау, жүйе­сіз­дік кө­ре ал­май­сың. Сал кө­зің­ді, кө­ре ала­сың ба бір ақау? Сосын кө­зің­ді қай­та-қай­та бұ­рып қа­ра! Кө­зің еш­бір ақау та­ба ал­ма­ған­дық­тан шар­шап, тал­ған күйде са­ған қай­та ора­ла­ды («Мүлік» сүресі, 1-4 аяттар).
Тағы бір аятта былай делінеді: «Жер мен көктің жаратылуында және күн мен түннің алма-кезек өзара алмасуында ақыл иелері үшін (Алланың бір һәм бар екендігін) білдіретін айқын дәлелдер бар» («Әли Ғимран» сүресі)

Бейнелеп айтқанда, бұл ғалам алып салтанат сарайы десек, Жер шары сол сарайдың кішкентай бір бөлмесі. Күн мен Ай сол бөлмеге жарық беріп тұрған шырақ. Жымыңдаған сансыз көп жұлдыз аспанның сәні. Бұларды осыншалықты көркем етіп жаратқан кім? Әрине, құдіреті шексіз, Білуші Алла.

Қарап отырсақ, бұл дүниеде миллион түрлі жаратылыс бар. Құмырсқалар мен шыбындар, көбелектер мен шегірткелер, құстар мен өсімдіктер, жан-жануарлар, біз білетін және білмейтін сансыз түрлі тіршілік иелері. Ешқайсысы бір-біріне ұқсамайды. Түсі де, терісі де, тұлғасы да, сұлбасы да бөлек. Әр гүлдің жұпар иісі, әр көбелектің таңғажайып өрнегі бірін-бірі қайталамайды. Олардың атын атап, түсін түстеу былай тұрсын, санап тауысу мүмкін емес. Ендеше, болмыстағы әр жаратылыс айрықша бір феномен. Осыншалықты сән-салтанаттың Ұстасы кім? Гүлдің иісін, көбелектің түсін, бұлбұлдың үнін жаратқан Құдірет иесі кім? Елікке әсем киім кидірген, қыранға күшті қанат, арыстанға айбат, жолбарысқа қайрат берген кім? Әрине, құдіреті шексіз, Білуші Алла.

Ендеше, осыншалықты шексіз Құдірет иесін танымау, Оның алдында бас имеу, Оның жіберген шариғатына бағынбау нағыз ақылсыздың ғана ісі.
Қасиетті Құранда ұлы Алла Тағала былай деп пәрмен етеді: «Мен жындар әлемі мен адамзат баласын тек қана Маған құлшылық етсін деп жараттым» («Зарият» сүресі, 56-аят)

Осы аяттың өзі Алла Тағаланы танып-білудің, Оған иман етудің, бұйрықтарын орындап, тыйымдарынан тыйылудың қаншалықты маңызды екенін анық білдірсе керек.

0 пікір