АЛЛА РАЗЫЛЫҒЫ ДЕГЕН НЕ?
АЛЛА РАЗЫЛЫҒЫ ДЕГЕН НЕ?
28.05.2020 11:47
1105
0

Әдетте, адам бойында өзі жақсы көрген кісісінің көңілін табу, қуаныш сыйлау, разы ету қасиеті бар. Бұны ғашықтардың өмірінен де көреміз. Ғашықтар ертелі-кеш сүйіктісін ойлайды, сүйіктісіне бар асылын арнағысы келеді. Сүйіктісінің қуанғанын, шаттанғанын көру оған ерекше ләззат сыйлайды. Ал, Алланы қуанту,  Алланы разы ету ше? Бұл өзі терең түсінікті құрайды. «Алла разылығы» деген ұғымды көбіне діндар кісілердің аузынан естиміз. Демек, ол көңілі үнемі Құдайда жүретін кісілердің бір ерекшелігі.  

Алланың разылығын көздеу – ең таза кіршіксіз сезім.  Өйткені, онда Жаратушыны тану, іштей жақсы көру, терең шүкіршілік сезімдері басым тұрады. Адамзат таңдаулылары пайғамбарлардың бәрі де өмірде Алланы разы етуді мақсат еткен. Оны ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дұғаларынан да байқаймыз. Соңғы елшінің бірнеше дұғаларында «Уа, Аллаһ тағалам, кешіріміңді және разылығыңды сұраймын», «Раббым, өзіңе ұнамды істерді бізге ұнатқыза гөр» деген мағынадағы тілектер кездеседі.  

Алланың разылығына жету – мұсылмандар үшін өмірдегі ең биік мақсат, сондықтан да пайғамбарлар сол жолда отқа да, суға да түскен. Халықтың келеке-мазағына ұшырап, қанша құқай көрсе де осы діттеген мақсатынан таймаған.

Алла күллі ғаламның, бұл дүние мен ақыреттің де егесі болғандықтан, оның жанында басқа мақсаттар, тіпті жұмақты мақсат етудің өзі де тым қарабайыр. Тақуа кісілерден Жүнәйд Бағдади тозақтан қорқып құлшылық жасағандарды «абдун-нар» (оттың құлы), ал жұмақты аңсап құлшылық жасайтындарды «абдул-жәннат» (жұмақтың құлы), құлшылықтың ләззатына ынтықтарды «абдул-ләззат» (ләззаттың құлы) деп атайтын. Ондағы ойы адамдарға бір Алладан қорқып, Жаратушының разылығы үшін ғана құлшылық жасау керектігін ұқтыру болатын.

Алланың разылығына жетуді тасаууыф іліміндегі «нафси мұтмаинна» (көңілдің толық қанағат табуы) дәрежесімен де түсіндіруге болады. Бұл туралы қасиетті Құранда Жаратушы ие «Әй, көңілі толыққанаған тапқан пендем (нәфсі мұтмаинна), Раббыңа сен одан разы, ол сенен разы болған күйде орал» деген (Фәжір сүресі, 27-28).

Бұл аят Алла тағаланың кей құлдарына разы болатынын анық білдіруде. Бұндай биік дәрежеге сахабаларымыздың жеткенін білеміз. Өйткені ол кісілер туралы Құранда «Алла оларға разы, олар да Аллаға разы» делінген (Бәйинә сүресі, 8).

Алланың разылығын табуды өмірлік мақсат тұтқандар басқалардан ерекшеленіп тұрады. Өйткені олардың көңілі үнемі Жаратушыда болады.  Не істесе де бар махаббатын салып, таза ниетпен істейді, көз  қылудан, риядан барынша сақтанады, жасаған жақсылығы үшін ешкімнен ештеңе (ақша, атақ, мансап т.б.) дәметпейді, өзі секілді басқа бір пендеге жағынып, жарамсақтанбайды. Адамдықты берік ұстанып, ықыластылықтан таймайды. Құдси хадисте бұндай кісілер жайлы былай делінеді: «Мен ізгі құлдарыма ақыретте бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген, ешкімнің қиялына келмеген тосын сый-сияпаттар әзірледім».

Аббасидтар кезеңінде болған мынандай бір оқиға айтылады.

Харұн Рашидтың уәзірлерінің арасында Жағфар Бермеки де бар еді. Халыққа сыйлық таратқан бір күні Харұн Рашид Жағфарға да сыйлық ұсынады. Алайда Жағфар бұл сыйлықты алмайды. Патша «Әй, адал уәзірім, кел, саған да берейін» десе де, уәзірі «Керек емес» деп бас тартады. Патша «Онда саған көбірек, тіпті байлығымның ширегін берейін» дейді. Уәзірі әуелгі сөзінен танбайды. Тағы біраз ұсыныс айтса да, уәзірінің әуелгі пікірінен қайтпағанын көрген Харұн Рашид «Сонда сен не қалайсың?» деп сұрайды. Сонда уәзірі «Алдияр тақсыр, маған сіз ғана керексіз, басқа ештеңе де керек емес, көңіліңіздің разылығы ғана керек. Өйткені сіз маған разы болсаңыз, онсыз да менен байлығыңызды аямайсыз. Ал, сіз маған разы болмасаңыз, ол байлықты мен қайтпекпін?» деп өзінің адалдығына тағы да бір рет патшаны тәнті еткен екен.

Иә, уәзірдің жауабында терең шындық жатыр. Мұсылман кісі бар жақсылықты ісі, шын пейілімен Алланы разы ете білсе, өмірінің мәнді де мағыналы өткені. Онда өзге жайттарды аса уайым етпесе де болады...    

  

Қ. Сабыржанұлы

 

0 пікір