ӘЛІМСАҚ СЕРТІ
ӘЛІМСАҚ СЕРТІ
11.04.2020 14:19
1816
0

Әбу Һурайра Алла елшісінен мынадай хадис жеткізеді: «Әр сәби дүниеге келгенде жаратылысқа сай туады. Сосын: «Алла жаратылыста адам баласын соған арнап жаратқан»,- аятын оқыңдар, - деді. Сөзін әрі қарай жалғастырып: «Баланы ата-анасы яһудейге немесе христианға не болмаса отқа табынушы мәжусиге айналдырады. Бұл тұп-тура малдың мүшелерін бүтін күйінде туған төліне ұқсайды. Сендер кеспей тұрып құлағы кесік туған төл көріп пе едіңдер?». Осы кезде тыңдап отырғандар: «Уа, Алланың елшісі, бүлдіршін кезінде көз жұмғандар туралы не айтасыз?»,- деп сұрады. Алла елшісі: «(Өмір сүргенде) қандай амал жасайтыны бір Аллаға ғана аян»,- деп жауап берді ». 

Басқа бір хадисте: «Сөйлегенге дейін осы дінде болмаған ешбір сәби жоқ»,- дейді. 

Бұл жерде айтатын ең бірінші мәселе ол ата-ананың жаңа туған баласына берген тәрбиенің маңызы. Атам қазақ айтқандай: «Ұяда не көрсең ұшқанда соны істерсің». Сәби «шыр» етіп дүниеге келіп ес жиғанға дейін ата-анасының қолында болады. Сәби көзін ашқаннан сол ата-анасына еліктейді. Алдымен солардың тілін сөйлеп, ана тілін санасына сіңіреді. Ата-анасының айтқаны әр қашан тура болады. Міне сол себепті бала есін жиып, ана тілін үйренгенде сол ана тілімен бірге ата-анасының дінін де қаны мен жанына сіңіреді. Алайда әр сәби дүиеге келгенде аят пен хадисте айтылғандай «жаратылысқа» сай туады. Ал бұл екінші мәселе.

Пайғамбарымыздың хадисіне зер сала қарасақ барлық сәбилердің бәрі бірдей бір жаратылысқа тән болып туады. Алты қанат үйде туған байдың баласы да, жыртық лашық та туған жарлының баласы да, еуропалық ақтың баласы да, африкалық зәңгінің баласы да бәрі бірдей бір жаратылыста туады. Бірақ бұл жерде аят пен хадисте айтылған «фитрат» яғни «жаратылыс» деп отырғаны не нәрсе? Әр бір пенденің жаны анасының құрсағына қалай пайда болған? Әрине, Алла Тағала жаратқан. Бірақ жанын сол жерде ме әлде басқа жер ме жаратқан? Адамның жаны яғни рухы құрсақта бірден жаралмайды. Ол сонау «әл-Мисақ» әлемінен келеді. Турасын айтқанда келтіріледі. Ал әлгі «әл-Мисақ» деп отырғанымыз атам қазақ жиі айтатын «мен әлімсақтан бері мұсылманмын» деген сөзіндегі «әлімсақ». Алла Тағала әу баста күллі адамның рухын жаратып «әл-Мисақ» деген әлемде өмір сүргізді. Сол жерден уақыты келгенде біртіндеп осы «дүние жалған» деген сынақ әлеміне жіберіп отырады. Ал сол әлімсақ деген қандай әлем дейтін болсақ, ол Алла Тағаланы айдан анық танитын әлем. Сол жерде Құдай Тағала күллі адамның рухын жаратқанда: «Мен, сендердің раббыларың емеспін бе»?, - (дегенде) олар: «Әлбетте, (Раббымызсың)» деген. Сонда Алла қиямет күні: «Бұдан хабарымыз жоқ» демеңдер»,- деп сөз алады. Яғни, Хақ Тағала күллі адамның рухын жаратып өзін танытып болған соң: «Ей, құлдарым! Мінекей кеше сендер жоқ едіңдер. Бүгін міне жоқтан жараттым. Ендеше сендердің Раббыларың Менен басқа кім болуы мүмкін?»,- деп сұрайды. Сонда күллі адамның рухтары жамыра, жарысып: «Уа, Алла Тағала! Сенен өзге бізді жоқтан жарататын кімде күш пен құдіреті болуы мүмкін? Сен біздің Раббымызсың. Бір сенен ғана медет тілейміз. Біздің бар болуымыз да жоқ болуымыз да Өзіңнің қалауында. Саған ешкім дау айта алмайды»,- дейді. Осы кезде Алла Тағала: «Ендеше, қиямет күні «осыдан хабарымыз жоқ» демеңдер» дейді. Яғни, Мен сендерді дүниеге деген сынақ әлеміне жіберемін. Сол жерде аналарыңның құрсағына кіріп, сол жерден дене киіп дүниеге келесіңдер. Одан соң ақ пен қараны ажырататын шаққа келгенде сендерге елшілерім арқылы жіберген бұйрығыма бағынып, осы сөздеріңнен таймай, Маған ғана құлшылық қылып, Менен ғана жәрдем сұрайтын болыңдар. Менен өзгені құдай етіп соларға табынып жүрмеңдер. Күн ертең қияметте: «Бұрынғы ата-бабаларымыз ортақ қосқан еді. Бізде де солардың ұрпағымыз. Сондықтан ата-бабамыз бен ата-анамыздың айтқанын істеп біз де пұттарға табындық. Жер бетінде солай ғұмыр кештік. Ал енді мына мақшарда солардың жолымен жүріп, айтқандарын істегініміз үшін бізді жоқ етіп, тозаққа тастап азаптамақпысың?»,- деп сылтау айтып жүрмеңдер»,- дейді. Сонда бәрі әрине: «Уа, жаратқан Иеміз! Біз сені таныдық, білдік. Ендеше қалай ғана пұттарға табынбақпыз. Қалай ғана Сенің бұйрығыңды істемей қашпақпыз. Саған қалай ғана қарсы шығамыз? Сен біздің Раббымызсың»,- деп шуылдасқан еді.

Міне, аят пен хадистегі «жаратылыс» деп отырғаны осындай түсінік. Яғни адамның жаны «бір Аллаға тағзыммен» жаратылған. Рухтардың осы бір берген серттері ар-ождандарына тайға таңба басқандай етіп жазылып, сол күйі осы өмірге келеді. Әлгінде Пайғамбарымыздың: «Сөйлегенге дейін осы дінде болмаған ешбір сәби жоқ»,- деген сөзіндегі меңзегені осы ақиқат. Яғни балаға тіл біткенге дейін ол Ислам дінінде басқа бір сөзбен айтқанда сол баяғы әлімсақтағы Алланың Өзін баян еткен дінінде болады. Атам қазақтың: «Қашаннан бері мұсылмансың?», «әлімсақтан бері мұсылманмын» дегені осы. Бала тіл біткенге дейін жүрегіндегі сол сертімен ғұмыр кешеді де тіл біткенде өзге діндегі ата-анасының сөзін қайталап не: «Иса – тәңір» не болмаса, «Будда – құдай» дейді. Ал күн ертең қиямет күні болып есепке тартылғанда: «Жоқ, мен тәухид дінін білмеген едім. Ата-анам маған осылай үйретті. Менің кінәм жоқ»,- деп жалтармақ болады. Міне осы кезде Алла Тағала оған баяғы әлімсақтағы сертін есіне салады. Пенде бұл өмірге келіп ер жетіп күйбең тіршілікпен сол сертін ұмытқанмен ол бәрібір оның ар-ожданында сақтала береді. Қазақта: «адам қысылғанда жақынын іздейді» деген сөз бар. Ендеше, пенде байлықтың буымен немесе мансаптың мас қылуымен жаратқан бір Құдайды еске алмауы мүмкін. Бірақ өмірдің шоқпары жанына батқан сәттерде ар-ожданы оны Аллаһ Тағаладан жәрдем тілеуге шақырады. Құранда: «Аллаға ортақ қосқандарға: «Егер сендерге Алланың азабы келсе немесе қиямет бола қалса Алладан өзге жалбарынасыңдар ма?» ,- деп айтылады. Я, ондай қысылтаяң сәтте бәрі ар-ожданы оянып, бір Жаратқаннан жәрдем сұрайды. Ал қиыншылықтан құтылған сәтте түк болмағандай ар-ожданын ұмытып нәпсісімен қайта жолдас болады. Сол себепті кейбір ғалымдар басқаны былай қойғанда әлімсақтағы берген сөзі үшін Алланың құзырында ешбір сылтау айта алмайды дейді. Я, ешбір пенде бір Жаратқанды тани алмадым деп сылтау айта алмайды.

Бірде бір мұсылман мен бір атеист адам Құдай туралы сөз таластырады. Мұсылман қанша дәлел айтса да әлгі атеист «Құдай жоқ» деп бұлтақтай береді. Сонда аяқ астынан зілзала бола қалады. Екеуі де столдың астына тығылады. Мұсылман бір кезде әлгі атеисттің бір нәрсе деп күбірлеп отырғанын байқайды. Құлақ салы қараса ол: «Сүбханаллаһ, сүбханаллаһ. Ей, Құдай! Мен осы сөзден басқа саған қалай дұға қылу керектегін білмеймін. Мені мына зілзаладан сақта!- деп отыр екен. Зілзала тоқтаған соң мұсылман оған әлгі айтқан сөздерін айтып береді. Алайда әлгі атеист «Мен ондай сөз айтқан жоқпын. Өйткені Құдай жоқ» деп сөзінен танады. 

Иә, Алланың рақымы болмаса иманға келу қиынның қиыны. Алла екі дүниенің иманын нәсіп етсін! 

Мухитдин Иса

 

0 пікір