Ұлыма айтарым!..
Ұлыма айтарым!..
04.09.2019 11:25
545
0

Ұлым, сен, өмір деген үлкен сүрлеуге енді түсіп келесің. Оның бұрылыстары мен жықпылдары көп. Сондықтан да әкеңнің мына айтқандарын көкейіңе тоқығайсың. Әуелі адам болып дүниеге келгесін, нағыз адам болып өмір сүруге, адам болып қалуға өзіңді дайындағаның дұрыс. Бұл - оңай емес. Оған қаншама уақыт пен төзім, білім пен ұстаным керек деші?! Күллі дүниенің жаратылысы - мейірімнен. Мейірімнің көзі махаббатта. " Махаббатсыз дүние- дос.."- деп Абай атаң бекер айтпаған. Махаббат - таза жүректің ісі. Сондықтан да жүрегіңді таза ұстауға тырыс. Дүниенің кірі, ласы адамның жүрегіне үйірсек. Кез келген ғадауат әуелі жүрегіңді алып қойса- сол жаман. Одан тазару оңай емес.

Мынау өмірді, жарық дүниені, жақсылықты, адамдарды сүй. Сүйе алмау- зор қасырет. Адамды алға жетелейтін екі нәрсе- ынта мен талап. Ынтаң болса, талабың ұшталса, арман- мақсатыңа жетесің. Еріншектік - осы екеуінің жауы. Еріншектіңтің басы бойкүйезділіктен. Санаң сергек, ойың айқын болсын. Ой- бағыттаушы күш һәм барометр. Ойдың тазалығы жанның тазалығына себепті есепті, жарқын, жақсы, өміршең ойдың иесі болуға өзіңді тәрбиеле.

Ойдың тазалығы, молдығы, тереңдігі оқыған- тоқыған, көрген- білген дүниеңнен. Сондықтан да оқуға құмар бол, көп уақытыңды соған арна. Білімнің кәусар бұлағынан сусындап, соның дәмін алып үйренсең, сонан әрі өзі- ақ сені жетелеп әкетеді. Білімді адамға қайда да, қашан да орын бар. Интелектауалдық жағынан бай адамға қоғамда сұраныс, ортада құрмет мол. " Білекті бірді, білімді мыңды жығады"- деген мақалды өзің де білесің. Қашанда түйсігің сау болсын.

Әрбір құбылысқа, нәрсеге, көзқарасқа, ситуацияға ақылмен қарап үйрен. Соған дағдылан. Эмоцияны іркіп ұста. Әрбір нәрсеге өзіңнің жеке көзқарасың болсын. Яғни өз пайымың. Абайдың " Көп айтса көнді, жұрт айтса болды- әдеті надан адамның"- дегені осыны меңзеген. Еліп етпе, желіп етпе. Азда болса күмәнің болсын. Ұлы философ Спиноза, "Менің күмәндануым- ойлағанымды білдіреді, ал, ойлағаным өмір сүретінімді айғақтайды"- деген. Өзің сенбей тұрғанға өзгені сендірем деп ойлама. Және соны біреуге күшпен таңба. Сенім деген жақсы нәрсе, әуелі сенімдірек нәрсеге сенген дүрыс. Тым сенгіштік- аңқаулық, надандық болып көрінеді.

Дүние- қызыл- жасылды. Қызықтырады. Нәпсіңді оятады. Әр нәрсеге қызыға берме. Өзіңде жоқтың бағасы өзгеде биік, қымбат болып көрінеді. Қызықтың артында қиыншылық тұратынын ұмытпа. Осы жастан асқақ мұрат қоя біл. Ұлы мақсаттарды арманда. Оған еңбек пен төзім жеткізеді. Жетіп жатсаң желікпе, жете алмай жатсаң қорланба. Қуана біліп үйрен. Қуана білмеген адам шынайы жылай да алмайды. Қолыңнан келгенше жақсылыққа қарай жүгір.

Көмекке қолың соз. Қайырымның түбінде адамдықтың кеніші жатыр. Есеппен ғана іс қылма. Жақсылық қылсаң әуелі өзіңе жақсы. Имандылық - адамгершілік. Жақсыны ғана дос тұт. Батылдық пен мінезділік- жігітке тән қасиет. Өркөкірек болма, өр мінезді бол. Намысты биік ұста. Ынжық атану- ер азаматтың бейшаралығы. Жалған айтпа. Ол да оңай емес. Сүрінсең тіктелуге, жығылсаң қайта тұруға қақың бар. Мойыма. Сынба. Ағысқа қарсы жүз.

Жел сөзге үйір болма. Жақсылықты үйрен. Өнерді биік қой. Өнерде адам баласының махаббаты мен жасампаздығы жатыр. " Өнерпаз болсаң арқалан"- демей ме, Абай атаң. Ізгілікке құштар бол. Парасатқа қарай ұмтыл. Адамды адам ететін сол- парасаттың патшалығы. Әр дүниеге философиялық көзқараспен қара. Соған жетуге тырыс. Заманға сай адал кәсіп пен пайданың көзін табуға тырыс. Ұлым, қайталап айтамын, білмекке ұмтыл, көп оқы, талмай ізден. Екі дүниенің шырағы ілім- ғылымда һәм ізгі білімде.

31.08.19

Ерболат БАЯТҰЛЫ-ның фб парақшасынан

0 пікір