ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСТЫҢ ЕКІДҮНИЕЛІК ТАНЫМ-ТҮСІНІГІ
ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСТЫҢ ЕКІДҮНИЕЛІК ТАНЫМ-ТҮСІНІГІ
17.05.2019 12:30
473
0

ХХ ғасырдың ұлы ойшылы Алберт Энштейн: «Егер бақытты өмір сүргіңіз келсе, мақсатқа тәуелді бол» депті. Сондағы біздің мақсатымыз: адамшылығыңды, отбасыңды, отаныңды қорғау екен. Адамның өмірге келгендегі де мақсаты осы. Әділет, ынсап, мейірім бұл жолдағы бағдаршамың. Пайғамбар (с.ғ.с)-ымыз ер азаматтың үш намысы бар дейді: Иманы, Отбасы, Отаны. Иманын-шайтаннан, отбасын-бөгделерден, ал, Отанын - жаудан қорғау керек екен. Үш намысының бірі осы Отаны. «Отанды сүю иманнан» деген хадис бар. Демек бұл хадистен түйетініміз отаныңды сүймесең иманың кемел болмайды дегенді меңзейді.

Отанды не үшін сүю керекпіз. Күнімізді көріп, тіршілігімізді жасап неге жүре бермейміз деген ой жастарды мазалайды. Отан деп жанымызды ауыртып, жүрегімізді сыздатып неге қызмет етуіміз қажет ойлайды кейбір жастар. Сұрағы айқын болғанымен, жауабы қате.

Пайғамбарымыз(с.ғ.с) Меккеден қуылғанда, туған қаласына қарап тұрып, «мәжбүр болмасам сенен кетер ме едім, ей туған жерім» деген екен. Бұл пайғамбардың да туған отанына деген махаббатын көрсетеді.

Қасиетті Құран Кәрімде де «Сендерді ұлт пен ұлыстан жараттым, бір-бірлеріңді тану үшін» деп, ұлтты жаратушы және оған отан беруші Алладан екенін ұқтырады. Біз ата-анамыздың баласы болғанымызбен ұлттың баласы екенбіз. Үлкен өлшеммен алғанда Алланың баласы екенбіз (О.Жәлел).

Алла Тағала әрқайсысымызды ананың жатырына салғанда, баланың рухын үрлегенде қазақ етіп жаратады екен (қаласа жаныңды орыстан тудырып, орыс қылар едіғо). Ол біздің таңдауымыз емес, Алланың қалауы. Демек, бұл Алла Тағаланың қазақ болып жаратылуы Алланың бұйрығы. Мұсылман адам Аллаға  қарсы шыға алама екен. Бәрі танымының дұрыс болмағанынан туындайтын шығар. Ислам философы Мәуләнә Руми былай дейді: "Пенде нені таныса, соны сүйеді. Нені сүйсе, соның соңында болады". Адам неге сенсе, сол оның әлемі болады екен.

«Отанды сүю иманнан» деген хадистің мәні де осыда. Осыдан келіп, отаныңды сүю, оған қызмет ету, намысыңдай қорғау, ол жолда қайтыс болсаң «шахид» боласың деу (ата-бабаларымыз), осыдан.

Қазақтың «отан от басынан басталады», деген сөзінің мәні әр жас өз отбасын сүйсе, отанын да сүйіп жарытады екен. Имам Ғазали ғалымның пікірімен өрбітсек «сүйген адам сүйгенін айналасын тұтас сүйе бастамақ».

Мемлекетте «ұлттық элита» қалыптастыру ұлттық отбасыдан басталатыны анық.

Ұлттық сезім мен исламның үндесуін былайша сипаттауға болады: Пендеге отаны мен сүйген адамдарына деген мәңгілік махаббатты Алладан басқа ешкім нәсіп ете алмайды екен. Ал, ол махаббатты "құдайыңды тану арқылы ие боласың", дейді ата-бабаларымыз. Ислам философтары (Мәуләнә Руми, Әл-Ғазали, Абн Араби) адамға, рухқа деген махаббат Аллаға деген махаббатқа ұласпақ деген ойды меңзейді. Қарап отырсақ бір-бірімен шексіз байланыстағы таным. Шықсаң адасатын, шығып кете алмайтын шеңбер.

Адам баласының өз-өзіне сенімі қайтқан кезде ғана, мал табу мен жанын қорғаудың сырын ұғады екен. Өзіңе сенім өзіңді тану арқылы ғана келмек. Өзіңді өткенсіз тану және өзіңе бір сәт үңіліп, қайдан келдім, не істеп жүрмін, қайда барам (Шәкәрім) деген сұрақтарға жауап таппай тану мүмкін емес екен. Ислам философ имам Ғазали: «таныған адам сүйе бастамақ, сүйген адам сүйгеніне ұқсай бастайды» дейді. Пайғамбар(с.ғ.с)-ымыз өз хадисінде былай деген: «Қалай өмір сүрген болсаңдар, солай өлесіңдер. Қалай өлсеңдер, солай тірілесіңдер», деп. Демек бұл дүниедегі танымымыз оо дүниеде өмірімізге ықпалы бар екенін ұғамыз. Тағы бір хадисінде Алланың елшісі(с.ғ.с): «Сендер қалай болсаңдар, солай басқарыласыңдар» дейді. Ниеттің алалығы ұлттық мызғымастығына күмән ұялатпақ. Қазақта «Ниеттің аласы, Құдайдың бәлесі» деген осыдан шығады. Ниеттің іс-әрекетке ықпалын осыдан байқауға болады.

Адам жаны өлмейтіндігі, аруақтардың жұма күні үйлері мен балаларын жағалауы, Оо дүниеде де адам баласының рухының отанынан жырақта болмайтынын ұқтырады. Сенімді адам баласы таңдай алады. Яғни неге сенем, қалай сенем десе де таңдау еркі берілген. Ал қай ұлттың өкілі болатыныңды Құдай өзі таңдаған. Ол үшін адам баласында таңдау жоқ. Демек Жаратқанның таңдауы жаратылғандардың таңдауынан анағұрлым биік әрі күшті. Сол үшін қазақ етіп таңдап жаратқан екен, қазақ ұлтын жан тәніңмен сүюің,  Жаратыушыны сүюіңмен тең нәрсе. Міне ислам алдымен өзіңді таны, Құдайды танисың, өзіңді сүй өзгені сүйесің деген қағиданы ұстанады. Сол үшін Құдайды да ұлттық болмыстан іздеу керек.

Отанға деген сүйіспеншілік, ол өз тіліңді құрметтеу арқылы ғана қалыптасады. Өз тілін құрметемеген адам отанында құрметтемейді. Аллатағала не үшін адам баласын ұлттар мен қауымдарға бөлді? Қаласа барлық адамзатты бір ұлт қыла салар еді ғой. Демек Алла бізді қазақ қылып жаратып, қазақша сөйлеуді пешенемізге жазса, қазақша сөйлеген абзал. Бұл дегеніміз Алланың әмірін орындау деген сөз және әлбетте сауапты істерге саналмақ.

Әрбір ақыл санасы жоқ жан-жануарлардың да, басқа да тіршілік иелерінің де өз болмысымен сөйлесетін тілдері бар. Бірақ олар дауласпайды, бір-бірінен дәлел сұрамайды. Түсінбейтін адамға дәлелде көмектеспейді. Төле би атамыздың мына үш ақылы осы жерде ойға оралады: «Адамда үш сұрақ болады. Біріншісі - шын сұрақ, екіншісі-сын сұрақ, үшіншісі-жын сұрақ. Егер адам шын сұрақ қойса, жауап беріп түсіндірген абзал. Ол адам ақылға салып түсінеді. Ал екіншісі сын сұрақ, ол адам сені тексеру үшін әдейі қояды. Үшіншісін айтпай-ақ түсінесіңдер», деген екен.

Ұлты мен отанын сүю Пайғамбардың сүннеті. Пайғамбар(с.ғ.с)-ымыз өз ұлтының тілінде сөйлеп, өз ұлтының дәстүр-салттарын қадағалап ұстады. Демек, өз ұлтыңның тілінде сөйлеп, өз ұлтыңның салтымен жүру сүннет. Қасиетті Құран Кәрімде Алланың адамдарды ұлтқа, ұлысқа, руға бөлгені айтылған. Адам өз тумысына қарсы келіп ұлтын, ұлысын жоғалтуы Алланың еркіне қарсы шыққандық болмақ.

Исламда ұлтшылдық жағымсыз дүние емес. Керсінше адам исламды таныған сайын ұлтын сүйе бастайды. Егер исламда ұлтшылдық болмағанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Арапты үш сыйпатта құрметтеңдер демес еді. Демек ислам алдымен өз ұлтыңды құрметтеп сүюдің өзге ұлттарды құрметтеуге жол ашатынын меңзейді.

 Қасиетті Құранның «Ибраһим» сүресі, 4-аятында: «Біз әр пайғамбарды қауымына ақиқатты ашып түсіндірсін деп, тек өз қауымының тілінде сөйлейтін етіп жібердік» деген сөзді Сәдуақас Ғылмани атамыз келтіре отырып, дін адамдарын үшке бөліп қарастырады. Әрі аталмыш аяттың тәпсірі негізінде әр халықтың өз әдет-ғұрпын, өмір сүру дүниетанымын басты назарға алып, «ад-Дин уа-л-Адаб иесі и’тидал би-л-мутауассит» жолын ұстануды насихаттағанын, өзі де осы көзқарасты жақтайтынын айтады.

Ұлт дегеніміз - тұтастық. Ол тұтастықты Алла жаратты. Бізге мекен мен жолымызды берді. Ұлтты сақтау жолындағы жанқиярлық ісіміз Алланың алдында парызымыз, Аллаға қайтарған қарызымыз бен рахметіміз екен. О дүниеде Алланың алдында ол үшін де сұралады екенбіз. Бірақ ұлтыңды сақтау жолындағы күресте Алла жаратқанбасқа да ұлтқа зиянымыз тимеуі қажет. Бұл мұсылманның міндеті. Басқа ұлттардың да ерекшелігіне құрметпен қарап, қамқорлық танытуымыз Құдайдың дәргейіне бас ұрған болып саналмақ. Адамзаттың идеалы – Алла Тағала ғана. Сондықтан, данышпан Шәкәрім: "Дұрыс ойла. Сөзіңді түзе. Сөзің мінезіңе, мінезің өміріңе айналар. Ал өмірің- ақыретің", дейді. Яғни бәрі дұрыс танымға байланысты. Таным қабылдауыңыз дұрыс болса, отанның бақыты сенің бақытың болмақ. Адам рухының бір нəрсені қабылдауына, яғни ділге қажетті нəрселері бар екен. Олар сыртқы жəне ішкі сезімдер. Сыртқы нəрсе - көз, құлақ, мұрын, татып білмектік, сипау, тұтып көрмектік. Ал ішкі сезімдері - қиялдау, ойлау, еске сақтау, түйсік (қабылдау), сезім (ерік қуаты).  Осы қасиеттердің біреуі орындалатын іске қарсылық танытса, адамның атқаратын істерінде өз-өзіне қарсылық пайда болады екен. Ислам философы имам Ғазали: «Адам нені таныса, соны сүйеді. Нені сүйсе, соның соңында болады», дейді.

Отанын сүйген пенде ғана Алласын сүйіп жарытады екен. Пайғамбар(с.ғ.с)-дың «отанды сүю иманнан» деген хадисінің мәні осыда. Мұндай таным Құдайын танығаннан кеңеймек. «Иманды, Алланы таныған, оған ғашық адамның мәртебесі ақыретте шаһидтің дәрежесінен артық», - дейді әл-Ғазали.

Ақиық ақын Омар Һаям былай: «Тамшыдай сезім болған жерде, таудай төзім болады», деген. Яғни, ұлтын сүйген пенде Алланың ұлтқа берген ризығын алу жолында күресе біледі екен. «Не көрсек те осы топырақтың киесі мен қойнында болайық!», деген ата-бабаларымыз. 

Жарас АХАН,

тарихшы-дінтанушы

0 пікір