Тәрбие тал бесіктен басталады
Тәрбие тал бесіктен басталады
10.09.2017 21:43
498
0

Отанның отбасынан басталатынын ескерген дана халқымыз отбасы тәрбиесіне көп көңіл бөліп, ұлы өссе – ұяттымен, қызы өссе – қылықтымен көрші болған. Әсіресе, қызды тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу екенін ұғынып, оны «қырық үйден» тыя білген. Содан келіп, қазақ қызы ибалы, инабатты, иманды болған.

Бала тәрбиесіне әке де, ана да бірдей жауапты. Бұл тұрғыда адамзаттың абзалы Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің бір хадисінде: «Ер кісі отбасының бақташысы. Сондықтан да ол қол астындағыларға жауапты», – дей келе, хадистің жалғасында: «Әйел – өз күйеуі мен үйінің және балаларының бақташысы, сондай-ақ, сол үшін жауапты», – дейді. Ислам осылайша отбасындағы ер мен әйелдің рөлін анықтап берді. Ер мен әйел бір-бірі үшін де, балалары үшін де жауапты болып табылады. Дей тұрғанмен, бүгінгідей әлеуметтік жағдай маңызды болып тұрған тұста, кей жағдайларда әкенің тарапынан балаға қажетті деңгейде көңіл бөлінбей жатады. Себебі, жұмысбастылықты желеу ететіндер отбасы тәрбиесіне келгенде, көп нәрсені әйелге «ысырып» қоя салады. «Әке көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер» деген аталы сөз ұлға – әкенің, қызға – ананың берер тәрбиесінің маңызды екендігін ұғындыратындай.

Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды отыны адамдар мен тастар болған оттан (тозақ отынан) құтқарыңдар». («Тахрим» сүресі, 6-аят).

Осы аяттағы «құтқарудың» мағынасын Әли ибн Әбу Тәліп (Алла оған разы болсын): «Оларға ғылым-білім үйретіп, әдепке баулыңдар»,– деп түсіндірген. Ал, Хасан Басри: «Аллаға мойынұсынуға бұйырып, ізгілікті үйретіңдер»,– деген. Яғни, баланы жамандықтан қайырып, жақсылыққа баулу, оған ілім-білім үйрету – ата-ананың басты міндеті. Жас шыбықты қалай баптасаң, солай өсетіні секілді, баланы теріс әдеттен аулақ қылып, қатесін уақытылы түзеп отырсаң, әдепті болып өсері анық. Ізгі ұрпақ тәрбиелегені үшін ата-анаға осы дүниеде де, ақыретте де үлкен құрмет, шексіз қошемет бар.

Жалпы, баланың тәрбиесіне әсер ететін төрт фактор бар: отбасы, сыртқы орта (көше), мектеп, қоғам және жалпы қоғамдық мәдениет. Демек, отбасында берілген тәрбие балаға аздық етеді. Ол үшін ата-анамен бірге білім алатын мектебі яки сыныбы, көрші-көлем, ағайын-туыс, қала берді жалпы қоғам жауапты болмақ. Кейде жөнсіз кеткендерді көрсек, «заман өзгерді» деп, өзімізді «ақтап» алып, өзімізге жауапкершілікті жүктеуден қашқақтаймыз. Бірақ, Жаратушы Алла Тағала мұсылмандарды ізгі істе әрдайым күш біріктіріп, ауызбіршілікпен әрекет етуге, қандай түйткілдің болсын шешімін бірге іздеуге үндейді. Одан келіп шығар түйін: бала тәрбиесі – адамзат баласының ортақ ісі.

 

Ислам діні қыз баласының тәрбиесіне ерекше мән беріп, оның Қияметтегі маңыздылығын алға тартады. Оған Әнас ибн Мәліктен (Алла оған разы болсын) жеткен мына бір хадис дәлел іспеттес. Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім екі қыз тәрбиелеп өсірсе, қиямет күні мені мен ол мынадай боламыз»,– деп екі саусағын қосқан. Тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімнің қыз баласы болып, оған жақсы тәрбие берсе, жетерліктей ішіп-жегізсе, Алла тағаланың берген нығметінен молынан берсе, ол қыз оған береке кіргізеді әрі тозақтан құтқарып, жәннатқа кіруіне себепкер болады».

Жоғарыдағы хадистерден ұғынғанымыздай, қыздарымызды жақсы тәрбиелеп, адалдан ішіп-жеуіне мән берсек, ата-ананың ақыреттік халі жақсы боларын түсінер едік. Фәни дүниедегі ұрпағыңа берген тәрбиенің жемісін о дүниеге барғанда көресің. Сөзімізді Алла елшісінің хадисімен растасақ. Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Бір (қайтыс болған) пенденің дәрежесі көтеріледі. Сонда ол: «Уа, Раббым! Бұл маған қайдан келді?» – дейді. Сонда (Раббысы): «Бұл сенің артыңдағы балаңның саған истиғфар (кешірім) тілеуінен»,– дейді».

«Баланы жастан» емес, бесіктен, тіпті, ана құрсағынан бастап тәрбиелеуді атам қазақ ерте ұғынған. Әдетте, адам барлық нәрсені өмірге келген соң үйренеді, көреді, біледі, көңіліне түйеді. Алайда, сәбидің ана құрсағындағы тәрбиесі аса маңызды орын алмақ. Өйткені, бала ана құрсағында болғанда анасы не нәрсені көбірек үйренсе, көбірек білсе, кейін бала да сол нәрсені тез игереді екен. Яғни, «Сүтпен біткен мінез сүйекпен кететінінің» дәлелі. Ендеше ұрпақ тәрбиесін уысымыздан шығарып алмай, ұл-қызымыздың бойына ұлағатты сіңіріп өсіруді ұмытпайық.

 

Алмат қажы Әли,

Ақтөбе облысы,

Хромтау аудандық

 «Нұр» мешітінің бас имамы

0 пікір