СІЗДІ АЛЛАҒА СҮЙІКТІ ЕТЕТІН 10 ӘДЕП ⠀
СІЗДІ АЛЛАҒА СҮЙІКТІ ЕТЕТІН 10 ӘДЕП ⠀
09.08.2022 11:15
384
0

1. Мұсылман бауырыңды көргенде оған "Ассалаумағалейкум" деп сәлем бер. Бұл сөз "Сізге Алланың есендігі болсын" деген керемет әдемі тілекті қамтиды. Ал егер ол сенен бұрын амандасып қойса, оған: "Уағалейкүм ассалам" «Сізге де Алланың есендігі болсын» деп көркем түрде жауап қайтар. ⠀

 2. Егер бір жерге (біреудің үйіне) кіргің келсе, алдымен есікті тоқылдатып, даусыңды шығарып, үй иесінің рұқсатын алып кір. Біреудің үйіне рұқсатсыз кіру – әдепсіздіктің белгісі. ⠀

3. Тамақ, су, т.б кез келген асты ішер алдында «Бисмилләһ» деп Алланың атын аузыңа ал. Тамақты оң қолыңмен же және өз алдыңнан жеуге дағдылан. Ыдыста тамақ қалдырмай, тамақты бітіріп ішу және болған соң қолды жалау – ысыраптан сақтайды әрі бұл Пайғамбарымыз ﷺ көрсеткен ізгі әдеп екенін ұмытпа. Тамақтанып болған соң «Әлхамдулилләһ» деп тамақ беріп, қарныңды тойдырған Аллаға мақтау айт. ⠀

 4. Тек жақсы сөз сөйле әрі даусыңды қатты шығарма. Адамдармен қатқыл сөйлеспе. Егер біреу саған қарап әңгіме айтып тұрса, оның сөзін бөлме, соңына дейін тыңда. Әсіресе, үлкендердің сөзін бөлу, алдына түсіп, сөз айту – көргенсіздіктің белгісі. ⠀

 5. Егер ұйқыға жатар болсаң, онда дәретпен ұйықтауға тырыс. Оң жақ бүйіріңе қарап жат және «Аятул Курсиді» оқуды әдетке айналдыр. Екі алақаныңды жайып, оған «Ықылас», «Фәлақ», «Нас» сүрелерін оқы. Кейін екі алақаныңа ақырын ғана үрле де, сол қолдарыңмен денеңнің барлық бөлігін сипалап шық. Осылай 3 рет жаса. Бұл "жатар алдында дем салу" деп аталады. ⠀

6. Түшкірген кезде бетіңді қолыңмен не киіміңмен көлегейлеп жап және «Әлхамдулилләһ» деп Аллаға мақтау айт. Егер біреу «ЯрхамукаАллаh» «Алла сені рахмет етсiн» деп жауап берсе, оған: “Йаһдикумул-лаһу уә юслиху бәләкум (Алла Тағала сендердi де тура жолға бастап, iстерiңдi оңғарсын) – деп жауап бер. ⠀

 7. Есінегің келсе, даусыңды қатты шығарма және аузыңды қолыңмен басып есіне. ⠀

8. Егер бір жиынға келсең, көпшілікке даусыңды шығарып (олар еститіндей) сәлем бер. Және адамдардың шетіне келіп жайғас. Өзгелерді аттап, мазаларын алма, олардың рұқсатынсыз араларына отырма. Әрі отырған адамдарды орындарынан қозғама. ⠀

 9. Жолда келе жатсаң әдептерді сақта. Жан-жағыңа алақтап қарай берме. Адамдардың сәлеміне жауап бер және ешкімге зияныңды тигізбе.

10. Өзіңе үйлесетін жарасымды киім ки және ең жақсы киім ақ түсті киім екенін ұмытпа. Киімді оң жағынан бастап киіп, сол жақтан шеш.

0 пікір