ШАРИҒАТ БОЙЫНША АСЫРАП АЛҒАН БАЛАҒА КІМНІҢ ТЕГІ БЕРІЛУІ КЕРЕК?
ШАРИҒАТ БОЙЫНША АСЫРАП АЛҒАН БАЛАҒА КІМНІҢ ТЕГІ БЕРІЛУІ КЕРЕК?
17.07.2021 13:17
1051
0

Исламда баланы асырап алу – өте сауапты іс. Бірақ, асырап алған балаға асыраушының аты мен тегі берілмейді керісінше, баланың туған әкесінің аты беріледі. Бұған Құранда анық дәлел бар:

«Адамға Алла екі жүрек бермеген. Сондай-ақ, сендер зиһар (әйелін туған анасына теңеу) айтып, серт еткен әйелдерің аналарың бола алмайды. Ал өгей балаларың өз балаларың болмайды. Оның барлығы сендердің жай ғана ауызбен айтқан сөздерің ғана. Тура жолға бастайтын шынайы ақиқат – тек Алланың аяттарында ғана. (Өздерің асырап алған өгей балаларыңды) туған әкесінің атымен атаңдар. Алланың алдында осылай жасағандарың әділ болады. Ал егер де, олардың әкелерін білмесеңдер, онда олар сендерге, дін жағынан бауыр болып, туысқан болып келеді. Білместіктен қателік жасап жатсаңдар күнә болмайды. Біле тұра әдейі жасағандарыңның жөні бір бөлек. Алла Кешірімді, Мейірімді» (Әл-Ахзаб: 4-5 аяттар).

Аяттан түсінгеніміздей, асырап алған баланы өзінің әкесінің тегімен атау керек екен. Себебі бала да, басқалар да оның кім екенін білуі тиіс. Оның шынайы әкесі сіз болмағандықтан, баланы өзіңізге ауыстырып алу құқығы берілмейді әрі бала өзінің тегін, ағайын-туысы мен бауырларын біліп жүреді. Ал енді білмей жасағанды Алла кешіреді.

 Кейбір тәпсіршілердің айтуынша, бұл аят Зайдқа байланысты түскен. Алланың елшісі (с.ғ.с.) Зайд есімді баланы асырап алып, оны осы аят түскенше Заид ибн Мұхаммед (Мұхаммедің ұлы Зайд) деп атаған еді. Жоғарыдағы аят түскен соң пайғамбардың (с.ғ.с.) асырап алған баласы Зайд өзінің әкесі Харистің атымен аталды. Бұдан әрі ол Зайд ибн Харис болды. Сонымен қатар Алланың елшісі (с.ғ.с.):

«Кім өз әкесін біле тұра жасырып, өзге адамды әкем деп айтатын болса, оған жәннат харам қылынады» – деп айтқан (Мүслим).

 

дереккөз: kazislam.kz


 

0 пікір