СЕНДЕР МЕНІ ҚАРАМАЙ ТҰР ДЕП ОЙЛАҒАНДА...
СЕНДЕР МЕНІ ҚАРАМАЙ ТҰР ДЕП ОЙЛАҒАНДА...
16.10.2020 10:01
235
0

Сендер мені қарамай тұр деп ойлап, алғаш салған суретімді тоңазытқыштың сыртына қыстырғандарыңды көріп тұрдым. Көрдім де келесі суретті салуға асықтым!

Сендер мені қарамай тұр деп ойлап, панасыз мысыққа сүт құйып беріп, қамқорлық жасағанда, мен хайуанаттарға мейірімді болу маңызды екенін түсіндім.

Сендер мені қарамай тұр деп ойлап, менің сүйікті бөрегімді пісіріп қойғандарыңды көргенде, титтей затты да мен үшін арнайы жасайтын жандардың барын ұғындым.

Сендер мені қарамай тұр деп ойлағанда, мен үшін дұға еткендеріңді көрдім. Көрдім де бір Жаратқанның барына кәміл сендім.

Сендер мені қарамай тұр деп ойлағанда, дәмді ас пісіріп, ауруханадағы науқас достарыңа апарып бергендеріңді көрдім. Кісінің күні кісімен екенін байыптадым.

Сендер мені қарамай тұр деп ойлағанда, қанша уақыттарыңды панасыз қалған елге көмектесуге жұмсағандарыңды көрдім. Ешкімі жоқ адамдарға қол ұшын созу төрт құбыласы түгел адамның бәріне парыз екенін білдім.

Сендер мені қарамай тұр деп ойлағанда, үйді күтіп-баптап, шаңырағымыздағы әр жанға мейірім сыйлағандарыңды көрдім. Ет жақыныңа жақсылық жасаудың не екенін ұғындым.

Сендер мені қарамай тұр деп ойлағанда, ауырып тұрсаңдар да өз міндеттеріңе жауапты болғандарыңды көрдім. Өскенде мен де сондай болам деп шештім.

Сендер мені қарамай тұр деп ойлағанда, көзден шыққан жас көкіректі жуып жатқанын байқадым. Өмірде жылау да қалыпты жағдай екенін түсіндім.

Сендер мені қарамай тұр деп ойлағанда, маған қамқор болдыңдар, қалағанымды жасауға көмектестіңдер.

Сендер мені қарамай тұр деп ойлағанда, білуге тиіс өмірлік сабақтарымның денін санама сіңірдім, өскенде жетістікке жету үшін не істеу қажетін үйрендім.

Сендер мені қарамай тұр деп ойлағанда, мен сендерге қарап: «Анашым, әкешім! Мені қарамай тұр деп ойлап көрсеткен ізгіліктерің үшін мың да бір алғыс!» дедім.

 

Author: Mary Rita Schilke Sill

АударғанШынарӘбілда

0 пікір