Сәбилік кезең: 0-2 жас аралығы
Сәбилік кезең: 0-2 жас аралығы
07.08.2015 11:58
6790
0

Сәбилік кезеңнің қасиетті Құран Кәрімде бірнеше мәрте қайталану оның маңыздылығын білдіреді.

       Бұл кезең бала туылған сәттен бастап, екі жасқа дейін жалғасады. Құранда сүт ему уақыты екі жыл екендігі айтылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) екі жасына толмай шетінеген ұлы Ибраһим жайында: «Оның сүт анасы жәннатта. Қалған сүтін сонда еміп, екі жылын тәмамдайды» - деп, сәби үшін сүт ему кезеңінің 2 жыл екендігін меңзеген.

       Көбіне ата-ана баланың ана сүтімен қоректенуіне мән бермей жатады. Алайда, баланы тазалыққа, белгілі бір тәртіпке  үйрету кезеңі нағыз осы кезең. Сонымен қатар сәби кездегі қорек баланың болашақтағы денсаулығына бірден бір әсер ететін маңызды фактор екенін медицина да әлдеқашан дәлелдеген. Психологтардың айтуынша, баланың өзіне деген сенімділігі, тұйық немесе ашық мінезділігі, тартыншақ немесе батыл болуы да осы кезеңде қалыптасады. Ата-ананың, әсіресе сүт емізіп жатқанда сәбиді анасының мейірлене құшағына басуының өзі маңызды. Осыған қарай баланың бойында оптимистік немесе пессимистік қасиет пайда болады. Сондай-ақ баланың зерек, еңбекқор, өмірге бейім болып өсуіне әсер ететін жүйке жүйесі де осы кезден қалыптаса бастайды. Сондықтан сәбилік кезең де өз алдына маңызды.

       Бала туылғаннан күтімі мен тәрбиесінде жасауға тиіс алғашқы жөргек, алғашқы қорек, сүйінші, балаға ат қою, азан шақыру, ақиқа құрбаны, садақа сияқты амалдар мен жоралғылар бар. Олардың әрқайсысы балa өмірінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан оларды өз орнымен орындау – ата-ананың міндеті.

       Бала тәрбиелеудегі ең күшті қару – дұға. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ата- ананың баласы үшін жасаған дұғасы қабыл болады» - деп бала үшін дұға жасап, тәуекел етуді естен шығармау керектігін сүннет жолымен үйреткен. Себебі, дұға – тәрбиенің тірегі. Дұғасыз берген тәрбиенің жемісті болуы екіталай.

 

0 пікір