СӘБИДІҢ МАҢДАЙЫНА КҮЙЕ ЖАҒУҒА БОЛА МА?
СӘБИДІҢ МАҢДАЙЫНА КҮЙЕ ЖАҒУҒА БОЛА МА?
13.09.2021 12:09
658
0

Өмірде «көз тиіпті», «назарланып қалыпты» деген сияқты сөздерді естіп жүрміз. Расында да егер адам бір нәрсеге тамсана, қызғаныш араласқан сезіммен қарайтын болса онда назар нысанына түскен зат (сәби, ересек адам, жануар және т.б.) зиянға ұшырайды. Қызғаныш, жамандық пен көреалмаушылық сияқты қасиеттер араласқан назар, зиянды. Әрине оның кесірі Алланың рұқсатымен ғана болады. Дегенмен, адам баласы мұндай назардан сақтанғаны жөн. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Алланың елшісі (с.ғ.с.)«Көздің тиюі – ақиқат», – деп айтқан (Бұхари, Муслим).

Тіпті Жақып пайғамбар өзінің ер жеткен балаларына көз тимесі үшін былай деп айтқан: «Әй балаларым! Қалаға бір қақпадан кірмей бөлек-бөлек қақпалардан кіріңдер. Онымен қатар сендерден Алланың бұйрығынан еш нәрсені кетіре алмаймын. Үкім Аллаға ғана тән. Оған тәуекел еттім. Сондай-ақ тәуекел етушілер Оған тәуекел етсін» (Жүсіп: 67).

Себебі, Жақыптың он екі баласы бар еді. Егер де олар жиналып қаланың бір қақпасынан кіретін болса, халық тамсанып қарайды, көз тиюі мүмкін деп қорыққан. Байқағанымыздай назарланудан пайғамбарлардың өздері де сақтанған.

Көз тиюдің салдары ауыр, кейде қайғылы жағдайға алып келеуі мүмкін. Жәбирден келген риуаятта Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай деп айтқан: «Назар деген – адамды қабірге апарады, түйені жерге құлатады» (Әбу Нағим). Хадисте айтылғандай көздің тиюі адамды ғана емес, ірі әрі үлкен түйе сияқты жануардың өзін өлтіреді екен.

Көз тию және одан сақтану жолдарына қатысты жазылған діни әдебиеттерде мынадай мәшһүр хабар келеген: «Бір күні халифа Осман ибн Аффан өтіп бара жатып, сүйкімді сәбиді көреді. Кейін: «Көз тимесі үшін мына сәбидің иегіне қарамен түртіп қойыңдар», – деп айтады».

Сондықтан да кейбір халықтар сәби балаларға көз тимесі үшін күйе жағады. Кейбір кезде күйенің орнына баланың бас киіміне, кеудесіне жалт-жұлт еткен таққыншақ тағып қояды. Бұл күйе немесе таққыншақтың көзден сақтайтын қандай күші бар? деп айтуыңыз мұмкін. Бұлардың дербес ешбір күші жоқ, бірақ, бұдан мақсат – балаға қараған кісінің алғашқы назары сол таққыншаққа, немесе күйеге қарап, ойы бөлінеді. Сөйтіп, адамның көзі еріксіз әлгі әдемі әшекейге немесе қара күйеге түседі.

Абзалы көз тимеуі үшін сақтанатын пайғамбардан (с.ғ.с.) қалған арнайы дұғалар бар. Сәбиді көпшілік орынға немесе басқалардың алдына шығаратын уақытта сол дұғаларды балаға оқып қойған дұрыс. Қазақтың шақалақты қырқынан шықпайынша ешкімге көрсетпеуінің сыры да осында болса керек. Себебі сәби ол уақытта өте әлсіз және тез назарланып қалады.

 

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

 

0 пікір