РУХАНИ АЗҒЫНДАП БАРАМЫЗ БА?
РУХАНИ АЗҒЫНДАП БАРАМЫЗ БА?
13.01.2022 10:18
134
0

– Ағай, «Koremiz»-дегі қарындасыңыз ғой. Бір ауыр тақырып бар еді, соған сарапшы болып қатысып бересіз бе?

–  Әрине, айналайын…

Студиядағы жәбірленуші жас келіншектің көз жасы тола мұң-зары мен «жәбірленуші»-қорғаушының (адвокат), зорлау мен қорлауға толы айла-әрекеттеріне таң қалып, ел азаматтары осыншама боркемік болып кеткеніне ішімнен егіліп-езіліп келемін. Ата-бабаларымызды қамшылап маза бермейтін ар-намыс, айбындылық, қаһармандық қайда кеткен?

Осы ток-шоуға үшінші қатысуым. Алғашқысы: «Жүргіш имам атандым» деп діннің атын жамылып, бас пайдасын ойлаған бейбақ. Онан кейін – «атың шықпаса жер өрте!» дегендей, балшыққа да аунап, бес қатын алдым деп жар салып, шәуетімді ішсең аурудан дым қалмайды деп «жазылушыларының» аздығына көңілі толмаған «хан бала». Қайдан шықса онан шықсын деп телеарнаға өзі келіп, «алғашқы пайғамбармын» деп жар салып, нәпсінің құлы болған бауырым.

Байқасақ, осылардың бәрінің басын қосатын ұқсастық бар екен – дүние мен нәпсінің құлы болу. Үшеуі де, өнер мен білім, мәдениет пен әдептің ордасы Алматы қаласына жақын, Алматы облысының аудандарынан. Қалаға жақын аудандарғы қызметтегі азаматтардың жер сатып істі болып жатуларымен, мектептердегі орын алатын олқылықтарымен де жиі ақпарат беттеріне шығып отыруларымен ерекшеленеді. Сонда, ақыны мен батырының атын атап тауыса алмайтын, жер жәннаты Жетісуға рухани жаңғырудың жаңғырығы жетпей, мектептер мен мекемелерде рухани тәрбие соншама ақсап кеткені ме?

Бұл, тек қана осы облыста ғана болып отырған жағдай емес екені белгілі. Қоғамдағы рухани азғындық көріністері барлық аймақтарда көрініс тауып отыр. Еліміздің рухани орталығы деп танылатын Түркістан облысында да педофилия, тұрмыстық зорлық, өзіне қол жұмсау фактілері аз емес. Шымқаланың Кеңестер дәуірінен келе жатқан «мақтанышы» «Шымкентский» сырасының баяу бомбасы өз ісін жасап жатыр.

Статистикаға жүгінсек, елдің оңтүстіктігінде ажырасу салыстырмалы түрде аз болғанымен, некесіз жүкті болу, жаңа туған баланы өлімге қию фактілері көбірек екен. Әсіресе ауылдық жерде көп орын алады. Әлеуметтану деректері бойынша, Қазақстан суицидтен әлем елдері бойынша 3-і орынды иеленсе, әйелдер мен қыз балалардың өз-өзіне қол жұмсауынан масқаралы 1-і орында екенбіз. Шиеттей үш баланы лақтырып, артынша бұл фәниден наразы болып кеткен жас ананың өлімдері баршамыздың қабарғамызға қатты батты.

«Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» елміз деп ауыз толтырып отырғанда, бес жасар сәбиге дейін зорланып отыр. Қазір түзеу мекемелерінде педофилиямен сотталған 2000-ға жуық қылмыскер отыр екен. Оның 20 пайызы рецидивист (қылмысты қайта жасаушылар). Өткен жылдың бес айында мұндай қылмыс саны мыңға жетсе, оның жартысы бала зорлығы екен. Сонда, ашылған қылмыстар айына жүздеген болса, ашылмағаны қаншама.

Қайда бара жатырмыз? «Ер баланы молшылық, қыз баланы жоқтық бұзады» дегендей, сонда осы азғындыққа тек жоқтық итермелеп тұр ма? Жоқ. Өткен ғасырдағы 30-шы жылдарындағы секілді аштан қырылып жатқан жоқпыз. Сонда, осыншама азғындауға апаратын не себеп екен?

Рухани азғындаудың басты себебі экономикалық және әлеуметтік құлдырау емес. Әлеуметтік қиыншылықта болған көптеген елдердің тарихында, жауларын жеңіп қана қоймай, елін көркейткен мысалдар жеткілікті. Керісінше, небір мемлекеттер мен империялар, біздің қазіргі күніміздей азғындыққа ұшырап, елдігінен айырылып жоқ болып кеткен.

Тек қана күшке сенген ежелгі Спарта мен ежелгі Македония, Рим империясы мен Осман империяларының жойылуына әкелсе, Екінші дүниежүжілік соғыстан кейінгі уақытта әлемді қарулы күшпен қорқытатын Кеңестер Одағы ыдырады. Ауғанстанды күшпен ұстаймыз деген елуге таяу мемлекет, ол жақтан бас сауғалап қашқанына да көп болған жоқ.

Елімізге жанашыр бола қоймайтын қоқан-лоқы көршілермен, жаһан елдермен қалай араласып, халықты неге тәрбиелеуіміз керек?

Ежелгі Грекияның ойшылдары мен философтары, масаттанудың түбі мемлекетті құртатынын қанша ескерткенімен, өздерін қудалап, мазақ етіп, ақырында римдіктерге бағынды. Айналасында жау қалдырмаған Рим империясының құлдырау кезеңі сол даму кезеңінің шарықтау кезеңінде басталыпты. Халыққа «нан мен көрініс» (хлеба и зрелищ) деп амфитеатрлар салып, гладиаторлар шайқастарын ұйымдастырып, сән-салтанаттың соңы алып империяның құлауына әкелді.

Біз рухани дағдарыста екенімізді мойындап, ел болашағын ойлайтын уақытымыз келді деп емес, өтіп барады деп айтар едім. Бүгінгі тақыбырымыз – ақпарат кеңістігінің елдегі рухани болмысқа әсері болғандықтан, соны бір зерделеп көрейікші. Айтқанымыз бен жазғанымызды жүздеген адам тыңдап, оқыса, миллиондаған аудиториялары бар телеарналардың рухани тәрбиедегі орны мен ролі елеулі екені белгілі. Алайда, осы телеарналардың, көрермендер үшін бәсекелері қалай болып жатыр екен?

Телеарналарда, рейтинг (көрермендер көрсеткіші) деген жарыс басталған. Сондықтан бастапқыда «танымал әнші», «танымал сықақшы», күлкі театрлары мен ән жарыстарыда бақ сынаған телеарналар кейін негізінен Ресей телеарналарының ток-шоуларын қазақшалап жарысып кетті. Халықтың санасы уланып, жастардың тәрбиесіне кері әсері болады екен деп жатқан ешқайсысы жоқ. Біз көрсетпесек, аналар көрсетіп қояды, рейтингтен ұтыламыз деп, анайы, қазақ қоғамына жат тақырыптарды жарыса көрсете бастады.

Заңдастырылған, ережесіз төбелестер гладиаторлар шайқасынан тек «өлім!» деп басбармақтарын төмен бұратыны жоқ демесең, соққыдан жүріп кетіп жатқандары да бар. Өнер, салт-дәстүр, білім мен мәдениет, әдеп пен иман тақырыптары «қызықсыз» болғандықтан, нәпсінің жетегіндегі көрерменді қамшылап, алтыннан ардақты, қалыңмалы ірі қараның тоғызынан бастап, тоқсан тоғызы болатын қазақтың биязы қыздарын, «сенімен жұп болсам, мені аласың ба?» деп телміртіп қойды. Бағасы бес тиын болып қалған қызға енді кім көз салмайды, етегіне жармасқанды теуіп тастап, кете беретін ессіздерді көбейтіп, әр тұрмыс құрған жас отбасылардың жартысы ажырасып, жетімектерді жетімдер үйіне толтырылуына жағдай жасап отырған жоқ па екен, осы көрермен қуғыштар?

«Қалаулым», «Бір болайық». Телеарна уақытын сағаттап алып, аты әдемі, заты елді рухани бұзып отырған бағдарламаларды жаба алмайды екенбіз. Сонда, елді бұзып біткенше қарап отыруымыз керек пе екен?

Сол сияқты, ақиқаттың астарын айтамыз деп, елдің төсегіне майшаммен кіріп алып, қоғамда айтыла бермейтін анайы қылықтарды майын тамызып тұрып, рахаттанып тамылжытатын бағдарламалардың миллиондаған көрермені болып отыр. Осылайша, педофилия, суицид, қылмыс пен нашақорлық жасарып кетті деп бас шайқап қойып, ары қарай жалғастыра береміз бе?

Прайм-тайм уақыттарын, сенбі мен жексенбінің алтын мезеттерін «Қазақстан дауысы» сияқты әншікештерін сағаттап шиқылдатып қойғанынан елдің рухани тәрбиесіне не пайдасы бар? Алдыңғы буындағы «Танымал әншілер», пандемияда көк тиын санап, лотерея ойнатып, Димаштан кейін үндері үңгірден шығып, желдері шығып қалғаны аз ба екен. Айта берсең түңіле бересің.

«Kөremiz» бағдарламасы, елді елеңдететін қиянат пен азғындыққа тап болған, барар жер мен басар тауы қалмаған бейкүнәларға жанашыр болып, не астамшы болып кеткен бассыздықты әшкерелеуге тырысып отыр. Бірақ, түбі «Овертон теориясы» мен «Сынған терезелер теориясына» сай келіп қалмайды ма екен деген ой бар менде.

Әсіресе, ерекше мән беретін Овертонның зерттеулерін қазақшалап, қарапайым тілмен айтсақ: кез келген консервативтік (консерві – жабық) қоғамды рухани азғындауға болады екен. Басты қағида – қоғамға оғаш көріністерді біртіндеп, асықпай көрсете беру. Көре-көре көз үйреніп, қоғамдағы небір оғаш және анайы дүниелерге ет үйреніп, сана көніп қалатын көрінеді. Өткен ғасырдың соңы, Кеңестік билік құлдырағанда, байқасаңыздар, елге экономикалық дағдарыспен қатар, батыстың «мәдени революциясы» қатар келді. Ең бірінші құлаған қамал – цензура (ақпарат, кино мен өнердегі қадағалау) болды. Анайы видеолар, видеосалондар, «эротика» деп жарнамаларды пайда көздеген теларналарға толтырып жіберді.

Көшпенділіктен бірден коммунизмге өтпек болып, ұлттық буржуазия қалыптаспаған қазақ қоғамы, капиталистік қоғамдық-экономикалық, нарықтық қатынасқа аттап өтіп, ұлттық құндылықтарынан, салт-дәстүрінен ажырай бастады. Рухани тежегіш ролін атақаратын дін құндылықтары мен отбасы құндылықтарын артта қалған орта ғасыр деп жарапазандаған ақпарат құралдары, елдің ниетін мақтанымпаздыққа, пайдасы шамалы әншілер мен тойсүйер қауым деп масаттандырды. Отансүйгіштік, сыйластық, бауырмашылдық пен мейірімділікке тәрбиелейтін рухани бағдарламалар шектеліп, қантөгіс, қиянат, зорлық, жыныстық қатынас тақырыптары тәрізді, қоғамды іштей аздыратын ток-шоулар ақпарат құралдарын басып кетті.

«Тыйым салынған жеміс тәтті» дегендей, бұрын цензура өткізе қоймайтын тақырыптар, рейтингті көтеру мақсатында кез келгенін қоғамға шығарып, рухани азғындауға апарып тұрғанымен көп санаспайтын халдеміз. Үлкені мен жасы нәпсінің жетегінде отырғандықтан, бұндай хабарлар сұраныста.

«Сынған терезелер теориясын» қазіргі қоғамға сәйкес талдайтын болсақ, мысалы, аты айтып тұрғандай, бір ғимараттың терезелері сынып тұрса, өтіп бара жатқан адам, керегі бар ма, жоқ па, тағы бір терезеге тас лақтырып, сындырып кетуге құмартып тұрады екен.

Бір заманда, қылмыс жайлап кеткен Нью-Йоркте, қала басшысы, метро мен басқа көліктердің қабырғаларына жазылған боғауыз жазбаларды күніге тазартып, боятып, ертеңгі ауысымға жаңартып шығарады екен. Сөйтіп, қала бойынша, қылмыс отыз пайызға қысқарыпты. Яғни, қоқыс пен лас көшеде не ғимаратта келе жатсаң, қалтаңдағы қоқысты тастағың келіп тұрады. Ал қазіргі мұнтаздай жарқыраған супермаркеттер мен сауда ойын-сауық орталықтарында, бір ши түсіріп алсаң, жедел көтеріп, қоқыс жәшігіне апарсың. Яғни, қоғам да сондай. Неғұрлым қылмысын, былығы мен төсегіне үңіле берсең, адам санасы түңіліп, өзінің де жиіркеніші мен былғанышын шығара бастайды.

Олай болса, бүгінгі дүниеге қызығып, ертеңімізге балта шаппай, рухани нәр беріп, сусындататын, рухани күш беретін бағдарламаларға ауысуымыз керек шығар. Отанды сүю, ата-ананы құрметтеу, халқымыздың рухани бай мұрасын дәріптеу, арамыздағы ізгілік пен мейірімділік, қайырымдылық пен қарапайымдылықтың, батылдық пен қаһармандылықтың үлгісі болған жандар мен жағдайлар туралы ток-шоуларды неліктен жасамасқа.

«Үш жүз спартандық керек емес, біреуі де жетерлік» деп дүниеге әйгілі болған қарапайым қазақ батыр бауырымыз Тасболат Ибрашевті елге шақырып, неге ток-шоу жасамасқа. Сол Ресейде граната лақтырған сарбазы мен қалған жауынгерлерін қорғаймын деп, денесін жарылысқа тосқан, Ресей Федерациясының Батыры полковник Сұлтан Габиев пен сондай ерлікке барған полковник Қайрат Үмбетовтерді шақыруға болады ғой. Қылмыскерді қуып мерт болған капитан Ғазиз Байтасовтың ерлігі. Тіпті, осы жазда фонтандағы суға түсіп, ток соғып тұрған екі кішкене қызды ойланбастан секіріп барып құтқарған жас ер бала туралы да хабар жасауға болар еді.

Кеуделерін мақтанға керетіндерден, батыры мен астындағы атын мінгізіп жіберіп, жүгенін ұстап қала беретін ерлері мен жанашыры мол халықпыз, үлгі тұтарлықтай тұлғалар жетерлік. Тек қана, осы жақсылыққа шақыру дейміз бе, елдің ертеңіне алаңдайтын азаматтар ойланып, амал жасаса екен деймін.

Мирхат МАДИЯРОВ

0 пікір