Құранда ешқашан ешбір ұлттың өз салтына тиым салынбаған
Құранда  ешқашан ешбір ұлттың  өз салтына тиым салынбаған
27.05.2019 15:42
282
0

Құран КәрімдеАлла Тағала ешқашанда ешбір ұлттың өз салтына тиым салмаған, тек адам болуды және Алланы ұмытпауды, өзіне құлшылық жасауды ғана талап еткен.

Өйткені Алла Тағала тек рухани тазалықты ғана бағалайды және іс әрекеттің өзін емес, оған арқау болған ниетті негіз етеді.

Құран Кәрімнің Хұжрат сүресінде: «Бір-біріңді танып, ажырата білулерің үшін сендерді әртүрлі ұлтқа, тайпа-тайпаға бөлдік»,-деп жазылған. Құран Кәрімдегі аятты және тіл төңірегіндегі сан-салалы, құпиялы, тарихи толғамдарды ой елегінен өткізген ойлы адам тілдердің әрқилылығы, түріміздің, дініміздің басқа-басқа болуының бәрі Жаратушының хикметінен екен деген қорытындыға келері хақ.  

Тіл, дін, дәстүр үштігінің бірлігін берік қалыптастырған рухани күшті тұлғалардан құралған ұлт қана жаһандану тасқынындағы түрлі толқындарға қарсы тұра  алмақ. Қазіргі қазақ қоғамына әр дербес ұлттың жаны мен қаны бөлектігі Алла Тағаладан екенін түсінетін, Асан қайғыдай, Бұқардай, Абайдай, Алаш қайраткерлеріндей туған халқына жан жүрегімен құлдық ұратын, ұлттық рухы зор ұрпақ тәрбиелеу бүгінгі біздің буынға парыз.

Ұлттық әдет-ғұрпыңа, ата салтына айналып кеткен дәстүрлерді діни сенімге нұқсан келтіреді деп қаралау дін мен ұлттық мәдениетімізді бір-біріне қарама-қайшы қоюға әкеліп соқтырады. Ал оның әртүрлі зардаптарға ұрындыруы мүмкін.

Мұсылмандық ата-бабамыздан бері шариғатқа сай қалыптасқан  ұлттық дәстүрімізге нұқсан келтірмеуге тиіс. Не болса соны «мұсылман дінінде олай емес» дегенді айтып, ата салтымыздан, ұлттық ғұрып, ұлттық ерекшеліктерімізден бас тарта берсек, ежелден қалыптасқан өзіндік салт-дәстүрден ештеңесі де жоқ, кеше ғана пайда болған халық сияқтанып қаламыз ғой. Кез келген ұлттың жүріп өткен жолы мен ұзақ-сонар тарихы болады. Содан әр ел өмірлік сабақ алып, болашағына болжам жасайды.

Ұлыстың ұлы күнін тойлау да, жеті атаға дейін қыз алыспау да,  тәбәрік тарату,  ата-бабалар мазарына зиярат жасау секілді ғұрыптар әрине,  мұсылман дінінде  нақтылап айтсақ  араб халқында жоқ.  Сонда бұлар арабтарда жоқ екен деп біз бас тартуымыз керек пе?  Әлде, жеті атадан бері қыз алысып-беріспейтін дәстүрімізді тәрк етіп, арабтарға ұқсап ағасының ұлы інісінің қызын ала берсін деп қарап отыра беруіміз керек пе?! Ендеше біздің дәстүр-салтымыздың  бәрі мұсылман дінінен ауытқулық  немесе қарсылық емес, ежелден қалыптасқан әдет-ғұрып. Сол әдет-ғұрыптың бәрі де мұсылман дінімен ымыраласа жүріп жатқанын, яғни Құран оқу арқылы жүзеге асып жатқанын көріп-біліп жүрміз емес пе!

 Құран КәрімдеАлла Тағала ешқашанда ешбір ұлттың өз салтына тиым салмаған, тек адам болуды және Алланы ұмытпауды, өзіне құлшылық жасауды ғана талап еткен.

Өйткені Алла Тағала тек рухани тазалықты ғана бағалайды және іс әрекеттің өзін емес, оған арқау болған ниетті негіз етеді.

Қазақ аруақты сыйлайды. Ал аруақ кім?- Ол кеше өмірде болған адам. Ендеше оларға құрмет қыла білмеген, тіпті айналасындағыларға жақсылық жасай алмаған адам қалай ғана Алланы қадірлей аламын деп  айта алады. Ал аруақты сыйлау, оған табыну емес, өйткені біз буддистер секілді ойламайтынымыз белгілі ғой. Адам бұл өмірде құдаймен байланыс жасай алмайды, (періште емес) ол тек адамдармен ғана байланыс жасайды. Адамды (мейлі өлген, мейлі тірі) сыйламаған адам Құдайды да сыйлап жарытпайды ғой.

         Халықтың ғасырлар бойы қалыптасып келген салт-дәстүріне  соқтығуы, діннің өзінен емес, қайдағы бір секталардың сойылын соғушылардан  болады. Исламның атын жамылған секталар көп! Осынау секталардың  ешқайсысы дұрыс емес екені айтылып, жазылуда. Әйтпесе 1000 жыл бойы әрі мұсылман, әрі түрік-қазақ болып келген біздің ұлтымыз қалай ғана 2000-жылдан былай қарай өзінің осыған дейінгі ұлттық дәстүрінен безуі, тек арабтар қалай істесе соны қайталауы керек болды екен?-деген сауалды біз оларға қоя білуіміз керек.

Ағым, секталардың сойылын соғушылар мен дүмшелер  хақ Исламды қатырып, семдіріп, үрейлі, қорқынышты, қатал дінге айналдырып, адамдар жүрегіндегі Исламның беделін түсіреді. Ұлттық салттарға, жеке адамның талғамына, адамдық өмір жолдарына, рухани дербестігіне қарсы қағидаларды тап бір өздері  пайғамбар дәрежесінде отырғандай болып теріс түсініктемелер мен пәтуалар айтып адамдарды үрейге бөлейді, алаңдатады.

 Олар ізгілік туралы айта тұрып, ізгі салттар мен сезімдерді қаралайды. Құдайдың биіктігі мен құдіреттілігі туралы айта отырып, сол Құдайдың не істейтінін өздерінше кесіп-пішіп, сәуегейлік айтпақ болады. Тек мен сенетін секталық таным ғана дұп-дұрыс, ал басқалар, яғни аруаққа арнап дұға оқушылар мен мал шалып, туыс-туғандарды жинап жетісін, нәзірін, қырқын, жылдығын беру салттарын орныдап жүргендер кәпір деп  қасарысады.

Құдайдың оларды кәпір деп ойлар ойламасы жөніндегі сәуегейлікті кім берді. Олардың бұл құқығы Құранның талаптарынан асып кеткен жоқ па!   

Мұсылман болу үшін тек мұсылмандық сауат болуы жеткіліксіз. Ұлттық (қазақтық) ар болуы керек. мұсылмандықты қазақы салттармен орындаймыз және  ұлттық дәстүр ерекшеліктерімізді де қастерлейміз. Онсыз біз мұсылман болып жарытпаймыз және мұсылман боламыз деп артық тыраштанудың өзі бізді о дүниеде жаннатқа апаруына кепілдік жоқ екені айқын. Ал бұл дүниеде өзіңнің асылдарыңды түгелдей қаралап,  өзгелердің қаңсығына өмешегін үзу қазақ ұлтын  азғындатып, тозғындатып, тамырынан айрылған қарағайдай қуратуы да мүмкін екендігін ешқашан естен шығармауымыз керек.

 

Әділ РАЙЫМБЕК

Шарбақты ауданының бас имамы

 

0 пікір