Құдайдан қорық дегені...
Құдайдан қорық дегені...
14.11.2018 13:16
785
0

 

"Адамды Құдаймен қорқыту – нағыз ақымақтық. Құдай өзі жаратқан адамды өзі қорқыта ма екен?" деп жазған Аманкелдіге жауабымыз

Атам қазақ: "Құдайдан қорықпағаннан қорық!" дейді. Ондағысы ардан безген адам дегені. Ар деп сақтардың кезінде жауға қарсы тұру үшін қазылған орға айтылған. Сол орды тастап қашқандарды "арсыз" деп атаған. Ендеше Құдайдан қорықпаған адам ешкімнен қорықпайды. Ата анасынан, достарынан, жарынан, елінен ешкімнен де қорықпайды. Қорықпай ата-анасын қарттар үйіне тастайды, баласын алдыртып тастайды, әйелін балаларымен көз жасына қарамай ажырасып басқа бір шүйке баспен кете барады. Елін сатады, жерін сатады қысқасы ұяты кеткен соң бәрін де сатады. Ал атам қазақтың "Құдайдан қорық" деп Құдаймен қорқытқаны "жаман болма, биікпен деме, сенен үлкен Құдай бар, тәубеңе кел" дегені. Әрі Құдайдан қорық дегені Құдайды қаһарынан қорық деп сол Құдайдың рақымына, мейірімі шапағатына шақырғаны. Ана тәртіпсіз баласын шапалақпен тартып жіберсе анасынан қорыққан бала тағы сол анасының құшағына тығылады. Анасының шапалағынан анасының мейірімін паналайды. Ендеше бұл да сол. Болмаса Құдайдың тек қаһары бар мейірімі жоқ дегені емес. Қайта сол мейрімінен үміт еттіруі. Иә, өмірде Құдайын ұмытқандар, Құдайдан қорықпағандар бар бірақ солар Құдайдан қорықпаса да өлімнен қорқып тұрады. Ұшқан ұшағының бір маторы істемей өлімге қарай құлай бастаса сол қорқынышы оған Құдайға деген жақындығын оятады. Иә, Құдайдың мейірімі қаһарынан басым болмаса құдайсыздар баяғыда құрдымға құлайтын еді. Талай құдайсыздар болған бірақ бір күні есін жиып сол Құдайға қолын жайған. Е атам қазақ "Құдайсыз қурай сынбайды" деп қалай жақсы айтқан.

 

Мұхиддин Исаұлы
Фейсбуктегі парақшасынан


0 пікір