Қазақ жігіттерінің кей қылығын қыз көзімен қарасақ!..
Қазақ жігіттерінің кей қылығын қыз көзімен қарасақ!..
05.04.2019 11:34
428
0

Кеш батып кетті. Такси ұстадым. Кәріс жігіт екен. Қанша деп сұрамады. Қайда деп сұрады. Айттым. Отыр деді. Отырдым. Үйге жетер кезде бұрылыстан тастап кет, қанша сұрайсың дедім. Ол жоқ, қараңғыда ұят болар, есігіңе дейін апарып тастайын деді, өзің қанша берсең сонша бер деді. Студенттік кезден жаттанды боп қалған бір 500 бар, соны айттым, азсынса қосармын деген ойым ғой. Ол мақұл деді. Негізі ол аралыққа эко таксиің кем дегенде 2000 дер еді. 

Тағы бір жолы кештетіп үйге жете алмай, такси тоқтаттым. Екі шешен жігіт тоқтады. Баратын жерімді айттым, отыр деді. Ішімнен ойлап қоям, мыналар зіңгіттей екі жігіт, үйге жетем бе бүгін, жетпеймін бе деп. Жеттім. Тағы солай бұрылыстан тоқтай сал дедім. Олар да үйіңе шейін жеткізіп салайық деді. Қанша дегенге өзің біл деді. 

Қазақтың жігіттері тоқтаса, алдымен бағасына келісіп алам. Олармен қиын жағдай. Олар саудаласады. Екіншіден баратын жердің үлкен жолдан шалғай екендігін білмесе, жеткенше жылайды. Үстіне қос дейді. Мен еркектермен саудаласпаймын. Айтқанын төлеп кетем. Менің сыртымнан бөтен адамның қарғап сілегенін ұнатпаймын. Разы боп кетсін деймін. Жолда жүрген адам ғой. 

Бірақ неге осындай айырмашылық бар? Білмеймін. Алдыңғы екі таксистің ішкі мәдениеті басқалау, әйелге, анаға деген құрметі бөлектеу ме?... Әкелері жақсы тәрбие берсе керек. 

Мүмкін ұлтқа бөлген дұрыс емес шығар. Мүмкін, қазақтардың жағдайы олардікінен әлдеқайда төмен шығар. Мүмкін, көлігі нашар шығар. Мүмкін, ақшаға зәру шығар. Мүмкін ғой... Бәрі мүмкін. Бірақ, есіктің көзіне дейін жеткізіп салайын деген қазақты көрмедім. Такси түгіл, жүріп жүрген қыздарын подъезге дейін шығарып салуды білмейтін қазақтар көп... Мен кейде жас қыздардан сұраймын, подъезге дейін шығарып салды ма деп. Иә, десе, онда ол жақсы жігіт болды ғой деймін. Өзінің азаматтығын сезініп, ұйықтатып, өлтіріп алмаған адамдарға қалай риза болмайсың. Әйтпесе, кей жігіттердің жігіттігі көлік мінгеннен, біреуінікі креслоға отырғаннан таусылып қалады. Бітпесінші сол құрмет.

 

 Шынар Әбілдә

 

0 пікір