ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ НЕНІ ҚАСИЕТТІ ДЕП САНАЙДЫ?
ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ НЕНІ ҚАСИЕТТІ ДЕП САНАЙДЫ?
13.12.2019 11:38
675
0

Аттан құласа да, салттан құламаған қазақ халқы қашанда ата-бабаларының әдеп-ғұрпын, салт-дәстүрін ұстанып келеді. Бүгін біз сіздердің назарларыңызға халқымыз қасиетті санаған ұғымдарды ұсынамыз. Олар төмендегідей:

Атамекен, туған жер – әркімнің ата-бабасы, өзі туып-өскен жер. Туған жер, өскен елді құрметтеу, оған барып тұру – азаматтық міндет. Алтын бесік деп әспеттеп айтатын жеріне келген баладан бастап ересек адамдарды туған жеріне аунатып алатын қазақтың ырымы бар. Бұл бала отаншыл болсын, үлкендердің ауру-сырқауы, шер-шемені кетсін деген ұғымнан туған.

Қара шаңырақ – ата-бабадан қалған үй. Атадан балаға қалып келе жатқан киіз үй (қыстау) қасиетті орын есебінде сақталған. Мұндай үйді күтіп, таза сақтайды.

Киелі орындар – әулиелердің, батырлар мен би, шешендердің, атақты адамдардың мекенжайлары, қабірі, мешіті. Мұндай орындарға халық әдейі барып, зиярат етеді, түнейді, тілек тілейді.

Ананың ақ сүті – адам баласы үшін қадір-қасиеті ерекше ұғым. Ананың ақ сүтін ақтау – өте үлкен парыз. Аналардың «Ақ сүтім ақталды» деп марқаюы – балаларына ризалықтың белгісі. Ананы риза ету – алланы риза ету деген сөз.

Құран Кәрім – Мұхаммед Пайғамбарымызға түскен қасиетті кітап. Сол сияқты хадистер мен діни шариғат жинақтары да киелі кітаптар саналады. Діни кітаптар таза қолмен ұсталып, таза жерге сақталады.

Дастарқан – тағам, дәм байлығы мен берекесінің бейнесі, символы. Жомарттар мен мырзалардың, қолы берекелі әйелдердің аттары осы кең дастарқанымен шыққан. Дастарқанды аттамайды, дастарқан үстінде әдепсіз сөз айтылмайды.

Қара қазан – тоқтық пен мырзалықтың айғағы, сонымен бірге ол мол ас пен адалдық қазынасының бірлігі ретінде қастерленеді.

Ошақ – қазан-ошақ деп қосарлана айтылатын киелі де иелі заттың бірі. «Ошақтың үш бұтынан бер» деген қазағымызда ізгі ақ тілек бар.

От орны – киіз үйдің ортасында ошақ құралып, қазан асылып, от жағылатын орын. От орнын аттамайды.

Төр – әр үйдің қонақ отыратын жоғары әрі қасиетті орны. Үйге келген адамға «Төрге шығыңыз» деген ілтипат пен ақ ниет осыдан шыққан.

Батырлардың қару-жарағы – нағыз киелі заттар. Қаһармандар Қабанбай, Бөгенбай, Кенесары, Ағыбай сынды ерлердің қылыш, найзасы, сауытты мен дулығасы, ер-тұрманы, садақ, шоқпарлары – ғасырдан-ғасырға қастерленіп сақталатын мәңгілік мұра.

Аңшы, шеберлер құралдары – мергеннің мылтығы, аңшының қақпаны, үйшінің үскісі, ұстаның балғасы, етікшінің бізі де қасиетті мүлік есебінде сақталады. Ол ешкімге берілмейді, сатылмайды, оны жоғалтпай ұстайды.

Ұлылардың қаламы – сирек кездесетін бағалы мұра ретінде мұражайда, әр үйде сақталады.

Ұстаның көрік үйі. Халық ұғымында: «Сақтайтын иесі, соғатын киесі бар»аа – деседі. Сондықтан оған жай адамдар, әйелдер кіре бермейді.

Жылқышының қара қосы – береке үйі деп, халық оны жоғары бағалайды. Қыста қара қоста әрқашан жылқының семіз еті мен майлы сорпасы, құрт көже үзілмейді. Мұнда келгендер тойып аттанады. Сондықтан жылқышының қара қосында қонақтар да көп болады.

Ертеден қалған ескерткіштер – ежелгі қала орны, ата-баба жұрты, ескі қорымдар. Ондай жерге жай адамдар көп бара бермейді. Мұндай орындар барлық мемлекеттерде қамқорлыққа алынған.

Бұлақ – тазалық пен нәр көзі есебінде қасиетті деп қаралған. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген қағида оның жоғары бағасын білдіреді.

Өнер иелерінің мүлкі – әншілер мен сазгерлердің, ақындар мен жазушылардың, қобызшылар мен домбырашылардың саз аспаптары, киімдері мен тұтынған заттары. Халық оларды ерекше мүлік ретінде қастерлеп ұстап, сақтап келген.

Бақан – шаңырақ көтеретін киіз үй мүлкі. «Бақанды аттама» деген тыйым оның өзіндік қасиетті дүние екенін білдіреді.

Мал басы(төл басы) – әр үйде малдың басы, құты деп саналатын киелі мал. Олар: үйірін ит-құсқа бермейтін айғыр, соңынан төл ерткен мама бие, қой бастайтын серке. Қазақ мұндай мал басын саптайды, айырбастамайды.

 

 massaget.kz

 

 

0 пікір