ӨЗІҢДІ ЖӘНЕ ДОСЫҢДЫ ТАП!
ӨЗІҢДІ ЖӘНЕ ДОСЫҢДЫ ТАП!
08.04.2021 09:14
139
0

 Өз-өзін тапқан адам ғана өзге адамның пікіріне бағынышты болудан арылады.  Өзіңді өзің танығаның – парсаттылықтың белгісі. Өзін білмеу және білгісі келмеу – сауатсыздық болар еді. Адамдарды білгің келмеу – жауапсыздыққа тең. Жұрттың теріс пікіріне құлақ аспай, өзгелердің көзқарасымен емес, жүрек түкпіріндегі ізгі нәрсені жасай білген адам – бақытты!

«Ойға түстім, толғандым,

 Өз мінімді қолға алдым.

 Мінезіме көз салдым,

 Тексеруге ойландым»,- дейді хәкім Абай.

Адамның өз «Менін» сезіне бастауын Абай атамыздың тілімен айтқанда, кісінің өзіне-өзі ұдайы есеп беруінен, өзін-өзі аңғара, байқай алу қабілетінен көрінеді. Жіп нәзік және мықты емес. Тоқылатын кілеміміздің негізін мықты қылып тоқу біздің қолымызда, яғни Адам – өз өмірінің суретшісі, барлығы өз қолыңда. Өзіңді жоғалтып алмас үшін, алдыңа айқын мақсат қойып, қоршаған ортадан тек жақсы мінез-құлық, тәрбиені, адамгершілікті үйренуге өзіңді дағдыландырып үйрен. 

 Жаныңыздағы досыңыз өзіңізден де жақсырақ болсын. Жақсы дос сізге өзінің адамгершілік қасиетін де, адал достығын да қатар ұсына алады. Өзінің бойында жақсы қасиеттерді қалыптастырғысы келген адам, ең алдымен, досының кім екенін ойлануы керек. Өйткені, аралас-құралас болып жүрген жолдастарыңыздың сіздің мінезіңізге де, әдебіңізге де, өмірге деген көзқарасыңызға да әсері тимей қоймайды.  Осыны ұғындырғысы келген ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзінің бір асыл сөзінде жақсы дос пен жаман достың айырмашылығын мынадай мысалмен баяндап береді:

«Жаман жолдас пен жақсы жолдастың (айырмашылығының) мысалы әтір сатушы саудагер мен от үрлеуші ұста сияқты. Әтір сатушы саған сыйлық жасауы мүмкін, не сен одан бір нәрсе сатып аласың, тым құрығанда одан шыққан хош иісті сезесің. Ал от үрлеуші ұста сенің киіміңді күйдіреді, күйдірмесе де, одан шыққан жағымсыз иісті сезесің» (Бухари, Муслим) деді. 

 

 

 

 

 

 

0 пікір