ОТАНДЫ СҮЮ – ИМАННАН
ОТАНДЫ СҮЮ – ИМАННАН
26.07.2019 10:49
191
0

 Соңғы кездері түрлі секталар мен ислам дінін жамылған теріс ағымдағы діндер көбейіп кеткендігі баршаға аян. Сол ағымдардың арбауына түсіп, өзге діннің құрбанына айналып, отбасынан айырылып жатқандар қаншама. Мәселен, ресми деректерге сүйенетін болсақ, теріс ағым құрығындағылардың басым көпшілігі 18-30 жастағылар екен.

Осындай идеологияның ықпалына түскен діни сауаты жоқ жастар өз еліне қарсы көзқарасты ұстанып, «нағыз ислам» мемлекетінде тұруды көздеп елден кетуге шешім қабылдайды. Алайда, елімізде отбасын тастап, туған жерден безетіндей ешқандай жағдай туындап отырмағаны белгілі. Дінді ұстануға да, діннің насихатталуына да елде барлық жағдай жасалған дей аламыз. Бұл жағдайларды бағаламай шекара асып жатқандар- жалған жарнамаға елітіп, жаңылған, сауатсыз жандар.

Ал, оларды жылы ұясынан бездіруге үндеп отырғандар халықтың арасына іріткі салып, мемлекеттің тыныштығы мен ынтымағын бұзуды көздеушілер, елді бөлшектеп, жерімізге көз сүзушілер. Ал, шынайы ислам дінінде Отанға деген, отансүйгіштік, патриоттық сезімге деген көзқарас қандай? Бұл ұғымдардың мәні қалай түсіндіріледі?

Ислам дінінде Отанды, туған жерді қорғау ең қасиетті борыштардың бірі болып саналып, оны қорғау жолында қайтыс болғандар шәйіттердің қатарынан саналатындығы бұл ұғымның қаншалықты маңызды екенін көрсетіп тұрса керек. Сонымен қатар, Отан қорғаудың маңыздылығын көрсететін мынадай тағылымды хадис те бар: «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі Отанды қорғап шекара күзеткен көз». Осының өзі басқа жерді өзінің туған жерінен артық санап, «жұмақ өмірді» аңсап, Отанынан безінудің қисынсыздығын көрсетуге жетерліктей.

Қорыта айтқанда, жат ниетті ағымдардың негізгі мақсаттарының елдің қамын ойлап, жастарға тура жолды көрсету емес, керісінше мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне зиян тигізу екені айдан анық. Сол мақсатта, яғни елді тоқырату жолында олар жастарды көптеп пайдаланатындығы белгілі. Өйткені, елдің ертеңі білімді жастардың қолында. Бүгін жастарды арбап, білімнен, руханияттан айрыып, өз мақсаттарына қолдана алса, мәңгүртке айналған адамды өз мүдделеріне қолдану қиын шаруа емес. Сол себептен олар жастардың білім алуына, ғылыммен шұғылдануына қарсы бағытта қарқынды жұмыс жүргізеді.

Сондықтан да жастарды әр түрлі жат ағымдардың жетегінде кетуден сақтандыру үшін оларды жастайынан өзінің асыл дінін, төл тарихын, ұлттық құндылықтарын сіңіріп өсуіне баса мән беру өте маңызды. Өскелең ұрпақты ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы ұстанып келген имандылық жолына, туған жері мен салт-дәстүрін, тілі мен мәдениетін берік ұстануға тәрбиелеу арқылы елдің тұтастығы мен ынтымағына қол сұғуды көздеген теріс пиғылды ағымдардың ықпалынан сақтандыруға күш салғанымыз жөн. Оларды отансүйгіштікке, патриоттыққа, адамгершілік қасиеттерге баулып, жалған құндылықтардан аулақ болуға тәрбиелеуіміз қажет. Ата-бабаларымыз да территориялық тұтастығымыз пен руханиятымызды қорғау жолында қаншама тер төгіп, ерен еңбектер атқарды. Атамекенін жатқа таптатпаған жауынгер қазақ халқының ұрпақтары енді осы найзаның ұшы, білектің күшімен келген туған жердің, тәуелсіздіктің қадірін жете түсінуге міндетті. Талайлар аңсап өткен тәуелсіздіктің туын жықпай, елдің мәңгілік елге айналуына үлес қосу – бүгінгі буынның перзенттік парызы.

Осы тұрғыда айтылған Елбасы Н.Назарбаевтың «Бұл дүниеде біздің Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан. Бұл туған мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне, халықаралық қоғамдастықта абыройының өсуіне адал қызмет етуге парыздармыз. Ол үшін әрбір азамат еліміздің тұтастығын, жеріміздің бүтіндігін, халықтарымыздың жарастығын аман сақтай білу қаншалықты үлкен тарихи жауапкершілік екенін жақсы жан – тәнімен сезіну керек»- деген тағылымды сөзі жоғарыда айтылғандарды нақтылай түседі.

Арман НАЙМА

«Мәшһүр Жүсіп» мешітінің наиб имамы

 

0 пікір